Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресі өтті

time 12.11.2021
aye 5064
Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресі өтті

Қазақстан қаржыгерлері IX Конгресінің жұмысына қаржылық қоғамдастықтың, халықаралық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Конгресс шеңберінде Қазақстандағы қаржы секторының дамуына байланысты өзекті мәселелерді талқылау жоспарлануда.

Конгресс жұмысын Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Кеңесінің Төрағасы Елена Бахмутова ашты. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев қаржы қоғамдастығына бейнеүндеу арқылы сөз сөйледі. Конгрестің ашылуын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова жалғастырды.

Агенттік басшысы қаржы жүйесінің тұрақтылығын және экономиканың зардап шеккен секторларында бизнес үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, уақтылы іске асырылған дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігін атап өтті. Нәтижесінде 2019 жылғы 13%-ға төмендеумен салыстырғанда 2020 жылы ШОБ кредиттерінің өсуі 7,2% деңгейінде қалыптасты. Өз кезегінде, экономикалық өсудің қалыптасуы аясында, ағымдағы жылғы 9 айда ШОБ кредиттерінің өсуі 18,6%, экономикаға кредиттердің жалпы өсуі 16% болды.

Агенттік Төрағасы сөз сөйлеу барысында жеделдетілген цифрландыру, қаржы жүйелерінің және платформалық шешімдердің белсенді дамуы, сондай-ақ орнықты және жасыл қаржыландыру қағидаттарын белсенді енгізу жағдайларында қаржы секторын одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.

Бірінші бағыт – банк секторының жүйелік орнықтылығын қамтамасыз ету, стрестік активтерді экономикалық айналымға тиімді түрде тарту және банктік қызметтерді цифрландыру.

М. Әбілқасымова банк секторын қалыпқа келтіру бойынша жүргізілген жұмыстың оң нәтижелерін атап өтті, оның нәтижесінде проблемалық және қайта құрылымдалған кредиттер деңгейі 2017 жылғы 40%-дан 2021 жылғы қазанға қарай 10%-ға дейін 4 есе төмендеді.

2019-2020 жылдары өткен AQR нәтижелері келтірілді, оның қорытындысы бойынша банктер қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау саясаты мен рәсімдерін және тәуекелдерді басқару жүйесін жақсарту шараларын іске асыруда.

Сондай-ақ, негізгі элементі SREP қадағалау моделі болып табылатын тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін іске асыру бойынша ағымдағы жұмыс туралы ақпарат ұсынылды.

Стрестік активтерді экономикалық айналымға тиімді тарту шеңберінде 2020 жылы стрестік активтерді 2026 жылға қарай 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін төмендету бойынша жеке іс-шаралар жоспарлары жасалды.

Қаржы реттеушісінің басшысы атап өткендей, банктерді проблемалық активтерден тазартудың тұрақты тетіктерін қалыптастыру үшін Агенттік жеке инвесторлардың қатысуын кеңейтуге мүмкіндік береді және стрестік активтерді өткізудің нарықтық тетігін бекітетін заң жобасын әзірледі. Заң жобасы Парламентке ағымдағы жылдың соңына дейін енгізіледі.

Банк секторын дамытудың маңызды бағыты банк қызметтерін цифрландыру болып табылады. Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздіктің тәуекелдері мен қатерлерін барынша азайту, сондай-ақ клиенттер мен қаржы ұйымдары мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп цифрлық қаржылық экожүйелерді реттеу тәсілдерін әзірлейді.

Қаржы секторын дамытудың екінші басым бағыты ретінде М.Әбілқасымова халықтың жинақтары және тәуекелдерден қорғау үшін сақтандыру нарығының рөлін арттыруды айқындады. Оның айтуы бойынша, сақтандыру нарығының активтері соңғы үш жылда 1,7 трлн теңгеге дейін 64%-ға өсті. 

Сақтандыру ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту үшін 2020 жылы инвестицияларға қатысумен жаңа сақтандыру өнімі енгізілді, ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдері бойынша салық жеңілдіктері енгізілді. Зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігін арттыру үшін оның ең төменгі құны 40%-ға дейін төмендетілді, кейінге қалдырылған аннуитет енгізілді. Нәтижесінде сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемінде ерікті жеке сақтандыру үлесі 43%-ға дейін ұлғайды.

Сақтандыру нарығы үшін басым міндеттер сақтандыру төлемдерін алу процесін электрондық форматқа ауыстыру, сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту, инвестициялық сақтандыру және өмірді сақтандыру бойынша жаңа өнімдерді, сондай-ақ өңірлік статистиканы ескере отырып, икемді тарифтеу тетігін енгізу болып табылады.

Дамудың үшінші басым бағыты қор нарығында инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту болып табылады. М. Әбілқасымова хабарлағандай, соңғы бес жылда қор нарығын капиталдандыру үш есе өсіп, 47,3 трлн теңгеге жетті. 2020 жылы қашықтан идентификаттауды енгізу нәтижесінде қор нарығында жеке тұлғалардың саны 203 мыңға дейін ұлғайды.

Бөлшек инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту үшін реттеу аясына қаржы делдалдары енгізіледі. Инвестициялық ұсынымдардың сапасы үшін жауапкершілік айқындалды, инвесторлардың тәуекел бейінін айқындау бойынша тәсілдер өзгертілді.

Жаңа эмитенттердің нарыққа шығуын ынталандыру үшін рұқсат беру рәсімдері айтарлықтай оңтайландырылды. Қазақстандық эмитенттер үшін қолжетімді қаржы құралдарының желісі кеңейтілді.

Халықаралық стандарттарға сәйкес жасыл, әлеуметтік облигацияларды, орнықты даму облигацияларын шығару үшін қажетті нормативтік база құрылды Агенттік Төрағасы сондай-ақ оларды нормативтік және реттеуші деңгейде бекіту арқылы қаржы ұйымдарының қызметіне ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі жоспарларды белгіледі.

Төртінші басым бағыт ретінде микро және шағын бизнесті кредиттеу үшін микроқаржы секторының әлеуетін арттыру болып айқындалды. М.Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі уақытта микроқаржы ұйымдарының жиынтық кредиттік портфелі 1,3 трлн теңгені құрайды, оның жартысынан астамы – бизнес пен ЖК-ға кредиттер.

МҚҰ-ның арзан қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін МҚҰ үшін қорландыруды тарта алатын апекс ұйымын құру, сондай-ақ МҚҰ-ның қор нарығына қол жеткізуін оңайлату мәселесі қаралуда.

Реттеушілік жүктемені азайту мақсатында МҚҰ мен кредиттік серіктестіктердің қызметіне қойылатын талаптарды саралау арқылы барабар реттеуді енгізу жоспарлануда.

Бәсекелестікті дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін ірі МҚҰ-ны банктерге трансформациялау мүмкіндігі берілетін болады.

Қаржы секторын дамытудың бесінші бағыты қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту және халыққа кредит беру кезінде тәуекелдерді шектеу болып табылады.

М.Әбілқасымова атап өткендей, тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі аясында ағымдағы жылғы екінші тоқсаннан бастап халыққа кредиттердің жылдам өсуі байқалады. Егер бірінші жартыжылдықта жеке тұлғаларға кредиттердің өсуі 13,6%-ды құраса, 9 айда ол 27,5%-ға жетті.

Халыққа кредит беру өсімінің жоғары қарқыны қаржылық тұрақтылық үшін әлеуеттік тәуекелдерге ие және халықтың борыш жүктемесінің ұлғаюына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл тәуекелдерді тежеу үшін олардың халықтың кредит алу деңгейіне және қаржылық ұйымдардың жүйелік тұрақтылығына әсер етуіне байланысты макропруденциялық саясат құралдарын пайдалану жоспарланады. 

Реттеушінің борыш жүктемесін ұстап тұру үшін қабылдаған шараларының қатарында барлық кредиттер бойынша төлемдер сомасы қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-нан аспауға тиіс деген талаптардың енгізілуі, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз беруді ұсынуға тыйым салу белгіленуі, мерзімі кешіктірілген берешекті бірыңғай сотқа дейінгі реттеудің енгізілуі, сондай-ақ жағымсыз кредиттік тарихы бар қарыз алушыларды оңалту тетігінің енгізілуі 1,9 млн азаматтың жағдайын оңалтуға мүмкіндік бергенін атап өтеміз.

Агенттік Төрағасының ақпараты бойынша, коллекторлардың заңға қайшы әрекеттерін шектеу мақсатында ең төменгі капиталды белгілеу және қарыз алушымен өзара қарым-қатынасты міндетті түрде тіркеу арқылы коллекторларға деген талаптар күшейтілді.

Өз кезегінде, Бас прокуратура коллектордың заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кепілдерді сот арқылы өндіріп алу шеңберінде қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында атқарушылық іс жүргізу рәсімін жетілдіру бойынша заңнамалық түзетулер әзірленді.

white-arrow Тізімге