1 769 астам ипотекалық қарыз алушыға 15,7 млрд теңгеге көмек көрсетілді

time 23.04.2021

2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1 769 қарыз алушыға 15,7 млрд теңге сомаға қосымша көмек көрсетілді.

Бағдарламаның үшінші бөлігінің барлық шығысын өтеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 44,6 млрд теңге бөлді. Ипотекалық қарыз алушыларға 2021 жылғы 1 шілдеге дейін көмек көрсетіледі. Қолдау көрсету үшін шамамен 8 мың азаматты қамту жоспарланып отыр. Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының өлшемшарттарына сәйкес келетін және қарыздарын өтеу үшін қиындық туындап отырған қарыз алушылар Бағдарламаның үшінші бөлігін қолдану аяқталғанға дейін борыш жүктемесін азайту үшін кредитор банктерге жүгінуі қажет.

Банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту, қарыз алушының кірісін ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болмайтындай сақтай отырып ай сайын 20 мың теңге төлеммен жеңілдікті кестелерді белгілеу түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдану құқығы берілді. Бағдарламаның шеңберінде мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер және алименттер кіріс ретінде танылмайды.

Егер қарыз алушыда жалғыз баспана болса және ол банктің балансына берілсе, онда қаржы институттарына клиентке жылдық 3%-бен сыйақы мөлшерлемесін тағайындау не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі.

Агенттік сондай-ақ Бағдарламаның жалғыз баспанасы бар азаматтар үшін 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделетін бірінші бөлігін іске асыруды жалғастыруда. Мәселен, Бағдарламаның бірінші бөлігінің шеңберінде 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 171 млрд теңге сомаға 28 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Қарыз алушылардың сыйақы, комиссиялар, айыпақы бойынша 154,3 млрд теңге сомаға берешегі кешірілді. Іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 130 млрд теңге бөлді. Қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі қарыз алушы үшін жылдық 3%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының өлшемшарттарына сәйкес келетін және қарыздарын өтеу үшін қиындық туындап отырған қарыз алушылар борыш жүктемесін азайту үшін кредитор банктерге жүгінуге құқылы.

Қарыз бойынша негізгі борыштың бұрын капиталдандырылған сомалар, қарыз алушының сыйақы, комиссиялар, айыпақы бойынша берешегі шегерілген қалдығы қайта қаржыландыруға жатады. Сонымен қатар, банктердің пайдасына борышты өндіру туралы сот актілері бар қарыздар бойынша ХӘОТ қарыз алушылар мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған.

Бағдарламаның валюталық ипотекалық қарыздарды конвертациялау көзделетін екінші бөлігін іске асыру 2020 жылы аяқталды.

Бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның барлық өңірінде Банктердің қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуларына қатысты қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Комиссиялардың құрамына Агенттіктің өңірлік өкілдері, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер енгізілген.

Агенттіктің сайтында қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін банктер қызметкерлерінің байланыс деректері және қосымша көмек көрсету мәселелерін қарау үшін қажетті құжаттардың тізбесі орналастырылған. Сондай-ақ біздің сайтымызда Бағдарлама бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар «кері байланыс» функциясымен орналастырылған.

white-arrow Тізімге