Серікжан Майданов

time 17.04.2024

Қазақстанның ұлттық валютасы  теңге әлемдегі қолдан жасаудан  барынша қорғалған валюта. Теңгеде қолданылатын қорғаныс элементтерінің  арасында қорғалған баспа саласындағы ең соңғы озық әзірлемелер бар. Қазақстанның Ұлттық Банкі жаңа банкноттар шығарылымы кезіндегі қорғаныс элементтері саласында жаңа әзірлемелерді жетілдіру және қолдану бойынша үнемі жұмыс жүргізіп отырады. 

Ақшаны қолдан жасау тәсілдері қиын болуы үшін Қазақстанның Ұлттық Банкінің мамандары ақша белгілеріне қорғаныс элементтері жиынын енгізуде: мысалы, банкноттардың қағазы өзіне тән шытырлақ болып келеді, жарыққа қарағанда сутаңғы белгілері, қорғаныс жіптері, біріктірілген элементтер, банкноттың көлбеу бұрышы өзгерген кезде анықталатын жасырын суреттер көрінеді, түсі өзгеріп тұратын бояумен боялған элементтер. Қолмен ұстап көргенде банкноттың оң және артқы бетінде арнайы бедер салынғанын сезінуге болады. Осылардың барлығының бір-бірімен үйлесімі банкноттың ықтимал жалған түрін жасаудан қорғайды. 

Теңге-банкноттарда олардың түрлі-түсті көшірмесін жасаудан жоғары деңгейде қорғау үшін қорғаныс элементтері бар.

Қазақстанда жалған банкноттар негізінен компьютерлік техниканы және кәдімгі офсеттік қағазда сиялы принтерді пайдаланып жасалады. Жалған ақша жасаушылар басым жағдайда көзбен көрінетін қорғаныс элементтерін салуға тырысады. Бір қарағанда, қорғаныс элементтері шынайы болып көрінуі мүмкін, алайда мұқият қараған кезде кез келген адам бірден оның жалған екенін анықтай алады. 


Банкноттардың түпнұсқалығын арнайы жабдықтың көмегінсіз тез көзбен тексеру үшін «сезін, қара, аударып көр» деген үш әдіс бар. 

Алдымен банкнотты сезіну керек. Банкнот қағазының өзіне тән сықыры болады. Банкноттарда бедер беретін арнайы мөр болады. Бұл бедерді «Қазақ елі» монументі орналасқан жерде, банкнот номиналының әріптік бейнесі, сәулет бейнелері, Қазақстан картасы және «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген сөздері бар жерде сезінуге болады. 

Барлық банкноттарда көру қабілеті нашар адамдар үшін саусақтың ұшымен жақсы ажыратуға болатын шығыңқы жоғары бедерлі элементтер түріндегі таңбалар бар.

Содан кейін банкнотқа мұқият қарау керек. Банкноттың түсі анық және онда қарама-қарсы түстер болуы қажет, номиналдың сутамғы белгілері мен цифрлық бейнесін көру үшін банкнотты жарыққа тосып қараған жөн. 

Сол сияқты банкноттың бетінде жарыққа тосып қараған кезде тұтас жіп ретінде анық көрінетін жазуы бар пунктир түріндегі біртұтас магнитті және үзік-үзік жіпке назар аудару керек.

Соңында банкнотты аударып қарау керек. Номиналы 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңге болатын банкноттарда түсі ауысатын бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар. Банкноттың көлбеу бұрышын өзгерткен кезде бейнелердің түсі жасылдан алтын түске өзгереді. 

 Номиналы 2000 және 5000 теңге болатын банкноттардың сырт жағында голографиялық жолақ бар. Голограммадағы бейнелер динамикалық әсермен мың құбылады.

 Бұл әдіс 5 секундтан артық уақыт алмайды және әрбір адамға банкноттардың түпнұсқалығын анықтауға көмектеседі.

white-arrow Тізімге