Қысқаша қорытынды: қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қандай өтініштерін қаржы реттеушісі 2020 жылғы желтоқсанда қарады

time 4.02.2021
aye 2256
Қысқаша қорытынды: қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қандай өтініштерін қаржы реттеушісі 2020 жылғы желтоқсанда қарады

2020 жылғы желтоқсанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі  қарыз алушылардың көмек көрсету туралы өтініштерін қарауға және олардың борыш жүктемесін азайту, оның ішінде Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру шеңберінде азайту жөнінде шаралар қабылдауға бағытталды.

2020 жылғы желтоқсанда Агенттік жеке және заңды тұлғалардың қаржы ұйымдарының, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты барлығы 1 583 өтінішін қарады, бұл өткен 2020 жылғы қарашамен салыстырғанда 8%-ға (немесе 125 өтінішке) көп. Өтініштердің көп бөлігі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға) тиесілі, ол өтініштердің жалпы санының 72%-ын құрады.

Атап айтқанда азаматтар қарыздарды қайта құрылымдау/қайта қаржыландыру, оның ішінде Қайта қаржыландыру бағдарламасының шарттары және берешекті кешіру; банктік қарыз шартының талаптарын ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан тексеру; екінші деңгейдегі банктердің басқа банктердегі шоттардағы ақшаны акцептсіз өндіріп алуы; банктік қарыз шартын жасасу, орындау және тоқтату тәртібінің бұзылуы мәселелерімен жүгінген. Сақтандыру секторындағы қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштері сақтандыру төлемдерін жүзеге асырмау; микроқаржылық секторда – микроқаржы ұйымының қызметіне тексеру жүргізу; микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту;  микроқаржылық қызметтерді жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді түсіндіру мәселелеріне қатысты болды. Коллекторлық агенттіктер қызметі бойынша азаматтар негізінен коллекторлық ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымданды.

2020 жылы қаржылық қызметтерді тұтынушылар өткен жылғы 26 наурыздан бастап жұмыс істейтін жедел желі арқылы қаржы реттеушісінен түсіндірмелер мен консультациялар алу үшін белсенді түрде өтініштер берді.  2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша барлығы 23,1 мыңнан аса азаматқа түсіндіру берілді.

Өтініштердің барынша маңызды мәселелері мыналар болып табылады:

- кредиторлардың қарыздың төлеу мерзімін кейінге қалдырудан, қайта құрылымдаудан бас тартуы;

- ағымдағы төлемдерді жүзеге асыру қажеттігі және  кредиттік тарихтың нашарлауын қоса алғанда, міндеттемелерді орындамауды кешіктірудің салдары туралы  кредиттік ұйымдарды хабардар ету;

- коллекторлық агенттіктердің мәліметтерді үшінші тұлғаларға таратуы;

- қаржы ұйымдары, салық органдары және ЖСО тарапынан шоттарды бұғаттау;

- онлайн-қарыздар бойынша қаржылық алаяқтық жағдайы.

Қолданылған ықпал ету шаралары және санкци ялар

2020 жылғы желтоқсанда банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және коллекторлық агенттіктердің іс-қимылдарында  анықталған ҚР заңнамасын бұзушылықтар бойынша Агенттік 8 ұсынымдық  қадағалап ден қою  шарасын, 11 жазбаша ұйғарым және 7 513,9 мың теңгеге 35 әкімшілік жаза, оның ішінде мыналарға қатысты қолданды:

1) банктер – 555,6 мың теңге сомаға 1 әкімшілік жаза, 7 ұсынымдық  қадағалап ден қою  шарасын;

2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары – 277,8 мың теңге сомаға 1 әкімшілік жаза, 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын;

3) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар –жалпы сомасы 5 847,1 мың теңгеге 29 әкімшілік жаза, 9 жазбаша ұйғарым;

4) коллекторлық агенттіктер – 833,4 мың теңге сомаға 4 әкімшілік жаза, 2 жазбаша ұйғарым.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқықтарын негізгі бұзушылықтар: ақша төлемі және (немесе) аударымы жөніндегі нұсқауды уақтылы орындамау, банктік қарыздарға қызмет көрсету, ішкі қағидаларды, рәсімдерді, процестерді сақтамау; сақтандыру төлемін жүзеге асырмау, көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін айқындау; микрокредит беру туралы шарттарда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін көрсетпеу және анық көрсетпеу, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабардар етпеу, «Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңында көзделмеген қызметті жүзеге асыру, микрокредит беру туралы шарттың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі; алғашқы байланыс кезінде көзделген ақпаратты борышкерге хабарламау, аудиожазба материалдарының борышкермен өзара іс-қимыл жасаған күннен бастап алты ай ішінде сақталуын қамтамасыз етпеу және Агенттікке дәйексіз ақпарат беру бөлігінде коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларының талаптарын бұзу.

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру барысы туралы

Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыруды 18 банк және 3 ипотекалық ұйым жүзеге асырады.

2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2021 жылғы 1 қаңтарға қайта қаржыландыру бойынша 181,3 млрд теңге сомаға 28 804 өтінімді мақұлдады, 168,2 млрд теңге сомаға 27 761 қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде 2020 жыл ішінде 9,9 млрд теңге сомаға 1 111 қарыз қайта қаржыландырылды.

Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 2020 жылғы желтоқсанда 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды конвертациялауды аяқтады. Бағдарламаның бірінші және екінші бөлігін іске асыру кезеңінде банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды конвертациялауды жүргізді, оның ішінде Бағдарламаның бірінші бөлігі бойынша 90,5 млрд теңге сомаға 13 418 қарыз, екінші бөлігі бойынша 132,1 млрд теңге сомаға 13 784 қарыз конвертацияланды.

Осылайша Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін халықтың 100% валюталық ипотекалық қарызы ҚРҰБ-ның 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша конвертацияланды және қарыз алушылар үшін болашақта валюталық тәуекел болмайды.

Банктер Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде қарыздары бұрын ХӘОТ санаты бойынша Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға қарыз алушының берешегін азайту және жеңілдік берілген төлем кестелерін белгілеу түрінде қосымша көмек көрсету, сондай-ақ банктің балансындағы қарыз алушының жалғыз баспанасын оның меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысты банктер 2021 жылғы 1 шілдеге дейін аяқтайтын болады.

white-arrow Тізімге