Жаңа қоныстанушыға арналған үздік формула: «7-20-25»

time 6.11.2018

Әрбір адам есейе келіп, маңызды нәрселер туралы армандайды – жақсы және ақысы жоғары жұмысқа ие болу, тұрмысқа шығу не үйлену, меншікті баспанасының болуы. Алайда алғашқы екі жағдайда бәрі адамның өзіне байланысты болса, баспана мәселесін шешуге мемлекеттік бағдарламалар көмектеседі.

Осындай бағдарламалардың бірі – «7-20-25». Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы. Ол «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Мемлекет басшысының халыққа үндеуінде айтылған бірінші бастамасының жүйелік шешімі болып табылады. Бағдарлама 2018 жылғы мамырда бекітіліп, ағымдағы жылғы шілдеде іске қосылды. «7-20-25» бағдарламасының операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болып табылады. Компанияны Ұлттық Банк құрды және ол Ұлттық Банктің еншілес ұйымы болып табылады.

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы тек қана бастапқы нарыққа есептелген. Оның басты айырмашылығы бағдарламаға қатысушының құрылыс салушыны өз қалауынша таңдай алуында. Бағдарлама әрбір қазақстандық үшін кредиттеудің қолжетімді талаптарымен тұрғын үй жағдайларын жақсартудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынады. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама – қарыз бойынша небәрі 7% болатын төмен пайыздық мөлшерлемесі бар ең тиімді ипотекалық бағдарлама. Бастапқы жарна мөлшері баспана құнынан 20% мөлшерінде айқындалған, қарызды өтеу мерзімі 25 жылға дейін ұлғайтылған. Қарыз алушының қарызды бергені және оған қызмет көрсеткені үшін комиссия төлемейтіні үлкен артықшылық. Қарыз алушының кепіл мүлкін және өмірін сақтандыру міндетті емес. Сақтандыру қажет болған кезде қарыз беретін банк бүкіл шығыстарды көтереді. Қазіргі ипотекалық өнімдердің ешқайсысында осындай кредиттеу талаптары жоқ.

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

«Баспана» ипотекалық ұйымы ынтымақтастық туралы келісімдер қол қойған әріптес банктердің біріне өтініш жасау қажет. Банктердің тізбесі мынадай: ЦентрКредит Банкі, Еуразиялық Банк, АТФБанк, Цеснабанк, Bank RBK, Қазақстан Халық Банкі, Forte Bank.

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптар қандай?

«7-20-25» бағдарламасымен қарыз алу үшін мынадай талаптарға сәйкес болу қажет: Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы керек. Қазақстан Республикасының аумағында меншігінде баспанасы болмауы керек. Ипотекалық кредиттері болмауы керек. Кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірісін растай алуы керек.

Құжаттар топтамасы жиналған кезде банк оларды бағдарлама талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан тексереді және кредит бойынша шешім қабылдайды. Егер бағдарлама бойынша қарыз мақұлданса, қарыз алушы таңдап алған құрылыс салушыға банктің кепілдік хатын ұсынып, сатып алу-сату шартын алуға болады.

Баспанаға қашан кіруге болады?

Одан кейін сатып алу-сату шартын нотариуста куәландырып, сатып алынатын баспананың жалпы сомасының 20%-ы мөлшерінде бастапқы жарна енгізуі қажет. Бұл соманы құрылыс салушының шотына дербес салу қажет. Қарыз алушы сатып алу-сату шартын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АЕҰ-да немесе нотариус арқылы тіркейді. Тіркелген сатып алу-сату шарты банкке беріледі.

Содан соң банкпен қарыз шартына, төлемдер кестесіне және сатып алынатын баспананың кепіл шартына қол қою ғана қалады. Шарт мемлекеттік тіркеуден өткен соң банк қажетті қарыз сомасын құрылыс салушыға аударады, ал қарыз алушының жаңа пәтерге кіре беруіне болады.

Төлемдер сомасын қалай есептеуге болады?

Сатып алынатын баспана үшін төлемдер сомасын қарыздың калькуляторында есептеуге болады. Ол қарыз сомасы мен мерзіміне байланысты. Әдетте, банктердің сайттарында кредиттік калькулятор болады. Сонымен бірге «Баспана» ИҰ-ның сайтының калькуляторында да есептеуге болады.

Бағдарламаға көптеген қазақстандықтар қызығушылық танытып отыр. 2018 жылғы 20 қазандағы жағдай бойынша қарыз алуға 44,5 миллиард теңге сомаға 3752 өтінім қабылданды. Оның ішінде қарыз беруге 30 миллиард теңге сомаға 2513 өтінім мақұлданды.

Егер «7-20-25» бағдарламасы бойынша қосымша сұрақтар туындаса, «Баспана» ипотекалық ұйымына тәулік бойы +7(727)227-20-25 телефоны бойынша хабарласуға болады. Ақпаратпен ипотекалық ұйымның ресми интернет-ресурсында сілтемесі бойынша танысуға болады.

Бағдарламаның жылдам іске қосылып, Мемлекет басшысының тапсырмасын осындай қысқа мерзімде сәтті іске асыру «7-20-25». Әрбір отбасына баспана сатып алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасының еліміздің әрбір азаматы үшін тұрғын үй мәселесін шешудің тамаша мүмкіндігі екендігін растайды.

white-arrow Тізімге