Қазақстанда қарыз алушылардың құқықтары қалай қорғалып, қаржылық алаяқтықпен қалай күреседі

time 4.09.2025
aye 572
Қазақстанда қарыз алушылардың құқықтары қалай қорғалып, қаржылық алаяқтықпен қалай күреседі

Жыл сайын Қазақстанда қарыз алушыларды қорғаудың халықаралық тәжірибеге негізделген жаңа шаралары енгізілуде. Fingramota.kz екі жыл ішінде қабылданған жаңалықтарды қорытындылады.

2024 жыл. Кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін қайта қарау және алаяқтықтан қорғау 

2024 жылғы маусымда халықтың борыш жүктемесін азайтуға бағытталған заң қабылданды.

Негізгі өзгерістер:

  • 2024 жылғы 1 шілдеден бастап төлеу мерзімін 90 күннен аса кешіктірген қарыз алушыларға жаңа кредит беруге тыйым салынды;
  • коллекторларға проблемалық кредиттерді сатуға екі жылдық мораторий енгізілді (2026 жылға дейін);
  • омбудсмендердің өкілеттіктері кеңейтілді: енді олар тек ипотека бойынша ғана емес, тұтынушылық кредиттер бойынша да дауларды шешуге көмектеседі;
  • берешекті сотқа дейінгі реттеу жүйесі күшейтілді – қайта құрылымдаудың бірыңғай ережелері қолданылады.

Борыш жүктемесін төмендету үшін сыйақының шекті мөлшерлемелері қайта қаралды:

  • кепілсіз кредиттер бойынша — 56%-дан 46%-ға дейін,
  • кепілді кредиттер бойынша — 40%-дан 35%-ға дейін.

Бұдан басқа, қаржылық алаяқтық мәселесі өзекті болып қала береді — бұл тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің көптеген елдерінің тұрғындары да тап болып отырған мәселе. Бүгінгі таңда негізгі қауіп әлеуметтік инженериямен байланысты. Қаскүнемдер қоңырауларды, хабарларды немесе жалған сайттарды алдап немесе қысыммен адамның өз атына кредит алуына мәжбүрлеу үшін пайдаланады.

Мұндай тәуекелдерді азайту үшін Қазақстанда жаңа қорғау шаралары енгізілді. Мәселен, eGov порталында кредиттерден ерікті түрде бас тарту қызметі пайда болды – оны 2,7 млн-ға жуық азамат пайдаланып үлгерді. Енді онлайн-қарыздарды алу кезінде биометриялық сәйкестендіру және бейненің шынайлығын міндетті түрде тексеру қолданылады, бұл фотоны қолдану жасаудан және дипфейктерден қорғайды.

Сонымен қатар, Ұлттық Банктің жанынан Антифрод-орталық құрылды, оған 200-ден астам қатысушы қосылды. Оның жұмысы 80 мыңнан астам алаяқтық операцияның алдын алуға және 3 млрд теңгеге жуық қаражатты бұғаттауға мүмкіндік берді. Егер клиент алаяқтық туралы іс бойынша ресми түрде жәбірленуші деп танылса, банктер мен МҚҰ кредиттер бойынша өндіріп алуды тоқтата тұруға міндетті екендігі де маңызды толықтыру болды.

2025 жыл. Қандай қосымша шаралар қабылданды? 

2025 жылғы маусымда заңнамаға қарыз алушыларды қорғауды күшейтуге бағытталған қосымша түзетулер енгізілді. Сонымен, 31 тамыздан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан клиенттерден жеке келісім алуға міндетті — мұны бөлімшеге келіп те, онлайн түрде де жасауға болады.

Ірі кредиттерді алғаш рет ресімдейтін азаматтар үшін ерекше қағидалар белгіленген: егер сома МҚҰ-да 75 АЕК-тен немесе банктерде 150 АЕК-тен асатын болса, шартты бөлімшеде клиенттің жеке қатысуымен ғана жасауға болады. 

30 қыркүйектен бастап «шешім қабылдау кезеңі» енгізіледі. Бұл дегеніміз –шартқа қол қойылғаннан кейін ақша сол сәтте емес, тек 24 сағаттан кейін аударылады деген сөз. Мұндай тетік қарыз алушыға бәрін асықпай ойлауға және қажет болған жағдайда, кредиттен бас тартуға уақыт береді. Бұл МҚҰ-да
75 АЕК-тен астам және банктерде 225 АЕК-тен астам сомаға кредиттерге қатысты

Бұдан басқа, алаяқтық кредиттерді соттан тыс есептен шығару үшін негіздер тізбесі кеңейтілді. Егер қарыз азаматтардың атына алаяқтық жолмен ресімделген болса, мұндай жағдайда олар өз құқықтарын оңай және тез қорғай алады.

Сонымен қатар, азаматтар қарыздарын оңай өтеуі үшін жеке тұлғалар үшін комиссиялар мен мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұлдар алып тасталды. 

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге