Көптеген қазақстандықтар ломбардтағы қарыздар «есепке алынбайды» және кредит тарихына ешқандай әсер етпейді деп санайды. Алайда, іс жүзінде олай емес. Мұндай қарыздар туралы ақпаратты қаржы ұйымдары ескереді және кредитті немесе ипотеканы рәсімдеу кезінде шешімге әсер етуі мүмкін.
Fingramota.kz ломбардтардың кредит тарихына қалай әсер ететінін, бұл қандай жағдайда проблемаға айналуы мүмкін екенін және қарыз алушылардың неге назар аудару керектігін түсіндіреді.
Ломбардтағы қарыздар кредит тарихында көріне ме
Ломбардта ресімделген қарыз кредит немесе ипотека алуға тікелей кедергі емес. Алайда, бұл қарыз алушының қаржылық жағдайын бағалау кезінде ескеріледі.
Ломбардтар берілген қарыздар туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге міндетті, себебі банктік кредиттер немесе микроқарыздар сияқты қарыздар да ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен беріледі.
Бұл қарыз фактісі кредит тарихында жазылатынын, банктер мен микроқаржы ұйымдарына ақпарат қолжетімді екенін және кредитке өтінімді қарау кезінде деректер ескерілуі мүмкін екенін білдіреді.
Ломбардтағы қарыз банктің шешіміне қалай әсер етеді
Кредитке өтінімді қарау кезінде банктер мен МҚҰ бірден бірнеше факторды:
• қарыз алушының кредит тарихын;
• кірісінің деңгейін;
• ағымдағы борыш жүктемесін;
• мерзімі өткен міндеттемелерінің болуын бағалайды.
Егер қарыз алушының ломбардта қолданыстағы қарызы болса, ол борыш жүктемесін есептеу кезінде — басқа кредиттермен және микроқарыздармен тең ескеріледі.
Төлеу мерзімін кешіктірудің болуы ерекше маңызды. Егер ломбард алдындағы берешек уақытылы өтелмесе, бұл кредитті мақұлдау мүмкіндігін айтарлықтай төмендетуі мүмкін.
Түсіну маңызды: әрбір қаржы ұйымы заңнаманы, ішкі кредит саясатын және тәуекелдерді бағалауды ескере отырып, өз бетінше шешім қабылдайды.
Егер сіз ломбардтағы қарызды төлемесеңіз, не болады
Ломбард жұмысы тетігінің өзіндік ерекшеліктері бар. Егер қарыз алушы микрокредитті уақытылы өтемесе, ломбард кепілге қойылған мүлікті кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы кезеңде қарыз алушының қарызды қайтарып алу және өз затын кері қайтарып алу мүмкіндігі сақталады.
Егер берешек өтелмесе, онда ломбард кепілді сатуға немесе оны өз меншігіне ресімдеуге құқылы. Демек, қарыз және кепіл шарты өз қолданысын тоқтатады.
Міндеттемені жабу фактісі құжатпен расталады – бұл кепілді сату актісі, мүлікті ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім немесе берешекті өтеу туралы анықтама.
Бұл кредит тарихында қалай көрініс табады
Қарыз кепілді сату арқылы жабылғанның өзінде ол туралы ақпарат кредит тарихында сақталады.
Бұл жағдайда мынаны ескеру маңызды:
• егер міндеттеме кешіктірілмей орындалса, онда әсер барынша аз болады;
• егер төлемдер кешіктірілген болса – бұл теріс фактор;
• ломбардтарды жиі пайдалану қаржылық тұрақсыздықтың белгісі ретінде қабылдануы мүмкін.
1-мысал. Төлеу мерзімін өткізбеу
Азамат ломбардта қысқа мерзімге қарыз рәсімдеп, оны уақтылы төледі. Кредит тарихында қарыз фактісі көрсетіледі, бірақ ол кредитордың шешіміне айтарлықтай әсер етпейді. Егер кірісі тұрақты болса, кредит мақұлдануы мүмкін.
2-мысал. Төлеу мерзімін өткізу
Қарыз алушы борышын уақытылы төлемеді, ал ломбард кепілді сатып жіберді. Міндеттеменің жабылғанына қарамастан, кешіктіру фактісі кредит тарихында жазылады. Кредитке өтініш берген кезде банк немесе МҚҰ мұны тәуекел ретінде қарастырып, бас тарта алады.
3-мысал. Бірнеше қарыз
Адам үнемі ломбард қызметтерін пайдаланады. Кешіктірулер болмаса да, бұл борыш жүктемесінің жоғары немесе қаржылық жағдайдың тұрақсыз екені ретінде қабылдануы мүмкін, бұл ипотека сияқты ірі кредит алу мүмкіндігін азайтады.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз
Ломбард және кредит тарихы: қарыз кредитті мақұлдауға әсер ете ме
Желідегі қауіптер: алаяқтар жасөспірімдерді алдау үшін фишинг пен ойындарды қалай пайдаланады
Автосақтандыру: 2026 жылдан бастап жүргізушілер үшін не өзгереді
Салық шегерімдері дегеніміз не және 2025 жылы оны қалай қолдануға болады
Ипотеканы зейнетақы жинақтарынан өтейміз: жаңа тәртіп және сіздің мүмкіндіктеріңіз
Қате ақша аударымы, не істеу керек: қадамдық нұсқаулық