Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар, кемінде 3 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталы, соңғы үш жылда клиенттердің 5 млрд теңге мөлшеріндегі активтерін басқару тәжірибесі бар, сондай-ақ соңғы екі жыл ішінде шығынды қызмет фактілері жоқ компанияларға беруге болады. 

Компанияның соңғы 6 ай ішінде пруденциялық нормативтерді бұзу фактілері болмауы, орындамаған қадағалап ден қою шаралары және санкциялары болмауы керек. Сонымен бірге басқарушы компанияда ірі қатысушы болуы керек деп толықтырды қаржы реттеушісі төрағасының орынбасары. 

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін басқарушы компаниялардың басқаруына беру жөніндегі қызметтер қазақстандықтар үшін қашан қолжетімді болады

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Еділ Медеу брифингте «…..зейнетақы активтерін басқаруды жоспарлап отырған жекелеген басқарушы компаниялар БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға арналаған шарттар жасасу жұмысын бастады. Шарттар жасалып, БЖЗҚ-ның сайтында басқарушы компаниялардың тізілімі жарияланғаннан кейін  салымшы компанияны таңдап, өзінің жинақ ақшасының бір бөлігін оған аудара алады. Келесі аптада біз салымшыларға бұл қызмет қолжетімді болады деп күтеміз» деп хабарлады.

Агенттік жинақтарды мерзімінен бұрын алу шеңберінде қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілуі мүмкін алты компанияны анықтады:

«First Heartland Jysan Invest» АҚ;

«BCC Invest» АҚ - «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың еншілес ұйымы;

«Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың ЕҰ);

«Halyk Finance» Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ;

«First Heartland Capital» АҚ;

«Сентрас Секьюритиз” АҚ

Инвестициялау тәуекелдерін барынша азайту

Сондай-ақ инвестициялау тәуекелдерін барынша азайту және портфельді әртараптандыру шаралары көзделген.

Басқарушы компания зейнетақы активтерін басқарудан түсетін болашақ кірістілікке кепілдік беруге құқылы емес, алайда, егер оның нақты кірістілігі нормативтік мөлшерде белгіленген ең төмен кірістіліктен аз болса, ол туындаған айырманы салымшыларға өз қаражаты есебінен өтеуге тиіс болады.

Агенттік нормативтік құқықтық актінің талаптарына сәйкес келетін және зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат етілген жеке басқарушы компаниялардың тізілімін ай сайынғы негізде қалыптастыратын болады. Басқарушы компанияны тізілімге енгізу Агенттіктің немесе мемлекеттің салымшының зейнетақы жинақтарын беруі үшін нақ осы компанияны таңдауды ұсынатынын білдірмейді.

Басқарушы компанияны таңдауды осы тізілімге енгізілген және БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқару шартын жасасқан компаниялар тізбесінен салымшының өзі тікелей жүзеге асыратын болады. Өз кезегінде БЖЗҚ басқарушылармен қарым-қатынастарда салымшылардың мүдделерін білдіретін болады.

Инвестициялау стратегиясы

Зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясын Агенттік белгілеген, зейнетақы  активтері инвестициялануы мүмкін қаржы құралдарының сапасына қойылатын талаптарды ескере отырып инвестициялық декларациясының шегінде басқарушы компанияның өзі айқындайтын болады.

Бұл тізбеде:

Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары;

қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздар,

Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдар қамтылады.

Реттеуші зейнетақы активтерін қаржы құралдарының бір шығарылымына - облигациялар үшін 50%-дан аспайтын және акциялар үшін 10%-дан аспайтын, сондай-ақ бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған қаржы құралдарына - зейнетақы активтерінен 10%-дан аспайтын инвестициялау лимиттерін белгіледі.

Зейнетақы жинақтарын басқа басқарушы компанияға беру құқығы

Салымшылар зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан екіншісіне жылына бір реттен жиі емес беруіне болады, ал оларды Ұлттық Банктің басқаруына зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға сенімгерлік басқаруға бастапқы бергеннен кейін екі жылдан кейін қайтаруға болады.

Мұндай мерзімдер басқарушылар үшін инвестициялық мүмкіндікті жоспарлау қажеттілігіне, сондай-ақ кірістіліктің қысқа мерзімді ауытқулары болған кезде салымшылардың мүдделерін қорғауға негізделген.