Инвестициялар кіріс қана емес, қосымша міндеттер де әкелуі мүмкін. Жекелеген жағдайларда инвестор салық декларациясын өз бетінше тапсырып, салық төлеуге тиіс.
Бұл ретте брокерлік шоттың болуы декларацияны міндетті түрде тапсыру керек дегенді әлі білдірмейді. Бәрі нақты жағдайға байланысты: активтеріңіз қайда орналасқан, қандай кіріс алдыңыз және заңнамада көзделген декларациялау негіздері бар ма.
Декларацияны дайындау кезінде инвестор неге назар аударуы керек екенін Halyk Finance Басқарма Төрағасының орынбасары Бауржан Тулепов айтып берді.
Алдымен анықтап алыңыз: декларация тапсыру қажет пе
Жеке тұлғалар үшін салық декларацияларының негізгі нысандары мыналар:
250.00-нысан – активтер мен міндеттемелер туралы декларация;
270.00-нысан – кірістер мен мүлік туралы декларация.
Бұл – әртүрлі декларациялар, оларды тапсыру негіздері де әртүрлі.
2026 жылы 270.00-нысан бойынша декларация 2025 жыл үшін тапсырылады. Оны тапсыру мерзімі – 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін. Егер декларация қорытындысы бойынша төлеуге жататын жеке табыс салығы туындаса, оны 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін аудару қажет.
250.00-нысан адамда активтер мен міндеттемелерді алғаш рет декларациялау міндеті туындағанда тапсырылады. Тапсыру мерзімі – тиісті жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей.
Егер сізде шетелдік активтер, шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздары, шетелдік брокерлердегі шоттар немесе декларациялауға жататын өзге де кірістер мен мүлік болса, бұл жағдайға ерекше назар аудару керек.
Мысалы, шетелдегі белгілі бір активтердің, шетелдік банк шоттарының, сондай-ақ жеке тұлға салық міндеттемелерін өз бетінше орындауға тиіс кірістердің болуы маңызды болуы мүмкін.
Бұл ретте брокерлік шоттың болу фактісінің өзі жыл сайын декларация тапсыруға арналған әмбебап негіз болып табылмайды.
«Декларацияны дайындар алдында инвесторға бірінші кеңес беретінім – бірден нысанды толтырудан бастамау. Алдымен оны тапсыру міндеті сізде туындай ма, соны түсініп алу қажет. Бұл брокерлік шоттың болуына ғана емес, активтердің түріне, кіріс көзіне және басқа да мән-жайларға байланысты», – деп атап өтті Бауржан Тулепов.
Брокерлік үзінді-көшірмелерді жинаңыз
Егер декларация тапсыру қажет екенін анықтасаңыз, келесі қадам – құжаттарды дайындау.
Инвестор үшін ақпараттың негізгі көзі – брокерлік есептер мен үзінді-көшірмелер. Дәл солар есепті кезеңдегі операцияларды көруге және алынған кірістерді тексеруге мүмкіндік береді.
Брокерге және сіздің инвестицияларыңызға байланысты мыналар қажет болуы мүмкін:
- жасалған мәмілелер туралы есеп;
- брокерлік шот бойынша үзінді-көшірме;
- ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп;
- бағалы қағаздарды сатып алу және сату туралы мәліметтер;
- алынған дивидендтер туралы ақпарат;
- купондық төлемдер туралы деректер;
- ұсталған салықтар туралы мәліметтер;
- ақша қаражаты мен активтердің қалдықтары туралы ақпарат.
Мұндай құжаттардың атауы мен форматы әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір брокерлер қажетті үзінді-көшірмені жеке кабинетте өз бетінше қалыптастыруға мүмкіндік берсе, басқалары оны сұрау салу бойынша ұсынады.
Ең бастысы – құжаттарды алуды мерзімнің соңғы күндеріне қалдырмау.
Егер жыл бойы бірнеше брокермен жұмыс істесеңіз, қосымша шоттар ашсаңыз немесе активтерді аударсаңыз, барлық тиісті операциялар бойынша ақпарат жинау қажет.
Мысалы, инвестор жыл басында қазақстандық брокермен жұмыс істеп, кейін шетелдік брокерде шот ашып, шетелдік акциялар бойынша дивидендтер алуы мүмкін. Мұндай жағдайда өз жағдайын тексеру үшін бір ғана үзінді-көшірме жеткіліксіз болуы ықтимал.
Декларацияны дайындар алдында үзінді-көшірмелердің қажетті кезеңді толық қамтуын және барлық брокерлерден алынуын тексеріңіз. Сондай-ақ барлық мәмілелер мен кірістердің – дивидендтер мен купондық төлемдердің бөлек көрсетілуін тексеру маңызды.
Егер жыл ішінде операциялар көп болса, ақпаратты жадыдан қалпына келтірудің немесе қосымшадағы портфельдің ағымдағы құнына ғана сүйенудің қажеті жоқ. Салық декларациясы үшін мәмілелердің күндері, активтерді сатып алу және өткізу құны, алынған кірістер, ұсталған салықтар және басқа да көрсеткіштер маңызды болуы мүмкін.
«Брокерлік үзінді-көшірме – іс жүзінде инвестордың декларациясын дайындаудың негізі. Сондықтан алдымен барлық құжатты жинап, содан кейін ғана нысанды толтыруға кіріскен жөн деп кеңес берер едім. Бұл, әсіресе, жыл ішінде көп операция жасағандар немесе бірнеше брокердің қызметін пайдаланғандар үшін маңызды», – деп түсіндіреді Бауржан Тулепов.
Салық төлеушінің кабинеті арқылы декларацияны өз бетінше қалай тапсыруға болады
Нұсқалардың бірі – декларацияны жаңа Салық төлеушінің кабинеті арқылы электрондық түрде өз бетінше толтырып, жіберу.
Егер осы жолдан өз бетінше өтуді шешсеңіз, мынадай алгоритмге сүйенуге болады.
1-қадам. Құжаттарды дайындаңыз
Толтыруды бастамас бұрын брокерлік үзінді-көшірмелерді және дәл сіздің жағдайыңызда қажет болуы мүмкін басқа да құжаттарды жинаңыз.
Оларды брокерлер, шоттар және есепті кезеңдер бойынша алдын ала бөліп қойған ыңғайлы. Егер бірнеше алаң арқылы инвестициялаған болсаңыз, бұл ештеңені жіберіп алмауға көмектеседі.
Сондай-ақ сізге қай нысан қажет екенін – 250.00 не 270.00 екенін алдын ала анықтап алыңыз.
2-қадам. Салық төлеушінің кабинетіне кіріңіз
Жаңа Салық төлеушінің кабинетінде авторизациядан өтіп, салық декларацияларын тапсыруға қатысты бөлімге өтіңіз.
Содан кейін қажетті нысанды таңдаңыз. Оны бұрын пайдаланғаныңыз үшін ғана таңдаудың қажеті жоқ: алдымен оның ағымдағы жағдайыңызға сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.
3-қадам. Дұрыс есепті кезеңді таңдаңыз
Бұл – қарапайым, бірақ маңызды кезең.
Мысалы, 2026 жылы 270.00-нысан 2025 жыл үшін тапсырылады. Ал 2026 жылы жасалған операциялар келесі есепті кезеңге жатады.
Сондықтан күндерді мұқият тексеріп, әртүрлі жылдардың операцияларын араластырмаңыз.
4-қадам. Деректерді құжаттар бойынша толтырыңыз
Егер кірісті көрсету қажет болса, тиісті брокерлік үзінді-көшірмемен салыстырыңыз. Егер активтер немесе шоттар туралы мәліметтерді көрсету талап етілсе, растайтын құжаттарды тексеріңіз.
Операциялар көп болған жағдайда алдымен ақпаратты жүйелеп, содан кейін ғана декларацияны толтыруға кіріскен дұрыс.
5-қадам. Барлық деректерді тексеріңіз
Жіберер алдында мыналарды тағы бір рет тексеріңіз:
- есепті жыл дұрыс таңдалған ба;
- барлық брокерден алынған деректер енгізілген бе;
- көрсетілуге тиіс кірістер мен операциялар жіберіп алынбаған ба;
- сомалар дұрыс көрсетілген бе;
- валюталар шатастырылмаған ба;
- бір ақпарат екі рет енгізілмеген бе.
6-қадам. Декларацияға қол қойып, жіберіңіз
Тексеруден кейін декларацияға қол қойып, оны салық органына жіберу қажет.
Декларацияның жүйеде қабылданғанына міндетті түрде көз жеткізіп, оны тапсырғаныңыз туралы растауды сақтап қойыңыз.
Мұны соңғы күні жасамаған дұрыс. Егер техникалық қате туындаса немесе деректерді түзету қажет болса, мерзім аяқталғанға дейін уақытыңыз қалуға тиіс.
Барлығын қолмен толтыру міндетті емес
Декларацияны Салық төлеушінің кабинеті арқылы өз бетінше тапсыру – жалғыз нұсқа емес.
Көптеген брокерде салық декларациясын автоматтандырылған түрде дайындауға және тапсыруға көмектесетін мамандандырылған сервистер бар. Әдетте мұндай қызметтер бөлек, салыстырмалы түрде шағын ақыға ұсынылады.
Жұмыс қағидаты әдетте қарапайым: инвестор өз шоттары мен операциялары бойынша үзінді-көшірмелерді алып, оларды сервиске жүктейді. Жүйе деректерді өңдеп, операцияларды жүйелейді және қажетті мәліметтерді дайындауға көмектеседі.
Бұл, әсіресе, белсенді инвесторлар үшін ыңғайлы. Егер жыл ішінде бірнеше ондаған не жүздеген мәміле, дивидендтер, купондар, әртүрлі валютадағы операциялар немесе бірнеше брокер болса, үлкен көлемдегі ақпаратты қолмен өңдеу көп уақыт алуы мүмкін.
Автоматтандырылған сервис күнделікті қосалқы жұмысты қысқартуға мүмкіндік береді, алайда инвесторды нәтижені тексеру қажеттігінен босатпайды.
Өңдеуден кейін барлық брокерден алынған үзінді-көшірмелердің және қажетті кезеңнің толық жүктелгеніне, ал қорытынды деректердің құжаттарыңызға сәйкес келетініне көз жеткізіңіз.
«Белсенді инвестор үшін автоматтандыру процесті айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін. Егер брокер мұндай сервис ұсынса, кем дегенде оның шарттарымен танысуға кеңес берер едім. Ал брокеріңізде ондай мүмкіндік болмаса, басқа мамандандырылған сервистердің ұсыныстарын қарауға болады. Ең бастысы – толық брокерлік үзінді-көшірмелерді пайдаланып, қалыптастырылған деректерді тапсырар алдында тексеру», – деп атап өтті Бауржан Тулепов.
Тапсырғаннан кейін салық төлеуді ұмытпаңыз
Декларация тапсыру мен салық төлеу – екі бөлек кезең.
Декларацияны уақтылы тапсырсаңыз да, оның қорытындысы бойынша төлеуге жататын жеке табыс салығының сомасы туындай ма, соны тексеру қажет.
2025 жыл үшін 270.00-нысан бойынша декларацияға қатысты:
- 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін декларацияны тапсыру қажет;
- 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін есептелген ЖТС-ты, егер ол декларация қорытындысы бойынша туындаса, төлеу қажет.
Сондай-ақ брокерлік үзінді-көшірмелерді, есептеулерді және декларацияның қабылданғаны туралы растауды сақтап қойыңыз. Бұл құжаттар кейін енгізілген деректерді тексеру үшін қажет болуы мүмкін.
Инвесторға неге назар аудару керек
Декларацияны тапсырар алдында бірнеше негізгі сәтті тексерген жөн:
Маған декларация тапсыру қажет пе өзі?
Брокерлік шоттың болуы әрдайым оны тапсыру міндетін білдіре бермейді. Дәл сіздің жағдайыңызға қолданылатын негіздерді тексеріңіз.
Қандай нысан тапсыруым керек?
250.00 мен 270.00-ді шатастырмаңыз – олардың мақсаты да, тапсыру негіздері де әртүрлі.
Мерзімді жіберіп алған жоқпын ба?
2026 жылы 2025 жыл үшін 270.00 декларациясын 15 қыркүйекке дейін тапсыру қажет. Егер төлеуге жататын ЖТС туындаса – оны 25 қыркүйекке дейін төлеу керек.
Барлық брокерден үзінді-көшірме жинадым ба?
Егер бірнеше шотыңыз болса, бір есеп жеткіліксіз болуы мүмкін.
Үзінді-көшірмелер қажетті кезеңді толық қамти ма?
Күндерді тексеріп, операциялардың бір бөлігі құжаттардан тыс қалмағанына көз жеткізіңіз.
Менде шетелдік активтер немесе кірістер болды ма?
Инвестор үшін бұл – негізгі сұрақтардың бірі. Мұндай активтер мен кірістер декларациялау міндетіне әсер етуі мүмкін.
Төлем көзінен салық ұсталды ма?
Салықтың ұсталғанын растайтын құжаттарды сақтап қойыңыз.
Барлығын қолмен есептеу міндетті ме?
Жоқ. Егер операциялар көп болса, мамандандырылған сервистерді қарап шығыңыз. Көп жағдайда автоматтандырылған дайындық үшін қажетті брокерлік үзінді-көшірмелерді жүктеу жеткілікті.

Толығырақ "Бағалы қағаздар нарығы" бөлімінде оқыңыз
Әскери қызмет кезіндегі кредит: мерзімді әскери қызметшілер үшін төлемді кейінге қалдыру қалай жұмыс...
Депозит: салымды қалай таңдау, жинақтарды қалай қорғау керек және кірісті жоғалтып алмау үшін не іст...
Қаржылық пирамидалар: жылтыр сыртқы көріністің астарындағы алаяқтықты қалай тануға болады
Қаржылық кесте: баланы үйретуге тұрарлық 7 әдет
Автосақтандыру: 2026 жылдан бастап жүргізушілер үшін не өзгереді
Инвесторға салық декларациясын қалай тапсыруға болады: қадамдық нұсқаулық
Қарызды өтеудің ыңғайлы тәсілі: төлем кестесін есептеу, өтініштер беру және құжаттарға қол қою
Finkelisim жаңа платформасы несие берешегін реттеу ережелерін қалай өзгертеді