Қарыз алушыға арналған жадынама: кредиттік жауапкершілігімізді бірге арттырайық

time 2.12.2021
aye 3808
Қарыз алушыға арналған жадынама: кредиттік жауапкершілігімізді бірге арттырайық

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 2021 жылдан бері азаматтардан 17,5 мыңнан аса өтініш келіп түсті, олардың көпшілігі – 80%-на жуығы банк секторына, яғни, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға тиесілі. Көбіне азаматтар реттеушіге кредиттер бойынша туындаған мерзімі өткен төлемдер және берешектерін қайта құрылымдау мәселелері бойынша жүгінген.

Қарыз қаражаты кредит шартына қол қою кезінде өте мұқият болуды, сондай-ақ оны орындауға деген үлкен жауапкершілік пен нақты тәртіпті талап етеді. Болашақта төлем мерзімін өткізіп алу сияқты қиындықтарға тап болмас үшін бұл жағдайларды Fingramota.kz түсіндіріп, негізгі мәселелерді еске салады.

Кредиттік – бұл жауапкершілік

Кредиттік жауапкершілік сіздің қарыз алушы ретінде қаржылық міндеттемелерге қатысты жауапкершілігіңізді білдіреді. Кредитті өтегеннен гөрі алған оңайырақ. Сондықтан да банкке қарызға ақша алуға бармас бұрын, тағы бір ойланыңыз. Алдымен кредиттің сізге не үшін керектігін шешіп алыңыз. Қолданыстағы кредитті өтеу үшін жаңадан, әсіресе, оның талаптары алдыңғы кредиттен жеңілірек болмаса, кредит алудың қажеті жоқ. Мәселені кредитсіз де шеше аласыз ба деген сұраққа шын жауап беріңіз. Бұл, алдымен, қарыз алушы ретінде ұзақ уақыт бойы орындауға тура келетін міндеттеме екенін есте сақтаңыз. Өзіңіздің қаржылық мүмкіндігіңізді нақты бағалаңыз!

Шығыстарыңыз бен кірістеріңізді нақты болжау үшін жан-жақты қаржылық жоспарыңызды жасаңыз. Жалақыңыз, сыйлықақыларыңыз, жәрдемақыларыңыз ғана емес, қосымша кірістеріңіз бен мәселен, ауырып қалып не өзге форс-мажордың кесірінен аяқ астынан жұмыссыз қалған жағдайда керек болады деп жинаған қаражатыңызды да есепке алу қажет. Барлығын бақылауында ұстауға дағдыланған адам үшін ең қолайлысы – жұмыс істеу қабілетінен және жұмыстан айырылып қалудан сақтану.

Бағыт-бағдар беретін қарапайым формулалар бар: кредит бойынша айы сайынғы төлем мөлшері жалақыңыздың жартысынан аспауға тиіс, ал қаржылық қауіпсіздік жастығының мөлшері ресми жалақыңыздың кемінде алты еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс. Кредит төлеу қабілетіңізге сенімсіз болсаңыз, оны алудың қажет жоқ.

Жарнамаға сеніп, кредит ресімдеуге асықпаңыз. Нарық ұсынысқа толы, екінші деңгейдегі банктердің сайттарына мониторинг жүргізіңіз және олардың кредиттік өнімдеріне талдау жасаңыз. Клиенттердің пікірлерін, банктің көрсеткіштері туралы қаржылық есептерді оқыңыз, оның беделіне қатысты сұрастырып көріңіз. Оңтайлы нұсқаны таңдап болған соң банк менеджеріне кредиттеу талаптары бойынша сұрақтар қоюға қысылмаңыз: қарыз сомасы, төлеу мерзімдері мен мөлшерлері, кредит алу немесе мерзімінен бұрын өтеу кезіндегі комиссиялар, барлық пайызы мен төлемдерін қосқанда кредиттің толық сомасы, артық төлем мөлшері, төлеу мерзімі өткен жағдайдағы салдарлар, тараптардың құқықтары мен міндеттері туралы сұраңыз.

Егер сізде осы банктің жалақылық карточкасы болса немесе сіз зейнеткер, халықтың осал тобына жататын болсаңыз, ол туралы менеджерге айтыңыз, банкте мұндай клиенттер үшін арнайы науқандар мен ерекше ұсыныстар болуы мүмкін.

Толығырақ «Кредиттер» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге