Ақша аударымдары: өзіңізді әрі ақшаңызды қауіпті жағдайлардан қалай қорғауға болады?

time 14.08.2023
aye 6583
Ақша аударымдары: өзіңізді әрі ақшаңызды қауіпті жағдайлардан қалай қорғауға болады?

Бүгінгі күні ақша аударымдары біздің күнделікті өмірімізге мықтап енген. Мысалы, ақшаны жақындарыңызға тек банктік қосымшалар арқылы ғана емес, сондай-ақ ақша аударымдарының арнайы сервистерін пайдалана отырып, әртүрлі тәсілдермен жібере аласыз. Алайда ақша аударымдарының ыңғайлылығы мен қол жетімділігі алаяқтар үшін пайда көрудің тағы бір тәсілі болды.

Fingramota.kz-пен бірге алаяқтардың ақша аударымдарымен байланысты ең танымал тәсілдерін қарайық.

«Мама, бұл - мен!»

Егер адам туғандары мен жақындарына ақша жіберсе, оған ешқандай қауіп жоқ болып көрінуі мүмкін. Расымен де, бұл аударымды кім «ұстап қалуы» мүмкін? Шын мәнінде, алаяқтар бұл тәсілді де меңгеріп алды. Мысалы, егде жастағы әйелге оның ұлының, қызының немесе немерелерінің атынан қоңырау шалып, әлдебір нөмірге шұғыл түрде ақша аудару керектігін айтады. Мұндай жағдайда қаскүнемдер құрбандары эмоцияға беріліп, қоңырау шалып тұрған адамның жақыны екенін және оған расымен ақша керектігін тексеріп жатпайды деп сенеді.

Алаяқтар мұндай тәсілді өз махаббаттарын кездестірмеген жалғыз басты жастарға да қолданып жатады. Олар танысудың жалған парақшаларын ашып, қарым-қатынас орнатады. Кейін олар сіздің аяушылығыңыз бен жомарттығыңызды пайдаланып, ақша аударымы түрінде шұғыл көмектің керектігі жайында оқиғаны ойдан құрастыруы мүмкін.

«Сауалнамаға жауап беріңіз де, миллион ұтып алыңыз!»

Сіз мұқтаж жандарға ақша жіберу туралы «түсініксіз» электрондық хат алып көрдіңіз бе? Немесе әлеуметтік желілерде танымал тұлғаның немесе мемлекеттік органдардың атын жамылған әдемі баннер пайда болып, сауалнамаға жауап беріп, төлем жасауды ұсынуы мүмкін.

Сауалнама көбіне оп-оңай келеді, сізден қандай киімнің брендтерін, автокөлік түрлерін немесе ритейлдерді білетініңізді қызықтап сұрауы мүмкін, содан кейін сауалнамаға жауап бергеніңіз үшін «лайықты» сыйақы алуыңызбен құттықтайды. Әрине, оны алу үшін алдымен банктердің комиссияларын төлеп, «шағын» сома жіберуіңіз керек болады.

Сенгіш құрбан картадан өз деректерін шынайы енгізіп, нәтижесінде ешқандай сыйақы алмағанын, картасындағы барлық ақшаның түсініксіз шоттарға аударылғанын анықтайды. Бұл жағдайда адам транзакцияның күшін жоя алмайды, ал алаяқтар әдетте мұндай тәсілдерді шетелде отырып жасайды.

Бұл тәсілді іске асырудың көптеген нұсқалары бар. Сізге нарық құнынан әлдеқайда төмен бағамен үй немесе автокөлік сатып алуға ұсыныс жасауы мүмкін, осындай мүмкіндікті жіберіп алмау үшін аванстық төлем жіберуді сұрайды. Алаяқтар өздерін қайырымдылық ұйымының өкілдері ретінде таныстырып, банктік аударым арқылы қайырымдылыққа ақша жинауы немесе сізді шетелдік биржаларда және «болашағы зор» жобаларға қатысу үшін мол табыстармен қызықтыруы мүмкін.

Оларды әшкерелеу оңай емес, себебі олар заңды түрде жұмыс жасайтын қайырымдылық ұйымының атын жамылып, өздерін шетелдік инвестициялық компанияның өкілі деп таныстыруы мүмкін, бірақ ақша аударуға келгенде олар сізге алаяқтық шоттың деректерін береді.

Толығырақ "Абайлаңыз, алаяқтар" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге