Бағалы қағаздарға инвестициялар: жаңадан бастаған инвесторларға кеңестер

time 13.02.2020

120 мыңнан астам қазақстандық жеке инвестор болып табылады. Олар бағалы қағаздарды сатып алады және мұндай салымдарды банк салымына балама ғана емес, ұзақ мерзімді тиімді инвестиция деп санайды.

Рас, олардың кез келгені: жүрмеген жердің ой-шұңқыры көп – мұнда білікті көмекші, сенімді кеңесші қажет деп айтады. Алдымен адамның тек бірінші қадам жасауы – инвестор болу туралы шешім қабылдауы керек.

Fingramota.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігінің Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Еділ Медеуден жаңадан бастаған инвесторларға неге көңіл бөлу керектігін айтып беруін өтінді.

Бағалы қағаздар қайда «сатылады»? Бағалы қағаздарға инвестициялау мақсатында жеке инвестор қандай қаржы делдалдарының қызметтерін пайдалана алады?

Бағалы қағаздармен мәмілелер ұйымдастырылған (биржалық) және ұйымдастырылмаған нарықта жасалуы мүмкін.

Бұл ретте ұйымдастырылмаған нарықта мәмілелер бағалы қағаздарды сатып алушы мен сатушы арасында тікелей уағдаластық бойынша жасалуы мүмкін. Алайда, бағалы қағаздармен жасалатын барлық мәмілелер Орталық депозитарийде тіркелуі тиіс екенін білу маңызды және осы мақсат үшін инвестор Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде дербес шот ашуы қажет.

Биржалық нарықтағы бағалы қағаздармен мәмілелер тиісті биржалық алаңда сауда-саттыққа жіберілген брокерлер арқылы жасалады. Қазақстан Республикасының аумағында бағалы қағаздарды «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) биржалық алаңынан басқа, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасынан сатып алуға болады. Бұл жағдайда инвестор осы қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар брокермен алдын ала шарт жасауы қажет.

Сондай-ақ, өз ақшаңызды онымен инвестициялық портфельді сенімгерлік басқару туралы шарт жасаса отырып, басқарушы компанияның бағалы қағаздарына инвестициялауға сеніп тапсыруға болады. Бұл ретте компанияның тиісті лицензиясының бар екеніне көз жеткізу керек.

Тағы бір нұсқасы – инвестициялық портфельді басқарушылар басқаратын инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын сатып алу. 

Қаржы делдалын қалай табуға болады?

Бүгінгі таңда Қазақстанда 39 лицензияланған брокер, оның ішінде 19 екінші деңгейдегі банк және 20 басқарушы компания жұмыс істейді. Бұл ретте аталған ұйымдардың 18-і брокерлік қызметті инвестициялық портфельді басқару қызметімен қоса атқарып отыр.

Брокерлер мен басқарушы компаниялардың тізімі ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында www.finreg.kz «Бағалы қағаздар нарығы» бөлімінде орналастырылған. 

Нағыз брокерді алаяқтан қалай ажыратуға болады?

Қазақстан Республикасының қор нарығында уәкілетті органның тиісті лицензиясы бар ұйымдар ғана брокерлік қызмет көрсетуге құқылы.

Брокерде брокерлік қызметті жүзеге асыруға жарамды лицензиясының болуы туралы ақпарат оның интернет-ресурсында орналастырылуы керек.

Сондай-ақ, брокер лицензиясының түпнұсқалығын қаржы реттеушісінің www.finreg.kz сайтында «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінде тексеруге болады. Қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында көрсетілген брокердің барлық деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелерге сәйкес келуі керек.

Брокермен шарт жасасамыз. Неге назар аудару қажет?

Клиенттің брокермен ынтымақтастығы олардың арасында жасалған жазбаша шарттан басталады. Шартта: брокер мен клиенттің құқықтары мен міндеттері, брокердің көрсеткен қызметі үшін комиссия төлемінің мөлшері мен тәртібі, брокерге клиент тапсырыстарын ұсыну тәсілдері, брокердің клиент алдындағы есептілігінің кезеңділігі, шарттың қолданылуын тоқтату негіздері мен брокерлік шарттың қолданылуы тоқтатылған кезде тараптардың іс-қимылының тәртібі көрсетіледі. Клиент бұл құжатқа қол қоймас бұрын оны мұқият оқып, зерделеуі тиіс, себебі бұл инвестициялардың сақталу факторларының бірі болып табылады.

Сондай-ақ, шарт жасасқан кезде брокер клиентті брокерлік қызметті жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін ішкі құжаттармен таныстыруы тиіс.  

Сонымен бірге, қор нарығында инвестициялар көптеген, оның ішінде, нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен қатар жүреді. Сол себепті, брокер клиентке инвестициялар бойынша инвестициялық кіріс алатынына және (немесе) шығындардың болмауына кепілдік бере алмайды және де бермеуі тиіс. 

Ақшаны брокерге қалай беруге болады?

Инвестициялауға арналған ақшаны брокердің банктік шотына есепке аудару қажет, оның деректемелері брокерлік шартта көрсетіледі.

Брокерлерге ақшаны инвесторлардан қол-қол ақша түрінде алу құқығы берілмеген. 

Брокерге қандай іс-әрекеттер жасауға тыйым салынған?

Бағалы қағаздармен мәмілелер жасасқан кезде брокер клиенттің тапсырысына сәйкес іс-әрекет жасауы және оны орындау үшін барлық күш-жігерін салу тиіс.

Брокерге клиенттің активтерімен операцияларды клиенттің тиісті тапсырмасы болмаған жағдайда жүзеге асыруға, оның ішінде клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын оған клиенттің жазбаша рұқсатынсыз өз мүддесіне немесе үшінші тұлғалардың мүддесіне пайдалануға тыйым салынады.

Барлық қағаздарды сенімгерлік басқаруға беруге бола ма?

Жоғарыда айтылғандай, инвестор өзінің инвестициялық портфелін, ал бұл – бағалы қағаздар немесе ақша, басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына беруге құқылы.

Бұл жағдайда, сенімгерлік басқаруға берілген клиенттің активтерін басқарушы компания инвестициялау объектілерінің тізбесін, клиенттің активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің шарттары мен шектеулерін айқындайтын инвестициялық декларацияның талаптарына сәйкес инвестициялауға міндетті.

Инвестициялық декларация сенімгерлік басқару шартының ажырамас бөлігі болып табылады.  

Тапсырманың орындалуын қалай тексеруге болады?

Брокер клиентке брокерлік шартта не брокердің ішкі қағидаларында айқындалған тәртіппен жүргізілген операциялар туралы есеп беруге міндетті.

Егер брокер өз қызметтерін электрондық түрде ұсынса, клиент брокердің сауда платформасында өзінің жеке кабинеті арқылы өз тапсырмаларының орындалу мәртебесін қадағалай алады.  

Егер активтер инвестициялық басқаруға берілген жағдайда, клиент басқарушы компаниядан инвестициялық басқару шартында белгіленген кезеңділікпен және нысан бойынша инвестициялық қызмет нәтижелері туралы есептер алуға құқылы. 

Өзіңнің бағалы қағаздар топтамасын қалай тексеруге болады?

Клиент кезең-кезеңімен өз шоттарының жай-күйін бақылап отыруы керек.

Ол үшін клиент брокерден шоттан үзінді-көшірмені сұрауы керек. Брокер бұл ақпаратты клиентке тиісті сұрау түскен күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде беруге міндетті. Егер брокер электрондық қызметтерді ұсынса, клиент брокердің сауда алаңындағы жеке кабинеті арқылы шоттан үзінді- көшірмені ала алады.

Сонымен қатар, клиент өз шотының жай-күйі туралы ақпарат алу үшін тікелей Орталық депозитарийге тиісті сұратуды бере отырып өтініш жасауға құқылы. 

Сізге шұғыл түрде ақша керек болып қалды ма?

Заңнамада, егер олар бойынша ауыртпалық болмаса, клиенттердің өз бағалы қағаздарын сату құқығы шектелмейді. Мысалы, олар кепілге салынбаған немесе оларға тыйым салынбаған болса. Яғни Сіз бағалы қағаздарды кез келген уақытта сата аласыз.

Клиенттің өзінің бағалы қағаздарын қаншалықты тез сата алатындығы көптеген факторларға байланысты. Ең алдымен - оларға нарықтық сұраныстың болу-болмауына.

Бағалы қағаздарды сатқаннан кейін, брокерлік шоттан сатудан түскен ақшаны өзінің банктік шотына алу үшін клиент өз брокеріне ақша аударымына қажетті барлық деректемелерден тұратын тиісті тапсырманы ұсынуы керек. Брокер бұл тапсырманы брокерлік қызмет көрсету шартында белгіленген тәртіппен және мерзімде орындауы тиіс.

white-arrow Тізімге