Қазақстанның 100-ден астам жоғары оқу орындарының студенттері қаржылық сауаттылықты арттыру жобасына қатысуда

time 3.11.2021
aye 5878
Қазақстанның 100-ден астам жоғары оқу орындарының студенттері қаржылық сауаттылықты арттыру жобасына қатысуда

Қазақстан қор биржасы (KASE) Fingramota.kz-пен ақпараттық серіктестік шеңберінде студенттік жоба – «Биржалық симулятор» байқауының екінші маусымын іске қосты, ол қор нарығы туралы өз білімін кеңейтуге және инвестициялаудың практикалық дағдыларын алуға ниет білдірген жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бүгінгі таңда оған еліміздің 100-ден астам оқу орындарынан 2880-нен астам адам қатысуда.

«Биржалық симулятор» жобасы – бұл 2008 жылдан бастап бүкіл Қазақстан бойынша өткізілетін қаржы және экономикалық мамандықтар студенттеріне арналған KASE оқу сауда-саттығы.

Жоба қаржы және экономика мамандықтарының студенттеріне қазақстандық компаниялардың ең өтімді акцияларының сауда-саттығына тегін қатысуға мүмкіндік береді.  Бұл сауда-саттықтар KASE-нің негізгі сауда-саттық жүйесінің негізінде құрылған Қазақстан қор биржасының оқу сауда-саттық жүйесінде өткізіледі және оқу сауда-саттық жүйесіндегі бағалы қағаздардың барлық баға белгілеулері іс жүзіндегі нарыққа барынша жақындатылған жағдай жасау мақсатында нақты сауда-саттықтардың барысын көрсетеді.

«Биржалық симулятордың» екінші маусымы ағымдағы жылғы 5 қазанда іске қосылды және 5 желтоқсанға дейін жалғасады.  Байқауды табысты аяқтау үшін «Биржалық симулятордың» қатысушылары сауда-саттықтың басында басқаруға берілген құны 1 млн теңге виртуалды құралдар жиынтығы негізінде ең жақсы инвестициялық портфельді қалыптастыруы қажет. Байқауға қатысушылар күніне 2,8 млрд теңге сомаға мәміле жасайды. Мысалы, алғашқы төрт аптада мәмілелердің жалпы сомасы 89 млрд теңгеден асты, ал бірінші аптада сауда-саттық көлемі небары 6 млрд теңгені құрады.

Жобаның серіктестері – қазақстандық брокерлік компаниялар байқау жеңімпаздарына жүлделер ретінде нақты нарықта шот ашуды ұсынады және басқаруға 200 мың теңгеден сыйлайды.

Конкурсқа жергілікті немесе шетелдік жоғары оқу орындарының кез келген қазақстандық студенті қатыса алады. Ол үшін KASE Mobile мобильдік қосымшасын жүктеп, «Биржалық симулятор» бөлімінде тіркелу жеткілікті.

Fingramota.kz халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жобасы аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және KASE студент жастар арасында қаржылық сауаттылық пен инвестициялық мәдениетті арттырудың маңыздылығына қол жеткізу үшін қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа қолдау көрсетеді. 

white-arrow Тізімге