Ірі мәмілелер жасасқан кезде тараптардың бірі ақшаны алдын ала алып қойға жағдайда, мұндай тарап өз міндеттемелерін орындамай қояды деген тәуекел туындайды. Сол себепті мәмілеге қатысушының мүддесін қорғау үшін банк ұяшығы, эскроу-шот және аккредитив сияқты қаржы құралдары жиі қолданылады.
Аталған қаржы құралдарының артықшылығы мен айырмашылығы және оларды таңдау кезінде не нәрсеге көңіл аудару қажеттілігі жөнінде Fingramota.kz-пен бірге қарастырып көрелік.
Банк ұяшығы деген не?
Банк ұяшығы– белгілі бір құндылықтарды: мәселен, бағалы қағаздарды, шетел валютасын, зергерлік бұйымдар немесе маңызды құжаттарды сақтау үшін жалға алуға болатын банктегі жеке сейф.
Банк ұяшығында сейфке зақым келтіруі мүмкін атыс, газ және суық қару, психотроптық, жарылғыш, уытты немесе радиоактивті заттардан, тамақ өнімдерінен және тыйым салынған өзге де заттардан басқа барлық заттарды сақтауға болады.
Құндылықтарды банкте сақтау қағидалары ҚР Азаматтық кодексінің 786-бабымен реттелетінін атап өтеміз.
Жеке заттар банкке сақтауға тек шарт бойынша беріледі және қаржы ұйымы олардың сақталуы үшін жауап береді, оларды сақтау құпиясын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ұяшықтың ішіндегі заттарды кез келген уақытта иесіне қайтаруға кепілдік береді. Алайда, клиент те банк ұяшығына салған заттары үшін жауап береді.
Банк ұяшығы екі кілтпен ашылады: жеке шотты жалдау кезінде бір кілт клиентке беріледі, екіншісі банкте сақталады. Ұяшыққа тек клиенттің жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде және банктің білікті қызметкерлерінің ілесіп жүруімен ғана қол жеткізуге болады.
Ұяшықты 1 күннен 3 жылға дейін жалға алуға болады. Егер шартта жалдау шартын автоматты түрде ұзарту жөнінде көрсетілсе, онда банк шартты әдеттегі тәртіп бойынша ұзартады. Яғни, сіздің құндылықтарыңыз ұяшықта қала береді және сіз тек сақтау үшін белгілі бір сома төлейсіз. Егер ұзарту автоматты түрде жүргізілмесе, және сіз банкке келе алмасаңыз, онда қаржы ұйымы шартта көрсетілген мерзімде сейфтің ішіндегі заттарды тізімдеме бойынша шығарып алуға және ортақ банк қоймасына жіберуге құқылы.
Банк ұяшығы жеке заттарды сақтаудың сенімді тәсілі болып табылады: ұяшықтағы заттар туралы тек клиенттің өзі ғана біледі, олар жөнінде еш жерде көрсетілмейді, тіркелмейді және банктің балансына кірмейді, алайда кейбір жағдайларда банк ұяшықты мәжбүрлеп ашуға және клиентпен шартты мерзімінен бұрын бұзуға құқылы болады. Мысалы, қазақстандық заңнамада көзделген тәртіппен және негіздерде уәкілетті органдар өкілдерінің талабы бойынша.
Мұның барлығы сақтау шартының талаптарында атап көрсетіледі, оны қол қоюдан бұрын мұқият зерделеп, оқу қажет.
Кеңес: Банк ұяшығын ашпас бұрын жауапты сақтау шартын жасау мүмкіндігін қарастырыңыз. Бұл жағдайда банк сіздің мүлкіңіздің сақталуына кепілдік береді. Алайда, сейфте сақталатынның барлығы тек тізімдеме бойынша ғана қабылданады және қолға беріледі. Егер сіз ұяшықта қолма-қол ақша сақтайтын болсаңыз, онда банк ақшаны қайта есептейді және олардың түпнұсқалығын тексереді, егер құнды заттар болса, бағалаушылар олардың құнын анықтайды. Форс-мажорлық жағдайлар туындаған кезде банк клиентке сейфтегі заттардың құнын өтейді. Бұл талаптар жауапты сақтау шартында жазылады. Сондай-ақ, ұяшықтағы заттардың өзін жеке сақтандыруға болады. Егер мұндай көрсетілетін қызметті банк клиентке өзі ұсынбаса, бөгде сақтандыру компаниясына жүгінуге болады
Эскроу- шот деген не?
Бұл сатушы өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін банк сатып алушының ақшасына тыйым салатын арнайы шот.
Эскроу-шот белгілі бір қызметтер мен жұмыстар орындалғаннан кейін ғана банк бенефициарға ашатын және ақшалай қаражатты беретін сейф іспеттес. Эскроу- шотты пайдаланатын мәмілеге әрқашан мына субъектілер қатысады: сатып алушы, яғни депонент әрі бенефициар болып табылатын сатушы және тараптар арасында делдал қызметін атқаратын банк.
Депозиттердегі қаражаттан айырмашылығы, банктерге басқа тұлғаларға кредит беру үшін эскроу- шоттағы ақшаны пайдалануға рұқсат етілмейді. Бұл контрагенттердің (шарт тараптары) шарт орындалған немесе кенеттен бұзылған жағдайда, ондағы қаражаттың болмай қалатын болжамды жағдайынан қорғалғанын білдіреді.
Кеңес: Эскроу-шот жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасау кезінде, бағалы қағаздарды сатып алу кезінде, бизнесті сату немесе белгілі бір қызметтерді немесе жұмыстарды көрсету бойынша мәмілелер жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін.
Мысалы, құрылыс компаниясымен шарт жасасқаннан кейін клиент/үлескер эскроу- шот ашып, оған келісілген соманы аудара алады. Осы сәттен бастап тараптардың ешқайсысы шарт толығымен орындалғанға дейін немесе бұзылмайынша ақшаға қол жеткізе алмайды.
Аккредитив деген не?
Аккредитив – бұл сатып алушы мен сатушы арасындағы қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың ерекше нысаны, онда банк сатушы белгілі бір міндеттемелерді орындаған жағдайда төлем алатынына кепілдік береді.
Аккредитивті оны ашуға (беруге), растауға және ресімдеуге байланысты операциялар мен әрекеттердің жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Аккредитив – бұл виртуалды сейфтің бір түрі.
Кеңес: Бұл қаржы құралын сатушы мен сатып алушы әртүрлі қалаларда немесе елдерде болғанда мәміле жасау кезінде пайдалануға болады. Мысалы, импорттық тауарларды сатып алу, жылжымайтын мүлікті айырбастау, автокөлікке, құрал-жабдыққа, бағалы қағаздарға, яғни бірден қолдан қолға берілмейтін нәрсеге меншік құқығын тіркеу кезінде. Бұл жағдайда сатып алушы аккредитивті өз банкінде ресімдейді, ал сатушының банкі құжаттарды тексереді. Осы қаржы құралының көмегімен сіз халықаралық заңдарды білмеген жағдайда құқықтық тәуекелдерді азайтып, өзіңізді жосықсыз ынтымақтасудан сақтандыра аласыз.
Аккредитивтің эскроу- шоттан айырмашылығы неде?
Аккредитив клиенттің үшінші тұлғаның атына ашатын және оған клиент шарт бойынша төлеуге тиіс ақшасын енгізіп отыратын эскроу-шотқа өте ұқсас. Алдын ала келісілген талаптарды орындаған жағдайда ғана үшінші тұлғаның эскроу- шотындағы ақшаға билік етуге құқығы бар, бұл эскроу- шот ашылған банктің бақылауында болады.
Ұқсастықтарға қарамастан, аккредитив пен эскроу- шоттың арасында да айырмашылықтар бар:
- Аккредитивті есеп айырысу нысанында жауапкершілік негізінен сатып алушы мен сатушыға жүктеледі, ал банк тек делдал ретінде әрекет етеді. Эскроу нысанындағы есеп айырысуды жүзеге асырған кезде банк мәмілелердің талаптарының орындалуын тексеру бойынша толық жауапкершілікті өзіне алады;
- Эскроу-шот барлық тарап қатысқан кезде жабылады, ал аккредитив кері қайтарылып алынуы мүмкін, яғни мұны не сатып алушы, не банк екінші тарапқа хабарламай жасай алады. Мәміле бойынша қауіпсіз есеп айырысу және алаяқтық тәуекелін азайту үшін кері қайтарып алынбайтын аккредитив қолайлы, яғни сатып алушы сатушының келісімінсіз бұл аккредитивті өз банкінен кері қайтарып алып, ақша ала алмайды;
- Аккредитив бойынша ақша алушы тек бенефициар ғана емес, аккредитив бойынша құқықтар берілген өзге тұлға да бола алады. Эскроу бойынша ақшаны пайдасына эскроу-шот ашылған үшінші тұлға ғана ала алады;
- Аккредитив шарты екі тарап – банк пен төлеуші арасындағы шартты білдіреді, ал эскроу-шотын ашу туралы шарт екі жақты, үш жақты да болуы мүмкін: банк, эскроу-шотын ашушы адам, және атына эскроу-шот ашылатын адам;
- Банктердің барлығы эскроу-шотын ашу қызметін ұсынбайды, ұяшықтармен де солай, бірақ көптеген банктерде бірнеше минут ішінде аккредитив ресімдеуге болады.
Қайсысы тиімдірек: аккредитив ресімдеу ме, эскроу-шот ашу ма немесе ұяшық жалдау ма?
Аккредитивтің, ұяшықтың және эскроу-шоттың құны мәміле талаптарына және нақты банктің тарифтеріне байланысты. Әдетте аккредитив қымбатқа түседі, өйткені ол күрделі ресімдеуді және құжаттарды мұқият бақылауды көздейді. Бұл банк мамандарынан көп уақытты талап етеді.
Бірақ салыстырған кезде мәміле жасауға кететін барлық қосымша шығыстарды бағалау керек. Мысалы егер ұяшыққа ақша салған кезде сіз банкке ақшаны тексеруге және қайта санауға тапсырыс беруді ұйғарсаңыз, онда бұл үшін бөлек төлеуге тура келеді.
Сондай-ақ, егер клиент ұяшықты жалға алуды ғана емес, сонымен қатар банктің сейфінде жауапты сақтау шартын жасағысы келсе, қосымша шығындарды ескеру қажет. Нәтижесінде ұяшық аккредитив үшін төлемнен қарағанда қымбатқа түсуі мүмкін. Егер біз аккредитивті эскроу-шотпен салыстыратын болсақ, онда оны ашу және жүргізу үшін банктер әдетте белгіленген комиссияны бекітеді, ал аккредитивке қызмет көрсету бойынша әр операция бөлек төленуі мүмкін және ол аккредитивтің сомасына байланысты болады. Осылайшы, қай жерде жақсы қызмет көрсетілетінін түсіну үшін бірнеше банктің ынтымақтастық талаптарымен толығырақ танысқан жөн.
Сондай-ақ, банк ұяшықтары нақты заттарды сақтау үшін ғана қолданылатынын ескеру қажет, ал аккредитив пен эскроу-шотты тараптардың келісімі бойынша тауар, жұмыс және көрсетілетін қызмет түрлерін төлеу үшін пайдалануға болады.
Ақшаны сақтау және есеп айырысудың жоғарыда аталған барлық әдістері клиенттерге, яғни сатушыға немесе сатып алушыға мәмілелерді қауіпсіз жүргізуге көмектеседі. Барлық жағдайда сатып алушы ақшаны банкке сақтауға береді - және сатушы оны алдамайтынына, оны өз қызметі немесе өнімі үшін ала алатынына сенімді. Сатып алушы тауарды немесе қызметті нақты алатынына немесе банк оған ақшаны қайтаратынына сенімді.
Абай болыңыз, өзіңізге және ақшаңызға сақ болыңыз, қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма