Инвестициялық құралдар: олар қандай құралдар және оларды қалай дұрыс пайдалану керек

time 10.08.2023
aye 5971
Инвестициялық құралдар: олар қандай құралдар және оларды қалай дұрыс пайдалану керек

Қазіргі өмірде әрқайсымыз өз капиталымызды жинап, оны көбейтуге тырысамыз. Шынында да, белгілі бір мөлшерде қаражат жинап өмір сүрген әлдеқайда тыныш. Мәселе – жинаған қаражатымызды сақтау ғана емес, оны көбейту үшін қандай да бір құралдарға ұтымды салуда.

Қаражатты салудың болжамды нұсқаларын Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.

Банк салымы

Жинаған қаражатыңызды сақтаудың ең сенімді тәсілдерінің бірі – екінші деңгейдегі банктердің бірінде депозит ашу. Бүгінде Қазақстан банктері бірден депозиттердің бірнеше түрін ұсынады – мерзімді, мерзімді емес, жинақ. Олар бір-бірінен сыйақы мөлшерімен, сондай-ақ жинақталған қаражаттың бір бөлігін немесе бүкіл соманы мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінің болу-болмауымен ерекшеленеді.

Мысалы, жинақ депозитіне ақша салу арқылы болуы мүмкін ең жоғары сыйақыны алуға болады, бірақ ақшаны сақтау мерзімі ішінде оны ішінара алуға тыйым салынады, ал мерзімінен бұрын толық алу үшін банкке 30 күн бұрын хабарлау қажет. Депозиттен ақшаны ішінара алғысы келетін адамдар үшін ең қолайлы нұсқа – мерзімді емес салымдар.

Мерзімді депозиттерді таңдаған жағдайда, адамның ақшаны ішінара алуға мүмкіндігі болады, бірақ бұл жағдайда банк есептелген кірістің жартысына дейін ұстап қала алады.

Қымбат металдарға инвестициялау

Жинақталған қаражатты салудың тағы бір құралы – алтынға және басқа да қымбат металдарға инвестициялау. Қаражат жинаудың балама нұсқасы ретінде қымбат металға салуға, мысалы, ҚР Ұлттық Банкінің алтын құймаларын сатып алуға болады.

Сіз оларды онлайн металл шот ашу арқылы сақтай аласыз (бүгінде кейбір екінші деңгейдегі банктердің клиенттерінде мұндай мүмкіндік бар). Ақша қымбат металдарда сақталған жағдайда, олардың нарықтағы бағасының түсу де, өсу де тәуекелі бар.

Сондай-ақ, егер сіз құймаларды үйде сақтасаңыз, онда оларды пәтер ұрылары ұрлап кету қаупі бар.

Бағалы қағаздарға инвестициялау

Акциялар мен облигацияларға ақша салу – жоғарыда аталған екі тәсілге қарағанда қауіпті құрал. Себебі, бағалы қағаздар кез келген уақытта күрт арзандауы мүмкін, ал мұндай сәттерде инвестордың қате стратегиясы салған қаражатын жоғалту қаупін тудыруы мүмкін.

Өз жинақтарыңызды акцияларға сауатты салу үшін қор нарығының негізгі ережелерін зерделеп алған жөн болар еді, олардың ең бастысы: «Арзандаған кезде сатып алыңыз, қымбаттаған кезде сатыңыз».

Кез-келген инвестицияның тәуекелмен байланысты екенін ұмытпаңыз.

Толығырақ " Бағалы қағаздар нарығы " бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге