Алматының ірі жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржылық сауаттылық жөнінде көшпелі лекциялар болып өтті

time 26.02.2023
aye 10

2023 жылғы 21 ақпаннан 24 ақпан аралығында Fingramota.kz жобасының шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері қаржы ұйымдарымен бірлесіп әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Тұран» университетінде қаржылық сауаттылық жөнінде оқыту дәрістерінің циклін өткізді.

 Дәрістерде қаржы реттеушісінің өкілдерінен басқа, «КМФ-Демеу» Қорының бизнес-тренері Әлия Шарипова, экономика ғылымдарының кандидаты, «Тұран» жоғары оқу орнының «Қаржы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Роман Маргацкий, Отбасы банкінің өкілі Бәйдібек Исатаев, Алматы қ. №1 Қаржылық сауаттылық мектебінің жеке қаржы жөніндегі тренері Райхан Якубова қатысты.

Агенттіктің өкілі И. Нұрахметова тыңдаушыларға қаржылық сауаттылық жөнінде студенттерге арналған іс-әрекеттегі жобалар жөнінде айтып берді, сондай-ақ кибералаяқтықтан және қаржы пирамидаларынан қорғану тақырыбы бойынша сұрақтарға жауап берді. «Агенттіктің қаржылық сауаттылық жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысының негізгі құралдары Fingramota.kz медиапорталы және әлеуметтік желілер болып табылады. Сонымен қатар, түрлі қаржы тақырыптары жөнінде бейнероликтер, телебағдарламалар, инфографика әзірленді. Мәселен, 2022 жылы біз YouTube.kz және Aitube.kz платформаларында жастарға арналған «FinIQҚайта жүктеу» мамандандырылған бағдарламаны іске қостық».

Бұл жоба «Ақ Мерген-2023» қоғамдық байланысты дамыту саласындағы Х Қазақстан сыйлығының «Әлеуметтік білім беру жобалары» номинациясы бойынша бүкіл республика бойынша финалистердің үштігіне кірді», - деді ол

Студенттер «Жеке қаржыны қалай тиімді басқаруға болады және қаржылық қақпанның қандай түрлерінен сақтану қажет», «Қаржылық сауатты адам қандай дағдыларды меңгерген», «Кредиттік жауапкершілік жөнінде нені білген дұрыс», «Қазақстанда бүгінгі күні қандай алаяқтық схемалар таралған, өзіңізді және өзіңіздің дербес деректеріңізді қалай қауіпсіздендіруге болады, қаржы пирамидаларын қалай ажыратуға болады», «Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын кім қорғайды» тақырыптарына үлкен қызығушылық танытты.

А. Шарипова дербес қаржыны басқарудың және жеке бюджет жүргізудің маңыздылығын атап өтті, күн сайынғы шығыстарды күн сайын тіркеудің маңыздылығын қоса айтты. «Қазіргі күні бюджетті жоспарлауға және оны жүргізуге, шығыстарды бақылауға және бюджетті автоматты түрде қалыптастыруға көмектесетін, күрделілігіне қарай бөлінетін, көптеген бағдарламалар мен кестелер бар» - деді ол.

Өз кезегінде, Р. Якубова пайдалы қаржылық дағдылар туралы айтып берді және резервтік қорды қалыптастыруға қатысты бірнеше пайдалы ұсынымдар берді: «Қаржылық қауіпсіздік жастықшасы – бұл жұмыстан айырылу немесе кенеттен болатын ықтимал ірі шығындар жағдайларында жұмсауға болмайтын сома. Жинаған қаражатыңыз күтпеген жағдайларда «алып шығуға», өзіңізді бейқам әрі алаңсыз сезінуге, кредит алмауға әрі қарызға «кірмеуге» мүмкіндік береді. Қаржылық қауіпсіздік жинағының ұсынылған мөлшері – 3 айлық шығыс, яғни жалақыны емес, нақты жұмсалатын ақшаны есептеу қажет».

Р. Маргацкий студенттермен SMART мақсаттар қою құралымен бөлісті: «Сіздің қаржылық мақсаттарыңыз нақты (S), өлшенетін (M), қол жеткізілетін (А), маңызы бар (R) және уақыты жағынан шектеулі болуға тиіс. SMART-мақсаттарды дұрыс қоя білу сіз қандай жетістікке қол жеткізгіңіз келетініңізді біліп қана қоймай, сондай-ақ оны қалайша жүзеге асыратыныңызды білетініңізге кепіл болмақ.

И. Бәйдібек студенттерге банк карталарымен жасалатын алаяқтықтың құрбаны болмау жолдары жөнінде ескертті: «Ешбір жағдайда картаны үшінші адамдардың қолына бермеңіз, олар оны суретке түсіріп алуы немесе өзге тәсілмен одан ақпарат көшіріп алулары мүмкін. Егер сіз картаңыздан қаражаттың есептен шығарылғаны жөнінде күдіктенсеңіз, дереу мобильді қосымшаның немесе банктің call-орталығы арқылы бірден бұғаттап тастаңыз.

Тыңдаушылар көптеген сұрақтар қойып, қаржылық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді пайдалануға байланысты өмірінде болған оқиғалармен, сондай-ақ қаржылық алаяқтық жағдайларымен бөлісті.

Оқыту дәрістері циклінің Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде өткізілгенін атап өтеміз.

white-arrow Тізімге