Пайдалы сақтандыру. Балаларды не үшін сақтандыру керек?

time 5.11.2021
aye 7281
Пайдалы сақтандыру.  Балаларды не үшін сақтандыру керек?

Сақтандыру деген не? Бұл қаржылық қызметтің қажеті не, одан қандай пайда болуы мүмкін? Мысалы, сақтандыру полисі кинода қауіпті трюктерді орындайтын каскадёрлерде болады, кей әншілер өз дауыстарын сақтандырады, туристер сақтандыруды сатып алады, сондай-ақ барлық автомобиль иелерінде сақтандыру болады. Ата-аналар өз баласы үшін «балаларға арналған» сақтандыруды да қарастыра алады. Тіпті, коронавирустан сақтандыру полисі де бар. Жалпы сақтандырудың қажеті не, талқылайық.

Сақтандыру – өзіңді, денсаулығыңды және мүлкіңді (үй, пәтер, құнды заттар) түрлі тәуекелдерден қорғау мүмкіндігі. Қазіргі кезде сақтандыру компаниялары қызметінің танымалдылығы бүкіл әлем бойынша күн сайын артып келеді.

Кез келген дүниені және кез келген жағдайда сақтандыруға болады. Мысалы, ауруға шалдығу немесе жарақат алу жағдайына сақтандыру полисін сатып алған тиімді. Үйіңізді немесе пәтеріңізді өрттен, су басудан, ұрлық пен өзге де жағдайлардан сақтандыруға болады. Егер сақтандырылған затқа бірдеңе болса, сақтандыру компаниясы шарт талаптары бойынша шығынды ақшалай түрде өтейді. Демек сақтандырылған адам ақшалай өтемақы алады.

Сақтандыру төлемдерінің барлық талаптары клиентпен алдын ала талқыланып, сақтандыру компаниясымен жасалған шартта көрсетіледі.

Балаларды не үшін сақтандыру керек? Біріншіден, негізгі мақсат үшін, атап айтқанда баланың өмірі мен денсаулығын сақтандыру үшін, екіншіден, қандай да бір мақсатқа, мысалы, ЖОО-ға түсуге белгілі бір ақша сомасын жинақтау үшін. Ата-ана өсіп келе жатқан баласына белгілі бір жасқа дейін қандай сома қажет болатынын өзі анықтайды және сақтандыру компаниясының көмегімен ақша жинай бастайды. Бұл тиімді және ыңғайлы. Бірақ бұл қаржы құралына инвестициялау қысқа мерзім ішінде –1-2 жылда жүзеге асырылмайтынын түсіну керек, бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Баланың шотына үнемі қанша ақша салу керек болатынын сақтандыру компаниясы есептейді. Сақтандыру жағдайы басталған жағдайда сақтандыру компаниясы шарттың талаптарына сәйкес соманы төлейді.

Түрлі жазатайым жағдайлардан балаларға арналған жеке сақтандыру түрлері бар: жарақаттану, кейбір сырқат түрлері, жәндіктердің шағуы (кейбір компаниялар, мәселен, кене шағудан сақтандыру ұсынады).

Сақтандыру компаниясымен шарт жасамас бұрын нарықтағы барлық ұсыныстарды зерделеп, сақтандыру ұйымдарының талаптарымен танысқан абзал, барлық «тиімді» және «тиімсіз» тұстарын саралап, тек содан кейін ғана асықпай шешім қабылдау қажет.

Толығырақ мына бөлімнен оқыңыздар

white-arrow Тізімге