Қор нарығын дамыту оң нәтижелерді көрсетті

time 10.06.2021
aye 5218
Қор нарығын дамыту оң нәтижелерді көрсетті

KASE қор нарығын жиынтық капиталдандыру жыл басынан бастап ІЖӨ-нің 52%-на дейін өсті (2020 жылы - ІЖӨ-нің 49%). Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова ведомствоның 2021 жылдың 5 айының жұмыс қорытындысы бойынша хабарлады.

Акциялар нарығын капиталдандыру ағымдағы жылдың басынан бастап 12,6%-ға 21,5 трлн теңгеге дейін корпоративтік эмитенттер акцияларының құнын ұлғайту есебінен ұлғайды. Айналыстағы жеке облигациялар көлемі ағымдағы жылдың басынан бастап 0,7%-ға 14,6 трлн теңгеге дейін айналыс мерзімі өткен корпоративтік борыштар  шығарылымдарын өтеу есебінен азайды.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қор биржасының ресми тізімінде 137 атаудағы акциялар және 269 облигация шығарылымы болды. Ресми тізімге акциялардың 2 жаңа шығарылымы және облигациялардың 20 жаңа шығарылымы енгізілді.

Қор нарығын дамыту үшін Агенттік институционалдық және бөлшек инвесторлардың рөлін күшейту бойынша жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты брокерлердің мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, биометриялық идентификаттау арқылы брокерлік шарттарды қашықтан жасасу үшін жағдайлар кеңейтілді, сондай-ақ банктерге өз клиенттеріне брокерлік қызметтердің толық аясын көрсету құқығы берілді. Қабылданған реттеушілік шаралар нәтижесінде бағалы қағаздар нарығындағы инвесторлар санының өсуі 21%-ды құрады, ал инвесторлардың жалпы саны 166 мыңға жетті.

 Осыған байланысты бағалы қағаздар нарығына бөлшек инвесторларды тарту үшін Агенттік жосықсыз делдалдардың алаяқтық әрекеттерінен инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту жұмысын жүргізуде. Ол үшін Агенттік заңнамалық деңгейде Форекс нарығында қызмет көрсететін субъектілерді реттеу алаңына қосуды, өз клиенттеріне шығындарға әкеп соққан дұрыс емес инвестициялық ұсынымдар бергені үшін брокерлер мен басқарушылардың (инвестициялық кеңесшілердің) материалдық жауапкершілігін енгізуді ұсынды. Тиісті заңнамалық түзетулер блогы талқылау үшін ҚР Парламентінің Мәжілісіне енгізілді.

Жүйелік деңгейде жосықсыз іс-қимылдың және нарықтық асыра пайдаланушылықтың жолын кесу мақсатында Агенттік күдікті мәмілелердің мониторингін жалғастырады, олардың нарықтық баға белгілеуге, биржалық нарықтағы активтердің сұранысына немесе ұсынысына теріс әсерін болдырмау үшін алыпсатарлық сипаттағы операцияларды талдауды күшейтетін болады.

Пандемияның, карантиндік шектеулердің және іскерлік белсенділіктің құлдырауының салдары кәсіпкерлердің қаржыландыруға қол жеткізуін шектеді, осыған байланысты Агенттік міндеттерінің бірі  қор нарығының экономиканы қорландырудың баламалы арнасы ретіндегі рөлін арттыру болып табылады. Ол үшін Агенттік қор нарығының дамуын тежейтін негізгі сын-қатерлерді айқындады, олар бойынша Агенттік «Халықтық IPO» форматында ұлттық компанияларды жекешелендіруді қайта бастауға, қаржы құралдарының жаңа түрлерін енгізуге, 2021 жылдың соңына дейін «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қазақстандық компаниялар үшін корпоративтік басқарудың ұлттық Кодексін әзірлеуге, қор нарығының тетіктері арқылы жеке компаниялар үшін капитал тарту үшін ынталандырулар енгізуге бағытталған қосымша жүйелі шараларды пысықтауда.

white-arrow Тізімге