«Күміс теңге операциясы» /балалар қаржы детективі/ 3 бөлім

time 23.09.2022
aye 2
download Жүктеу

Балалар тоғанның жағасына жайғасты. 

Марат ойланып отырып:

– Айналдырған бір сағаттың ішінде ақшаға қатысты екі бірдей жұмбақ оқиғаның болуы біртүрлі. Бұл жай ғана кездейсоқтық емес, – деді.

– Расымен де солай! – деп Ерке келісе кетті. – Менің жеке басымда ғана емес, отбасымызда да таңғаларлық нәрселер болып жатады: ақша біресе ғайыптан пайда болады, біресе зым-зия жоғалады...

– Керемет! Бәлкім, сендердің үйде әншейін қорқынышты ақшажегіш пайда болған шығар? – деп Әлиша өзінше ұйғарым жасады.

Балалар бұл сөзге ішек-сілесі қатқанша күлді. Ерке болса ақшамен қоректенетін жұмбақ жануарды бейнелеп қылжақтай бастады. Ол қорқынышты емес, өте күлкілі еді.

– Ақшажегішті дәл таптың, – деп Ерке құрбысын мақтап қойды.

– Бұны ойлап тапқан мен емес, анам, – деп түсіндірді Әлиша. – Біздің отбасымызда да бір кездері ақшаға қатысты оғаш оқиғалар болған. Ата-анам жақсы табыс тапты, бірақ біз сонда да күнкөріске жеткізе алмай, қарызданып-қауғалануға мәжбүр болдық. Міне сол кезде түнделетіп тиындар мен банкноттарды жеп кететін Ақшажегіш туралы жорамал туды. Шақырылмаған қонақты қуып, ақшаның қайдан келіп, қайда кететінін түсіну үшін анам бізге отбасылық бюджеттің есеп-қисабын жүргізіп отыруды ұсынды. Сөйтіп ата-анам бүкіл кіріс пен шығысты, тіпті тиын-тебеніне дейін жазып отыратын арнайы дәптер ашты. Ақыры бұған Ақшажегіштің еш қатысы жоқ екенін, біз қайдағы бір ұсақ-түйекке қыруар ақша жұмсайтынымызды білдік.

– Ал біздің отбасымызда мұндай есеп жүргізілмейді, – деп күрсінді Ерке. – Оны бастау қажет деп санайсың ба?

– Бұл мүлдем қиын емес! – Әлиша досының аптығын басты. – Отбасының кірісін, ең алдымен тұрақты алатын табысты, мысалы, ата-анаңның жалақысы, атаң мен әжеңнің зейнетақысы, әпкеңнің шәкіртақысы секілділерді жазып отырасың. Одан кейін туыстарыңнан түскен ақшалай сыйлықтар, лотерея ұтып алу, ата-анаңның жақсы жұмысы үшін алған сыйақысы тәрізді табыстарды қосасың.

– Мақұл, оның бәрі түсінікті, – деді Мұрат. – Ал шығындарды не істейміз?

– Оларды да жоспарлау қажет. Бізде азық-түлік, киім-кешек алу, коммуналдық төлемдер, көлік төлемдері, салықтар, менің үйірмелерімнің ақысы секілді міндетті шығындарымыз бар. Әрине, онсыз болмайды. Бұл шығындарға алдын ала нақты бір соманы қалдырып қоямыз. Және де біз қымбат бұйымдар алуға немесе саяхатқа, тіпті демалыс пен достарымызға сыйлыққа жұмсайтын ақшаны да жоспарға кіргіземіз!

– Ал біздің үйде өткен аптада тоңазытқыш сынып қалып, маман шақыруға тура келді, – деп Ерке өз жағдайын айтты. – Шебердің жұмысы қымбатқа түсті. Сол себепті қазір қаражат тапшы болып тұрғаны рас.

– Мұндай форс-мажорды да жоспарлауға болады! – деп жымиды Әлиша. – Біздің дәптерімізде, мәселен, болжанбаған шығындар бағанасы бар. Ол қаражат – қол сұғылмайтын қорымыз.

– Ал егер ешқандай төтенше жағдай болмаса, кейінге қалдырылған соманы не істейсіңдер? – деп қызыға сұрады Мұрат.

– Біз бұл ақшаны банктегі депозитте сақтаймыз және оны ештеңеге жұмсамай жинаймыз. Әкем оны біздің отбасымыздың «қаржылық қауіпсіздік көпшігі» дейді, уақыты келгенде бәрімізге бұл қаражаттың пайдасы тиеді.

Ерке көзін қулана сығырайтып:

– «Көпшік» деген қандай күлкілі сөз, өзі тағы «қаржылық көпшік»! Әлгі бюджеттерің сенің қалтапұлыңды да реттеп қойған десеңші! – деп күлді.

– Әлбетте, ата-анам менің күнделікті шығындарыма ай сайын белгілі бір соманы бөліп қояды. Мен оны өз қалауымша жұмсаймын! - Әлиша қол сөмкесін ақтара бастады. – Міне, мен аздап үнемдегеннің арқасында жақында өткен қолөнер жәрмеңкесінде сендерге арнап кәдесыйлар сатып алдым. Менен естелік! – деп Әлиша Қорғаннан – Мұраттың әжесінің үйіндегі тасбақа-қобдишадан аумайтын екі кішкентай тасбақаны достарына ұсынды.

– Иә-иә, жақсы тасбақалар екен, – деді Мұрат. – Рахмет, Әлиша!

- Мен ата-анама отбасы бюджетін жоспарлау жөнінде айтпасам, – деп Ерке ойланып қалды. – Үйіміздегі Ақшажегішті қуып жібергім келеді! Бұл қолымыздан келеді ғой, иә, достар?

________

«Күміс теңге» детективқұмарлар клубы

 

1. «Отбасының кірісі мен шығысы» экономикалық ойыны 

Еркеге отбасы бюджетінің құрылымын түсінуге көмектес. Ол үшін отбасының кірісі мен шығысын бағыттауыш сызықпен қосу керек. Байқа, шатастырып алма! 

 1. Кіріс:
Отбасындағы барлық адамның жалақысы
Ата мен әженің зейнетақысы
Әпкенің шәкіртақысы
Пәтерді жалға беруден түсетін табыс
Банк депозитінің пайызы
Әке мен ананың сыйақысы

2. Шығыс:
Коммуналдық төлемдер
Салықтар
Азық-түлік
Киім-кешек сатып алу
Байланыс қызметтері
Көлік шығындары
Медицина
Спорт үйірмесіндегі сабақтар
Ойын-сауық орталықтарына немесе кинотеатрға бару
Достарға арналған сыйлықтар
Мысық пен иттің тағамы

_______________

1. Отбасы бюджеті не үшін қажет? Шығындарыңды қадағалау, қаржылық мақсатқа қол жеткізу, ақшаны үнемдеп жинау және көбейту.

2.Отбасы кірісі – отбасына әртүрлі көздерден түсетін қаражат.

3. Шығындар немесе шығыс – тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын қаражат. Егер шығындар кірістен асып кетсе, отбасы қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін.

4. Отбасының материалдық жағдайын жақсарту үшін тұрақты және қосымша табыс көзін табуға ұмтылу керек.

___________

Сұрақ-жауап


1. Сенің қалтапұлың бар ма?
Иә
Жоқ
Сирек
2. Ақшаны қайдан аласың?
Ата-анам береді
Мерекелер мен туған күнге туыстарым беретін ақшалай сыйлықтар
Жеке табыс
3. Сен өз ақшаңды қалай сақтайсың?
Банк картасында
Қолма-қол ақша
Алған бойда жұмсаймын
4. Қалтаңдағы ақшаға әдетте не аласың?
Кітап
Ойын-сауыққа жұмсаймын
Компьютерлік ойындар, ойыншықтар
Достарым мен туыстарыма сыйлық
Жинаймын
Сенің жауабың __________________________________________
5. Ата-анаң жақсы баға үшін ақша төлесе, үздік оқыр ма едің?
Иә
Жоқ
Білмеймін
6. Ойыңда жүрген бір затты алу үшін қалтапұлыңның бір бөлігін үнемдеп жинайсың ба?
Иә
Жоқ
Сирек

white-arrow Тізімге