Зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру туралы негізгі сұрақтар

time 27.01.2021
aye 1317
Зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру туралы негізгі сұрақтар

Қазіргі уақытта «Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан басқа инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне беру қағидалары мен мерзiмдерiн бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының жобасы және зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға беру мәселелері жөніндегі басқа да НҚА жобалары соңғы келісу сатысында.

Халықтан келіп түсіп жатқан сұрақтарды ескере отырып, қаржы реттеушісі зейнетақы активтерін жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беруге қатысты түсіндіріп беруге дайын. 

Зейнетақы активтерін беру тетігіне қатысты Агенттіктің бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Еділ Медеу түсіндіріп береді.

Зейнетақы жинақтарын аудару тетігі қандай және компанияны кім таңдайды?

Зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру құқығын:

  1.  зейнетақы жасына жетпеген және «ең төмен жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар;  
  2.  өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаған салымшылар қолдана алады.

«Ең төмен жеткіліктілік шегі», зейнетақы жинақтарының жеке басқарушыға аудару үшін қолжетімді сомасы туралы ақпарат және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы деректерді БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы (әзірленіп жатыр) және салымшының Жеке кабинеті не eGov.kz сайтында және eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы алуға болады.

Салымшы инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесімен және олар ұсынатын инвестициялық декларациялармен БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында таныса алады, содан кейін өзінің инвестициялық мақсаттарына неғұрлым сәйкес келетін басқарушы компанияны таңдайды.

Зейнетақы жинақтарын жеке басқарушыға аудару мақсаттары үшін салымшы зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына аудару туралы өтінішпен БЖЗҚ-ға жүгінуі қажет. Өтінішті БЖЗҚ-ға жеке барып беруге не БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы электрондық түрде беруге болады.

БЖЗҚ салымшының жеке зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарының не жасалған зейнетақы аннуитеті шартының бар-жоғын тексергеннен кейін 30 күн ішінде зейнетақы жинақтарының тиісті бөлігін (қалдығын) жеке компанияның басқаруына аударады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық Банктің басқаруында қала береді.

Басқарушы компанияларға зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін қандай талаптар қойылады?

Зейнетақы активтерін басқарушылар инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар және өздерін тиімді басқарушы ретінде көрсеткен нарықтағы жұмыс тәжірибесі бар жұмыс істеп тұрған компаниялардан іріктелетін болады. Бұл компанияларға қосымша лицензиялар алу қажет емес.

Басқарушы компанияда зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды жабу үшін меншікті капиталының жеткілікті мөлшері болуы тиіс. Оның меншікті капиталының мөлшері оның басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлеміне байланысты.

Басқа негізгі өлшемдердің ішінде клиенттердің активтерін басқару тәжірибесінің және соңғы бірнеше жылдың қорытындылары бойынша қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелерінің болуын бөліп көрсетуге болады. Сондай-ақ меншік иелерінің құрылымында қажет болған жағдайда компанияны үстеме капиталдандыруға қабілетті ірі акционердің болуы қажет.

Бұдан басқа, зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат беру үшін басқарушы компанияның қызметінде пруденциялық нормативтерді бұзу фактілері, орындалмаған қадағалап ден қою шаралары не Агенттік тарапынан қолданылған санкциялар, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында жосықсыз әрекет ету фактілері болмауға тиіс.

Зейнетақы активтерін беру қағидалары келісілгеннен кейін сандық және сапалық өлшемдерге жауап беретін компаниялардың тізімі Агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады және ай сайынғы негізде жаңартылады.

Компаниялар сапалы және/немесе сандық өлшемдерді бұзған жағдайда, мысалы, меншікті капитал мөлшерін азайту, компанияларға кемшіліктерді жоюға уақыт беріледі және қажет болған жағдайда қолданыстағы қадағалап ден қою шаралары немесе санкциялар қолданылады.

Салымшылардың жеке басқарушы компанияларға берілген зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігі бар ма?

Зейнетақы жинақтары азаматтардың зейнеткерлікке шыққан кезде кірістерін қамтамасыз етуге арналған, соған байланысты жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына берілетін зейнетақы активтері зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінде сақталады және зейнеткерлік жасқа жеткен кезде кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу, заңнамада көзделген өзге мақсаттар, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу үшін пайдаланылады.  

Сонымен бірге жинақтарды жеке басқаруға беру кезінде түрлі инвестициялық стратегияларды пайдалану салымшылардың тәуекелдерін әртараптандыруға, неғұрлым жоғары инвестициялық кіріс алуға және, тиісінше, зейнетақы жинақтарының көбеюіне ықпал ететін болады.

Салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға аударған кезде оның өз жинақтарын басқа басқарушы компанияға аудару не Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады.

Салымшы зейнеткерлік жасына жеткенге дейін 10 күн бұрын жеке басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтары кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мақсаттары немесе заңнамада көзделген өзге де мақсаттарға БЖЗҚ-ға қайтарылуға жатады.

Салымшының қаражатты жеке басқарушы компанияға аударған кезде оның қаражаты есебінен (валюта құралдарының үлесі, үлестік және борыштық құралдардың арақатынасы, географиялық және салалық әртараптандыру және т.б.) қалыптасатын портфельдің өлшемдерін реттеуге құқығы бар ма?

Жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруы ұжымдық инвестициялау қағидаттарында жүзеге асырылады, яғни салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын басқаруға бере отырып, басқарушы компания айқындаған, зейнетақы активтерін инвестициялау үшін арнайы әзірленген оның инвестициялық декларациясында белгіленген инвестициялық стратегиямен келіседі.

Басқарушы компанияның инвестициялық декларациясы инвестициялық портфельдің құрылымын, қаржы құралдарының түрлері бойынша инвестициялау лимиттерін және заңнамада белгіленген шектеулер шеңберінде зейнетақы активтерін әртараптандырудың басқа да нормаларын айқындайды.

Зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан басқасына жылына неше рет аударуға болады? Зейнетақы жинақтарын Ұлттық Банктің басқаруына қашан кері қайтаруға болады?

Бұл ретте бүкіл кезең ішінде салымшыларда өздерінің жинақтарын басқа басқарушы компанияға жылына бір реттен жиі емес аудару не зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға бастапқы бергеннен кейін екі жыл өткен соң Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады. Мерзімдер бойынша шектеулер басқарушылар үшін инвестициялық кеңістікті жоспарлау қажеттілігімен, сондай-ақ кірістіліктің қысқа мерзімді құбылуы кезінде салымшылардың өздерінің мүдделерін қорғаумен негізделді.

Жеке басқарушы компаниялардағы зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беруге, сондай-ақ салымшылардың мүдделерін қорғауға қатысты Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев түсіндіреді

Инфляция деңгейі ескеріле отырып, зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияларға берген кезде олардың сақталуына кепілдік беріле ме?

Салымшыларға өздерінің зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өзінің зейнетақы жоспарын құруға, өз жинақтарын инвестициялаудың баламалы саясатын таңдауға және тәуекел дәрежесінің деңгейіне сәйкес келетін кірістілік алуға мүмкіндік беріледі.

Салымшы инвестициялық портфельді басқарушыны және өзінің зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беруге арналған инвестициялық стратегияны таңдай отырып, инвестициялық тәуекелдерді өзіне қабылдайды.

Осыған байланысты, жинақтарды жеке басқаруға беру кезінде инфляция деңгейін ескере отырып, мемлекеттің зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруға қабылданған зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылды.

Бағаланатын кезеңнің қорытындысы бойынша басқарушы алған кірістілік номиналдық пен зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі мәні арасында теріс айырма туындаған жағдайда, басқарушы салымшыға осы айырманы меншікті капиталының есебінен өтеуге тиіс болады.

Кірістіліктің ең төменгі деңгейі жеке басқарушы компаниялардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігінен есептеледі.

Зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік пен орташа алынған кірістіліктің көрсеткіштері ай сайын есептеледі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

Жеке басқарушы компаниямен өзара іс-қимыл кезінде салымшылардың мүдделерін кім қорғайды?

Басқарушы компаниялар зейнетақы активтерін басқарушы мен БЖЗҚ арасында жасалатын шарт негізінде салымшылардың мүдделерін қорғайтын ұйым ретінде басқаратын болады. Шарттың үлгілік нысаны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік құқықтық актісімен анықталады.

Шартқа сәйкес БЖЗҚ салымшылардың мүдделерін білдіретіндігін ескере отырып, олардың мүдделерін қорғауды да БЖЗҚ жүзеге асыратын болады.

Өз кезегінде, Ұлттық Банк пен Агенттік өз құзыреті шегінде салымшылардың мүдделерін қорғайды.

Жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға берілген салымшылардың зейнетақы жинақтары қайда және қалай сақталады және есепке алынады? Басқарушы компания лицензиясынан айырылған не таратылған жағдайда  салымшылардың активтері не болады?

Сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерін есепке алу және сақтау басқарушы компаниямен үлестес емес кастодиан банкте ашылған БЖЗҚ шотында жүзеге асырылады.

Кастодиан банктің негізгі міндеттерінің бірі зейнетақы активтерінің мақсатты пайдаланылуын және зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының заңнама және басқарушы компанияның инвестциялық декларация талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

Салымшылардың әрқайсысының зейнетақы жинақтарын жеке есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бөлігінде өзінің ақпараттық жүйесінде жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.

Басқарушы компания өзінің зейнетақы активтерін ішкі есепке алу жүйесінің деректерін кастодиан банктің және БЖЗҚ деректерімен сәйкестігіне үшжақты кастодиан шартында белгіленген кезеңділікпен (күн сайын, апта сайын және ай сайын) үш жақты салыстыруды жүргізетін болады. Бұл кастодиан шартының әрбір тарапының зейнетақы активтерін есепке алудың ашықтығы мен дәйектілігін қамтамасыз етеді және сәйкесінше салымшылардың зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.

Басқарушы компания лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған не лицензиядан айырған жағдайда, кастодиан банкте сақтауда тұрған  зейнетақы активтері БЖЗҚ-ның Ұлттық Банктегі кастодиандық шотына қайтарылады.

Зейнетақы активтерін берген кезде салық салуға, комиссияларға, қосымша төлемдерге қатысты Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Еділ Медеу түсіндірме береді

Қаражатты басқарушы қорға беру кезінде табыс салығы салына ма?

Салымшының өзінің зейнетақы жинақтарының бөлігін жеке басқарушы компанияға басқаруға аударуы біржолғы зейнетақы төлемін алуға жатпайды, себебі жеке басқаруға берілуге тиіс зейнетақы жинақтары БЖЗҚ жүйесінде қалады. 

Осылайша, жеке басқаруға берілген зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру сәтінде табыс салығы салынбайды.

Жеке басқарушы компаниялар салымшылардың зейнетақы жинақтарын қайда салады? Басқарушы компаниялардың инвестициялық саясатына қандай да бір шектеулер бар ма?

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі басқарушы компаниялардың қызметін реттеу шеңберінде жеке басқарушы компаниялар басқаруға қабылданған зейнетақы активтерін олардың кредиттік сапасын ескере отырып инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесін айқындады.

Бұл тізбе Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарын, қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдарды қамтиды.

Портфельді әртараптандыру мақсатында зейнетақы активтерін: бір қаржы құралдары шығарылымына, бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған қаржы құралдарына, сондай-ақ шетел валютасында номинирленген қаржы құралдарына инвестициялау лимиттері белгіленген.

Бұл ретте зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясын инвестициялық портфельдің құрылымын, қаржы құралдарының түрлері бойынша инвестициялау лимиттерін және заңнамада белгіленген шектеулер шеңберінде зейнетақы активтерін әртараптандырудың басқа да нормаларын айқындайтын, бекітілетін инвестициялық декларация шеңберінде басқарушы компанияның өзі айқындайтын болады.

Зейнетақы активтерінің бір бөлігін басқарғысы келетін басқарушы компаниялар үшін қандай комиссия белгілеу жоспарлануда? Әлде бұл қандай да бір факторларға байланысты бола ма ?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының 53-бабында белгіленген зейнетақы активтерін басқарғаны үшін инвестициялық портфельді басқарушының комиссиялық сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық кірістің 7,5%-нан аспайтын шекте белгіленеді.

Комиссиялық сыйақының нақты шамасы инвестициялық портфельді  басқарушы мен БЖЗҚ арасында жасалған зейнетақы активтерін басқару туралы шартта белгіленеді.

white-arrow Тізімге