Қаржылық алаяқтықпен күрес: жаңа заң және азаматтарды қолдаудың жаңа әдістері

time 1.07.2024
aye 2425
Қаржылық алаяқтықпен күрес: жаңа заң және азаматтарды қолдаудың жаңа әдістері

Fingramota.kz «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелері туралы түсініктеме беруді жалғастырады. 

Өткен жарияланымда біз қарыз алушыларға қолда бар кредиттер бойынша қарыздарды көбейтпеуге немесе борышты төмендетуге, коллекторлық нарықта және банк омбудсманында қандай өзгерістер болғанын, сондай-ақ әскери қызметшілер үшін кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу жөніндегі шараларды қарастырдық.

Бүгін Fingramota.kz қаржылық алаяқтық саласындағы заңнамалық новеллалар жөнінде айтып береді. Жаңа заң клиентті биометриялық идетификаттаусыз онлайн қарыздар беруге тыйым салады. Егер де сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, бұдан былай ақпараттық және киберқауіпсіздікті сақтамағаны үшін банк немесе МҚҰ жауап беретін болады. 

Бұл неден басталды? 

Қаржылық алаяқтықтың күрт өсуі  COVID-19 пандемиясы кезінде орын алды, бұл негізінен телефон мен интернеттегі алаяқтық болды. Сол уақытта барлық ірі сауда нүктелерінің жабылуына байланысты тауарлар мен қызметтерді онлайн-сайттарда сатып алу кеңінен қолданылды, бұл жағдайды алаяқтар белгілі маркетплейстердің клондық сайттарын құру арқылы өз пайдасына шешті.

Интернет желісінде карантиндік шектеулерге байланысты жылдам және кепілді әлеуметтік төлем алуға шақырған көптеген ақпараттар пайда болды. Бұл орайда шектеулер жөнінде толық ақпараттың болмауына және интернет-банкингті қолдана алмайтын азаматтарымыз алаяқтардың құрбандарына айналды.

 Соңғы екі жылда қаржылық алаяқтықтың өсуі жалған банктік қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу, сондай-ақ азаматтардың шоттарынан, көбінесе олардың депозиттерінен қаражат алу арқылы кредиттеу саласында байқалады.

Не істелді? 

2021 жылғы мамыр. Агенттік онлайн-микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентфикаттау тәртібін белгіледі. 

Ендігі жерде  онлайн-микрокредит беру кезінде микроқаржы ұйымы клиентті идентфикаттауды үш тәсілдің бірімен жүргізуге міндетті: электрондық цифрлық қолтаңба арқылы, Ұлттық Банктің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисі арқылы қарыз алушыны биометриялық идентфикаттау арқылы не дербес деректерді және нақты уақыт режимінде қарыз алушының бейнесін екі факторлы тексеруді қолдану арқылы.

2022 жылғы қаңтар. МҚҰ-ға клиент көрсеткен абоненттік нөмірді ұялы байланыс операторының дерекқорымен салыстырып тексеру немесе клиенттің ЖСН-ін «электрондық үкімет» веб-порталындағы ұялы телефондар нөмірлерінің базасында салыстырып тексеруді жүзеге асыру міндеттелді.

МҚҰ қарыз алушыны екі факторлы биометриялық идентификаттауды жүргізе бастады. Бұл жеке деректерге қол жеткізу және жеке басын растау үшін  аутентификациялық деректердің – пароль + SMS-хабарлама екі факторы  қолданылады  дегенді білдіреді.

2023 жылғы шілде. Агенттік «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы» ЗТБ-мен және 18 банкпен бірлесіп Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және алаяқтық кредиттерді ресімдеу кезінде туындаған берешекті реттеу жөніндегі меморандумға қол қойды.

Тараптар банктер қосымшаларының кибер - және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, биометрияны міндетті тексеру және өтініш берушінің ұялы телефон нөмірін ұялы оператордың деректерімен, сондай-ақ қарыз ресімделетін тұлғаның нақты мобильдік нөмірімен салыстырып тексеру жөнінде уағдаласты.

Меморандумда сондай-ақ банктердің алаяқтық қарыздар бойынша күнтізбелік үш күн ішінде сыйақы есептеуін, талап-арыз жұмысын тоқтата тұруы, құқық қорғау органдары мен соттың шешімдері негізінде мұндай қарызды есептен шығару туралы талап жазылған.

2023 жылғы қазан. Үкімет байланыс, төлемдер мен ақша аударымдары және тұтынушылық онлайн кредиттеу саласындағы реттеуді қатаңдатуға бағытталған кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасын бекітті. 

Байланыс операторлары телефон нөмірлерін ауыстырудың алдын алу бойынша, сондай-ақ SIM карталарды беру/ауыстыру кезінде адамды тиісінше  тексермегені, сондай-ақ тіркелмеген SIM карталарды пайдалану талаптарын орындамағаны үшін жауап беретін болады. Банктер мен МҚҰ-ға қашықтан қаржылық көрсетілетін қызметтер ұсыну үшін өз қосымшаларының ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленді. Клиент жүргізіліп жатқан операцияны қосымша растауы және онлайн режимде хабарлауға  тиіс. Клиенттің құрылғысын қашықтан басқару анықталған жағдайда  операция бұғатталады.

Жол картасында кредиттік бюроларға мүдделі қаржы ұйымдары мен олардың клиенттерін хабардар ете отырып, кредиттік алаяқтықты, өзге де заңсыз қызметті анықтаудың онлайн жүйесінің болуы бойынша талаптар белгіленді.

2024 жылғы ақпан. Азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тарту құқығы заңнамалық түрде енгізілді. Бұл әрбір азамат 6 ай мерзімге банктер мен микроқаржы ұйымдарында жаңа кредиттер алуға тыйым салуды дербес енгізе алатын арнайы қорғау тетігі. 

Мұндай тыйымды тек қарыз алушының өзі орната алады. Бұл опция қолданылған кезде қарыз алушының кредит тарихында оның кредит алудан уақытша бас тартуға шешім қабылдағаны туралы белгі пайда болады. Банк немесе МҚҰ кредиттік бюролардан деректерді сұрай отырып, осындай шектеу белгісін көреді және клиентке қарыз бермеуге автоматты түрде шешім қабылдайды. 

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге