Шығыс Қазақстан облысында қаржылық сауаттылық бойынша семинарлар өтті

time 19.07.2021
aye 5606
Шығыс Қазақстан облысында қаржылық сауаттылық бойынша семинарлар өтті

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Қазақстандағы IDF Eurasia тобы Өскемен қаласында қаржылық сауаттылық бойынша үш күндік семинар өткізді. Семинар барысында өңірдегі және кәсіпкерлік қызметтегі қаржылық сауаттылыққа байланысты проблемалық мәселелер пысықталды.

Агенттік 2020 жылы жүргізген әлеуметтанушылық зерттеу нәтижелері бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы қаржылық сауаттылық деңгейі 30,1%-ды құрады, бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен біршама төмен, ол 39,07%-ға тең. Олардың өңірдегі ең төмен көрсеткіштерінің бірі - қаржы жүйесі туралы хабардар болу (12,4%). Осыған орай, өңірде қаржылық сауаттылықты дамыту мәселесі алдыңғы қатарда тұр.

Өскемен қаласында өткізілген семинарлардың қорытындысы бойынша қаржылық білім беруге байланысты бірқатар проблемалық мәселелер анықталды.

 «Шығыс Қазақстан облысы өмір сүру деңгейі жоғары өте ірі өңір. Бұл ретте өңірде қаржылық алаяқтықтың айтарлықтай деңгейі байқалады. Осыған орай, халықтың әл-ауқатының жақсы  болуына байланысты түрлі тренингтер мен білім беру дәрістері белсенді түрде өткізіліп тұрады. Алайда көбінесе бұл тренингтер қаржылық сауаттылықты арттыру үшін емес, қаржы өнімдерін және тіпті алаяқтық схемаларды насихаттау үшін өткізіледі», - дейді «№ 1 Қаржылық сауаттылық мектебінің» директоры Ақжүніс Брасилова, қазақ тіліндегі спикер.

«Тренингке қатысушылар ақпараттың жоғары деңгейін және оның пайдалылығын бағалады. Негізінде, тыңдаушылардың көпшілігі қаржылық өнімдер мен қызметтер туралы жеткілікті хабардар болды, оларда базалық деңгейде жеке қаржылық операцияларды жүргізу дағдылары қалыптасқан. Бұл ретте олар үшін Даму, кредит беру құралдары туралы ақпарат пайдалы болды, жинақтарды қалыптастыру тетіктері жоғары бағаланды», - деп ойымен бөлісті «Успешное финансирование» курсының авторы Роман Маргацкий.

«Бүгінгі таңда кәсіпкерлердің ісі неге өрге баспай отыр? Себебі олар қаржыны басқара алмайды, бизнес-үлгілеумен таныс емес, қаржылық менеджментті, бастапқы бухгалтерлік есептілікті білмейді», - деп атап өтті Елена Березинская – Абилова ШҚО Іскер әйелдер Өңірлік кеңесінің төрайымы.

Оның айтуынша, қаржылық сауаттылық бойынша тренингтердің құндылығы ақпараттың толық болуында және тиімді түрде берілуінде болып табылады. Әдетте, қаржылық білім деңгейін арттырғысы келетін кәсіпкерлер ынталандыратын бизнес-тренингтерге жиі жүгінуге тырысады.

«Мен осы семинарлар шеңберінде ұсынылған кейске өте қуаныштымын. Алаяқтық, қаржылық сауаттылық, кредиттендіру туралы ақпарат - барлық аспектілер бойынша қолжетімді және түсінікті форматта толық жауаптар берілді», - деп қорытындылады Елена Березинская – Абилова.

Семинарға облыстың 60-тан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлері қатысты, олар  сондай-ақ осындай кездесулерді өткізудің қажеттілігі мен жоғары тиімділігін атап өтті.

 «Мен бірнеше жылдан бері ерлер мен әйелдер киімін өндірумен айналысып келемін. Алайда, Бизнестің ерекшелігіне байланысты қаржылық қиындықтар үнемі пайда болып отырады. Кейде тапқан қаражат жұмысшылардың жалақысына ғана жетеді. Бұл семинарлар өз бизнесіне сырт көзбен қарауға және нені дұрыс істемегеніңді, қандай себептер бойынша тұрақты табысқа шыға алмай жүргеніңді түсінуге мүмкіндік береді.    Дәріс қорытындысы бойынша шығындар мен менеджментке байланысты мәселелерді қайта қарау қажет деген түсінік пайда болды», - деп қосты семинарға қатысушылардың бірі, Өскемен қаласындағы тігін цехының басшысы.

Кәсіпкерлер арасында қаржылық біліммен байланысы жоқ болып көрінетін кәсіпорындардың өкілдері де болды. Дегенмен, семинарға қатысқан омарта иесінің айтуынша, омарташылықтың бизнестің басқа түрінен еш айырмашылығы жоқ.

«Омартада жұмыс істеу қатаң есептілік пен бизнес-жоспарлауды қажет етеді. Бұл бизнес тек бір қарағанда оңай сияқты, іс жүзінде қажетті білімсіз оны жүргізу өте қиын. Менде омартасы бар достарым бар, бірақ олар одан көп ақша таба алмай отыр. Дәрісте мен сарапшыларды тыңдауға, менің бизнесімде қолдануға болатын жаңа білім алуға келдім. Кейбір ақпартпен бұрыннан таныс едім, алайда кейбір қаржы құралдары туралы ақпаратты естімеппін», - деп атап өтті ол.

Семинарлар қазақ және орыс тілдерінде өтті. Дәрістер 2020-2024 жылдарға арналған қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасының негізгі бағыттарын ескере отырып әзірленді. Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

white-arrow Тізімге