Банк жұмысындағы іркіліс немесе «блок»: ақшасыз қалмаудың жолдары

time 12.08.2022
aye 4333
Банк жұмысындағы іркіліс немесе «блок»: ақшасыз қалмаудың жолдары

Әлемнің бірде бір электрондық жүйесі техникалық іркілістерден сақтана алмайды. Алайда, ақша операцияларын жүргізу кезінде сіз мұндай жағдайды бастан өткерсеңіз, оған дүрлігудің қажеті жоқ. Fingramota.kz бұл жөнінде бірнеше ұсыным береді.

Банктің немесе банкоматтың жұмысында іркілістер болуы мүмкін немесе қандай да бір себептермен сіздің төлем картаңызға шектеу қойылуы мүмкін бірнеше жағдайды қарастырайық.

Банктің бүкіл жүйесіндегі техникалық іркіліс

Ол бірнеше минутқа, не бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Егер банк бұл уақытта техникалық жұмыстар жүргізетін болса,  банк ол жөнінде өз сайтында немесе мобильдік қосымшаның жаңалықтар легінде хабарлауға тиіс.   Бірнеше сағатқа немесе одан ұзақ уақытқа созылатын күтпеген іркілістер кезінде банк ол туралы клиенттерге SMS-жіберілім, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желілер арқылы хабарлайды.

Не істеу керек? Ең бастысы  – дүрлікпеңіз  және тек ресми ақпаратқа сеніңіз. Техникалық жұмыстар аяқталғанға дейін күтіңіз. Осыдан кейін міндетті түрде өз шоттарыңызды тексеру қажет. Егер сіз қате тапсаңыз, сізге қызмет көрсететін банктің қызметкерлеріне қоңырау орталығының ресми нөмірі арқылы дереу хабарлаңыз.

Жалпы, мұндай жағдайлардан өзіңізді алдын ала сақтандыру абзал.  Мұндай жағдайдан шығудың  жолы – басқа банкте тағы бір карточка жасау, сондай-ақ үйде қолма-қол ақша ұстау, ол ақша сізге алғашқы уақытқа, мысалы, азық-түлік, жол жүру ақысына  және т. б. үшін жеткілікті болуы керек.

Есіңізде болсын, банктердегі техникалық іркілістерге байланысты жағдайды қаржылық алаяқтар пайдаланады. Мысалы, олар сізге қаржы институтының атынан қоңырау шалып, техникалық ақауларды түзету, деректерді тексеру, қаражатыңызды «қауіпсіз» шоттарға аудару үшін карточканың нөмірін, картаның артқы жағындағы құпия үш таңбалы кодты, парольдерді т. б. сұраулары мүмкін. Ешбір жағдайда бөгде адамдарға құпия ақпаратты хабарламаңыз. Есіңізде болсын, банк қызметкерлері бұл ақпаратты ешқашанда бірінші болып сұрамайды.  Әңгімені доғарып,  оқыс оқиға туралы банкке хабарлаңыз.

Банк сіздің картаңызды бұғаттады

Сіздің картаңызда қаражат бар, ақша түсімдері де болуы мүмкін, алайда сіз ақшаны шешіп ала алмайсыз. Сондай-ақ, мобильді банкинг арқылы картамен операциялар жасау мүмкін емес.  Бұл бірнеше себептерге байланысты болуы мүмкін.

1. Күдікті транзакция. Мысалы, банктің сіз терроризмді қаржыландыру тәуекелі жоғары елге ақшамен операциялар жасаған не клиент жүйелі түрде Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөнінде қаржы шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын мемлекетте тіркелген адамдардың қатысуымен операциялар жасаған деп пайымдауға негізі бар. Клиенттің жүйелі түрде офшорлық аймақта ашылған банктік шотқа ірі көлемде өз қаражатын аударуы, ірі сомалармен операциялар, мысалы, иесі белгісіз  шоттарға электрондық әмияндар арқылы және басқа операциялар – банк тоқтата тұруға құқылы күдікті транзакциялар болып табылады.

2. Банктік шоттағы ақшаға тыйым салу. Соттар сот актілерінің негізінде және сот орындаушылары сот орындаушыларының қаулылары негізінде тыйым салуы мүмкін. Шығыс операцияларын жүргізуге шектеу уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тиісті өкімдері негізінде де, мысалы, салықтарды төлемеген, тергеу жұмыстарын жүргізген, алаяқтық операцияларға күдік болған және басқалар кезінде қойылуы мүмкін.

Бұл ретте мемлекеттің жәрдемақылары мен әлеуметтік төлемдерін, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару мақсатында ашылған банк шоттары тыйым салудан және операцияларды тоқтата тұрудан қорғалған.

Не істеу керек ? Банкке ресми байланыс арналары арқылы хабарласу қажет. Бұғаттаудың себебін нақтылаңыз және оны жойыңыз, тек бұзушылық фактісі жойылғаннан кейін немесе қарыз болған жағдайда өтегеннен кейін банк ақшаны алуға рұқсат береді.

Егер сіздің картаңыз бойынша операцияларды жүргізуге шектеулер мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың актілері мен өкімдеріне байланысты болса, онда қажетті түсіндірмелерді алу үшін тікелей соларға жүгіну қажет.

Толығырақ "Төлемдер мен аудармалар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге