Агенттік Қазақстанның бірқатар қоғамдық ұйымдарымен меморандумға қол қойды

time 28.04.2023
aye 4951
Агенттік Қазақстанның бірқатар қоғамдық ұйымдарымен меморандумға қол қойды

Қазақстан азаматтарына «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) негізгі ережелерін, оның ішінде борышкерлердің берешекті реттеу жөніндегі шаралардан өтуі бөлігінде түсіндіру мақсатында, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстанның қоғамдық ұйымдары Ынтымақтастық және азаматтардың қарыз/микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегін реттеу мәселелері бойынша Банкроттық туралы заңды ақпараттық-түсіндіру туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум шеңберінде жалпы тәжірибені, ақпараттық және техникалық ресурстарды пайдалану, әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, азаматтардың қарыз/микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегін реттеу мәселелері бойынша ынтымақтастық жасау арқылы республикалық маңызы бар қалаларда және Қазақстан Республикасының барлық облыстарында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, Банкроттық туралы заң рәсімдердің үш түрін – соттан тыс банкроттықты, сот арқылы банкроттықты және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді көздейді. Бұл рәсімдерге қарыз алушының өзі ғана бастама жасай алады, яғни кредитордың борышкердің банкроттығына қатысты өтініш беру құқығы жоқ.

Банкроттық рәсімдеріне өтініш беру кезінде міндетті талаптардың бірі кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен не микроқаржы ұйымымен) борышты реттеу туралы құжатты ұсыну болып табылады. Банктің реттеуден бас тартуы; өтініштің көшірмесі не өтініштің электрондық форматта жіберілгені туралы растау (банктің жауабы болмаған жағдайда) реттеу құжаты болып саналады.

Агенттік азаматтардың банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлем мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібінің іске асырылуын тұрақты негізде мониторингтеуді жүзеге асырады. Заңның осы нормасы күшіне енген сәттен бастап банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың 802,3 мың өтінішін қарады, оның ішінде 600 мыңнан астам азаматтың қарыздарын қайта құрылымдау мақұлданды.

Кредит бойынша төлем мерзімі өткен жағдайдағы қарыз алушының іс-қимыл алгоритмі.

Егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмайтын болса, онда ол бірінші кезекте мерзімін өткізу басталған күннен бастап 30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін жазбаша өтінішпен немесе шартта жазылған өзге де тәсілмен өзіне қызмет көрсетілетін банкке немесе МҚҰ-ға жүгінуі қажет.

Өтініште қарыз алушы:

- өз міндеттемелерін орындамау себептерін;

- бұдан былай кредитін өтеу бойынша өз нұсқаларын көрсетуі керек.

Өтінішке міндетті түрде сіздің қаржылық жағдайыңыздың нашарлауын растайтын құжаттарды қоса беру қажет: бұл сіздің қаржылық және әлеуметтік жағдайыңыз туралы ақпарат, өз міндеттемелеріңізді толық көлемде орындауға мүмкіндік бермейтін кірістеріңіздің төмендеуі немесе болмауы және басқалар болуы мүмкін. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болады.

Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін банк немесе МҚҰ өтінішті қарау рәсімін бастайды, бұл ретте ол қарыз алушының ағымдағы қаржылық және әлеуметтік жағдайын (төлем қабілеттілігін), кепілге қойылған баспанасының жалғыз болуы, мерзімін өткізу басталғанға дейін қарыз бойынша міндеттемелерді уақтылы орындау сияқты факторларды ескереді.

Банк немесе МҚҰ күнтізбелік 15 күн ішінде қарыз алушыға мынадай жауап ұсынуға тиіс:

- шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдау арқылы келісу; - шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беру;

-  себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып бас тарту.

Заңнамаға сәйкес қарыз шартының талаптарына өзгерістер енгізу мыналарды көздейді:

•        қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету жағына қарай өзгерту;

•        негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;

•        берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтей отырып өзгерту;

•        қарыз мерзімін өзгерту;

•        мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру,  айыпақыны (айыппұл, өсімпұл), комиссияларды және банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді жою;

•        кепіл берушінің ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізуі;

•        банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) кепіл мүлкін беру арқылы қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына бас тарту төлемін ұсыну; 

•        қарыз шарты бойынша міндеттемелерді сатып алушыға бере отырып, ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті сату.

Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізбеген не кредитор мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімдерін жүргізбеген және дәлелді негіздемелер ұсынылмаған  жағдайда, қарыз алушы Агенттікке жүгінуге немесе банкроттық рәсіміне өтініш беруге құқылы.

white-arrow Тізімге