2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда микроқаржылық қызметті лицензиялау іске қосылды. МҚҰ нарығын реттеу банктік емес сектордағы тәуекелдерді азайту, оның ашықтығын арттыру үшін және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін енгізілген болатын. 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне микроқаржылық қызметті жүргізуге лицензия беру туралы өтінішпен 1 024 компания жүгінді.

Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі деректер бойынша микроқаржыландыру нарығының 883 субъектісі, оның ішінде 178 микроқаржы ұйымы (бұдан әрі – МҚҰ), 542 ломбард және 163 кредиттік серіктестік Агенттіктің микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясын алды, - деп хабарлайды мемлекеттік органның баспасөз қызметі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың тізілімі Агенттіктің ресми сайтында орналастырылған.    

«Өткен жылғы қараша айында біз Микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларын бекіттік. Қағидаларда бухгалтерлік есепті автоматтандыруға, басшы қызметкерлердің мінсіз іскерлік беделі мен біліктілігіне, МҚҰ қатысушыларында алынбаған немесе өтелмеген соттылықтың болмауына, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ақпараттық жүйеге қосылуға қойылатын талаптар, үй-жайлардың қауіпсіздік стандарттары көзделеді. Бұған қоса, лицензиялау процесін жеңілдету үшін белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар мен мәліметтер тізбесі анықталды. Уақыт тығыздығын ескере отырып, ҚНРДА Микроқаржылық ұйымдар қауымдастығымен, Қазақстан ломбардтарының ұлттық лигасымен және Агроөнеркәсіптік кешеннің кредиттік серіктестіктер қауымдастығымен бірлесе отырып, микрокредиттеу нарығының қатысушыларына лицензиялаудың барлық кезеңдерін түсіндіру жұмысын жүргізді. Өтініштерді қарау белгіленген мерзімдерді сақтай отырып жүргізілді, лицензиаттарға құжаттарды «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы электрондық түрде, сондай-ақ кеңсе арқылы қағаздағы нұсқада ұсыну мүмкіндігі берілді», - дейді Агенттік Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов.

МҚҰ-ның орнықтылығын, ең аз стандарттарды сақтау үшін  қаржылық, техникалық құралдар мен персоналдың болуын қамтамасыз ету үшін 2019 жылғы қарашада МҚҰ-ның жарғылық және меншікті капиталдарының мөлшерлеріне талаптар белгіленді. Іс-әрекеттегі субъектілер үшін капиталдардың ең төменгі мәндерін МҚҰ үшін  30 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін, кредиттік серіктестіктер үшін  10 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін, ломбардтар үшін 10 млн теңгеден 70 млн теңгеге дейін кезең-кезеңімен 2023 жылға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте, жаңадан құрылатын ұйымдар жарғылық және меншікті капиталдарын жоғарылатылған ең аз мәндердің деңгейінде қалыптастыруға тиіс.

«Лицензиялауды енгізу микроқаржы нарығы субъектілерінің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәндерін сақтауын бақылауды қамтамасыз етуге, олардың заңсыз қызмет және алаяқтық операциялар, қаржы пирамидаларының схемаларын жүргізуіне жол бермеуге және осылайша нарықтан жосықсыз ұйымдарды шығарып,  тұтынушылардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады Агенттік басшысының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов.

ҚНРДА-ға белгіленген мерзімде лицензия алуға өтініш білдірмеген не лицензия алудан бас тартылған іс-әрекеттегі  микроқаржы нарығының ұйымдарына қатысты сот тәртібімен мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату жөніндегі шаралар қабылданатын болады.

Ақпарат беруші: ҚНРДА сайты