Кері байланыс: қаңтар айында жиі қойылған сұрақтарға жауаптар

time 11.02.2022
aye 5792
Кері байланыс: қаңтар айында жиі қойылған сұрақтарға жауаптар

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтармен жедел өзара іс-қимыл жасау үшін барлық мүмкін болатын коммуникация арналарын пайдаланады.

Халыққа қаржылық реттеушінің, қаржы ұйымдарының, реттелетін субъектілердің қызметі және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың қолжетімділігі мен толықтығын арттыру мақсатында Агенттікте 2021 жылғы 24 мамырдан бастап +7 727 237 1000 нөмірі бойынша call-орталық жұмыс істейді.

Call-орталық арқылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өз құқықтары мен мүдделерін қорғау, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру мәселелері бойынша консультациялар ала алады. Сондай-ақ шұғыл сипаттағы мәселелерді тікелей қаржы, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жедел шешуге мүмкіндік туды.

Халықпен жедел өзара іс-қимыл жасау және кері байланысты нығайту мақсатында Агенттікте 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында азаматтар банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды алуға, кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті қайта құрылымдауға, қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржылық пирамидаларға қатысты сұрақтар қойды.

Сұрақ: Айтыңызшы, «кредит бойынша кейінге қалдыру» нені білдіреді? Яғни, егер менің кредитті өтеу мүмкіндігім болмаса, онда мен мерзімін ұзарту үшін өз банкіме жүгініп, қаржылық жағдайым тұрақтанғанша, бірнеше айдан кейін барып кредит бойынша ай сайынғы жарналарға кірісемін бе? Және кейінге қалдыруға өтінішті қай күнге дейін беруім керек?

Жауап: Банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешектің пайда болу жағдайларын болдырмау мақсатында Агенттіктің 2022 жылғы 10 қаңтардағы бұйрығымен Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібі бекітілді. Кейінге қалдыруды алу үшін Сіз кредиттік ұйымға, Сіздің жағдайыңызда банкке ағымдағы жылдың 4 сәуірін қоса алғанға дейін тиісті өтінішпен жүгінуіңіз қажет, содан кейін кредитор кейінге қалдыру мүмкіндігін беру туралы тиісті шешім қабылдайды.

    Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру:

    - қарыз мерзімінің соңына дейін бұрын кейінге қалдырылған төлемдерді біркелкі бөлу түріндегі төлемдердің жаңа кестесін белгілеу;

    - төлемдер мөлшерін сақтай отырып, қарыз мерзімін ұлғайту;

    - кредиттік ұйым қарыз алушымен келіскен банктік қарыз және (немесе) микрокредит шартының талаптарын өзгерту нәтижесінде өзге кесте арқылы беріледі.

Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру кезеңіне кредиттік ұйым :

    - қарыз алушының банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) есептемейді және төлеуді талап етпейді;

    - банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш сомасына есептелген және мерзімі өткен сыйақыны, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) капиталдандыруды (жинақтауды) жүзеге асырмайды.

Кейінге қалдыруды ұсынудан негізсіз бас тартылған жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне растайтын құжаттарды қоса бере отырып жүгінуге құқылысыз. Агенттік сіздің өтінішіңіздің негізінде өз өкілеттіктері шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастама жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін оның іс-әрекеттеріне баға береді.

Сұрақ: Мен жеке кәсіпкермін және микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды аламын деп ойлаймын. Кейінге қалдыру қандай кезеңге беріледі және мен МҚҰ-ға қашықтан өтініш бере аламын ба?

Жауап: Иә, сіз шағын несие ресімделген микроқаржы ұйымына (бұдан әрі – МҚҰ) өтініш бере аласыз. МҚҰ қарыз алушының қаржылық жай-күйінің нашарлауы немесе төтенше жағдай кезеңінде келтірілген залал туралы ақпарат болған кезде оның микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерін (бұдан әрі – кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру) тоқтата тұрады.

Қарыз алушының кредиті бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды кредиттік ұйым 2022 жылғы 5 қаңтардан 5 сәуірге дейінгі кезеңге береді. Сіздің және МҚҰ-ның өзара келісімі бойынша кейінге қалдырудың басқа мерзімі белгіленуі мүмкін. Өтінішті кредиттік ұйымға қашықтан да: электрондық пошта, онлайн-жүйе, интернет-ресурс, мобильдік қосымша, басқа да байланыс құралдары арқылы да, қарыз алушының кредиттік ұйымның кеңсесіне жеке баруы арқылы да жіберуге болады.

Сұрақ: Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру үшін қандай құжаттарды ұсыну қажет?

Жауап: Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қаржылық жай-күйінің нашарлауын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру себебін қамтитын еркін нысанда жасалған қарыз алушының өтініші негізінде беріледі. Мысалы, қаржылық есептілік, залалдың фотосы/бейнесі, жұмыс орнынан табысынан айырылу туралы анықтама, ауруханадан анықтама және т.б. Өтініш кредиттік ұйымға 2022 жылғы 4 сәуірді қоса алғанға дейін берілуі мүмкін.

Сұрақ: Кредитор маған кредитті қайта қаржыландыруды ұсынады, мен келісемін деп ойлаймын. Сіз қандай кеңес берер едіңіз?

Жауап: Қайта қаржыландыруға тек талаптары тиімді болған жағдайда ғана келісуге болады. Яғни, кредитор қайта қаржыландыру кезінде пайыздық мөлшерлемені төмендетуді, артық төлемді азайтуды, ай сайынғы төлемді қысқартуды ұсынуы тиіс. Ешбір жағдайда қарызды жағдайыңызды нашарлататын талаптармен қайта қаржыландыруға болмайды, себебі бұл сізге қарыз алушы ретінде қосымша қаржылық жүктеме тудырады.

Жаңа шартқа қол қоймас бұрын оны мұқият зерделеп, оқып шығыңыз!

Сұрақ: Төтенше жағдай кезінде зардап шекпеген, алайда  қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарға төлемді кейінге қалдыруды қалай алуға болады?

Жауап : 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредиттік ұйымдардың (банктің немесе микроқаржы ұйымының) қарыз алушы- жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылады. Осылайша, кредторлар қарыз алушы - жеке тұлғаны мерзімін өткізіп алу басталған сәттен бастап 20 күн  ішінде оның пайда болғаны туралы хабардар етуге міндетті. Хабарламада олар туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсетумен төлемдер енгізу қажеттілігі, қарыз алушы - жеке тұлғаның кредиттік ұйымға жүгіну құқығы және банктік кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы ақпарат беруге тиіс.

Егер қарыз алушының банктік кредит бойынша мерзімі өткен берешегі болса, ол мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде кредитті қайта құрылымдау үшін оған қызмет көрсетілетін қаржы институтына жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген басқа тәсілмен жүгінуі қажет.

Өз өтінішіңізде мыналарды көрсету қажет:

1.      Өз міндеттемелеріңізді орындамау себебін. Қолыңызда туындаған қиындықтарды растайтын қандай да болмасын  құжаттардың бірінің болуы маңызды;

2.      Міндеттемелерді орындау бойынша өз ұсыныстарыңыз. Сіз, мысалы, сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуді, төлемді кейінге қалдыруды, шарттың қолданыс мерзімін, өтеу әдісін өзгертуді, мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруді, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) жоюды, өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды ескере отырып, жаңа төлем кестесін жасауды немесе кепіл мүлкін дербес өткізуді ұсына аласыз.

Кредиттік ұйым сіздің өтінішіңізді қабылдауға, тіркеуге, қарауға және:

- шарттың талаптарына сіз ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісуге;

- шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беру;

- бас тарту, бірақ себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, 15 күнтізбелік күн ішінде жауап беруге міндетті.

Шарттың талаптарына өзгерістер енгізу кредитор осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.

Егер қарыз алушы кредитормен келісімге келе алмаған жағдайда, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте міндетті түрде өзінің кредиттік ұйымға жүгінгенін және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбегенін растауды ұсыну қажет. Агенттік өтініштің негізінде өз өкілеттіктері шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастама көтереді және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін кредиттік ұйымның іс-қимылына баға береді.

Азаматтар Агенттікке мына тәсілдермен жүгіне алады:

  1. Қазақстан Республикасының электрондық үкімет порталы (https://egov.kz/cms/ru) арқылы «Электрондық өтініштер» сервисінде «Қызметке онлайн тапсырыс беруді» таңдап, растайтын құжаттарды қоса бере отырып, өтініш мәтінін толтырады;
  2. eOtinish электрондық сервисінің (https://eotinish.kz/) көмегімен. Өтініш беру eGov қосымшасы арқылы жүзеге асырылады, «өтініш беру» сервисінде «Өтініш» таңдап, өтініш мәтінін толтырады;
  3. Агенттіктің мекенжайы бойынша жазбаша түрде: А15С9Т5, Алматы қаласы, Көктем-3 шағын ауданы, 21-үй;
  4. Агенттіктің Өңірлік өкілдер басқармасына, олардың мекенжайларын мына сілтеме бойынша табуға болады:

https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/about/structure/185/1?lang=ru.

Сұрақ: Мен әлеуметтік желілердегі бір компанияның жарнамасын көрдім, ол вайн болды. Біраз уақыттан кейін бұл ұйым қаржы пирамидасы екендігі белгілі болды. Алаяқтықты – қаржы пирамидасы қандай да бір белгілер бойынша қалай анықтауға болады?

Жауап: Қаржы (немесе инвестициялық) пирамидасы – бұл жаңадан келген салымшылардан үнемі ақша тарту арқылы құрылымға қатысушылардың кірісін қамтамасыз етудің заңсыз тәсілі. Мұндай құрылымдардың сансыз нұсқалары бар.

Қаржы пирамидасының негізгі белгілері:

  1.   уәкілетті органның қаржы нарығында ақша қаражатын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін берілген лицензиясының болмауы. Мұндай лицензияны Қазақстанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді. Бұл ақпарат жалпыға қол жетімді және оны тексеру оңай – ол қаржы реттеушісінің сайтында орналасқан.
  2. ағымдағы нарықтық деңгейден бірнеше есе жоғары және өте жоғары кірістілік туралы уәде беру;
  3. жаңа қатысушыларды тарту үшін қаражат төлеу;
  4. түрлі «депозиттерге» немесе «инвестициялық» жобаларға салған кезде кірістілікті алуға кепілдік беру. Қазақстанда депозиттер түрінде не қаржы құралдарына инвестицияларды жүзеге асыру үшін ақша қаражатын тек екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокерлер-дилерлер және басқарушы компаниялар) тарта алатынын есте сақтаңыз;
  5. ақшаны қайтарудың нақты қағидаларының болмауы, бұл да алаңдатарлық жағдай. Сіз өзіңіздің салған қаражатыңызды басқара алуыңыз қажет және қажет болған жағдайда ақшаны шығарып алу мүмкіндігі болуға тиіс.
  6. БАҚ-та, Интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілерде үсті-үстіне берілген жарнама. Әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі қатысушылардың оң пікірлеріне сенбеңіз – олар жалған болуы мүмкін;
  7. ақпараттың болмауы: құрылтайшылар, құрылтай құжаттары, қаржылық көрсеткіштер және қызмет нәтижелері туралы; есептіліктің болмауы; активтер мен инвестициялау бағыттарының айқын емес құрылымы; ұйым қызметінің нақты анықтамасы жоқ;
  8. меншікті негізгі құралдардың, басқа да қымбат активтердің және басқалардың болмауы.

 

Егер сіз өз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін ұйымда жоғарыда аталған белгілердің кем дегенде бірнешеуі кездессе, сіздің ойланғаныңыз жөн болады, мүмкін олардың сізді қаржы пирамидасына тартпақ ойлары бар шығар. Сондықтан абай болыңыз және қырағы болыңыз!

white-arrow Тізімге