Егер кредит бойынша ай сайынғы төлемдер отбасылық бюджетіңіз үшін үлкен ауыртпалыққа айналса, қарызыңызды қайта қаржыландыру немесе қайта құрылымдау туралы ойлануға болады.
Бұл рәсімдерді қандай жағдайларда қолдануға болады, олардың бір-бірінен айырмашылығы неде, Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз.
Қайта қаржыландыру дегеніміз не?
Қайта қаржыландыру – қолданыстағы кредитті жаңасын ресімдеу арқылы өтеу. Қайта қаржыландыру үшін қарыз алушы қолданыстағы кредит ресімделген банкке немесе жаңа банкке бара алады, ол оған неғұрлым тиімді талаптармен кредитке қажетті соманы бөледі. Әдетте адамдар, егер кредит бойынша жалпы артық төлем өте үлкен болса және ай сайынғы төлемдер жоғары болса, қайта қаржыландыруға жүгінеді. Мысалы: сіз автокредитті жоғары пайызбен ресімдедіңіз, бірақ уақыт өте келе сіз басқа кредиттік ұйымдарда автокредит берудің жеңілдетілген талаптары бар екенін білесіз. Мұндай жағдайларда сіз қайта қаржыландыру үшін сізге неғұрлым тиімді талаптар ұсына алатын кредиторға жүгіне аласыз.
Қайта қаржыландыру кредитті дұрыс төлейтін, бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты оларға банк алдындағы міндеттемелерді орындау қиындық туғыза бастаған қарыз алушыларға ыңғайлы. Сондай-ақ, қайта қаржыландыру кезінде қолданыстағы бірнеше кредитті біріктіруге болады – бірнеше ұсақ кредит төлегеннен, бір қомақты жалпы кредитті төлеу жеңілірек.
Алайда, қайта қаржыландыру ниет білдіргеннің бәріне беріле бермейтінін түсіну қажет. Әдетте, банктер клиенттің кіріс деңгейін, бұрын ресімделген кредиттік міндеттемелерді уақтылы орындауын, борыш жүктемесін тексереді, содан кейін ғана шешім қабылдайды.
Қарызды қайта қаржыландырған жағдайда, оны бірінші банкте рәсімдеуге асықпаңыз – өзіңізге қолжетімді барлық ұсыныстарды салыстырыңыз. Жаңа кредитті ресімдеу кезінде қарыз шартын мұқият оқып шығыңыз, қолданыстағы кредитпен салыстырғанда төмен болуы тиіс ЖТСМ-ға, ай сайынғы төлемнің кестесі мен мөлшеріне және ықтимал қосымша қызметтерге (сақтандыруға) назар аударыңыз.
Қарызды қайта қаржыландырудың артықшылықтарына мыналар жатады: пайыздық мөлшерлемені төмендету, ай сайынғы төлемдерді азайту, бірнеше кредитті бір кредитке біріктіру. Алайда, егер жаңа кредит азғантай сомаға және қысқа мерзімге жасалса, сондай-ақ кредиттік ұйым қосымша қызметтер (сақтандыру және т.б.) жүктесе, қайта қаржыландыру мүлдем тиімсіз болады, бұл қарыз алушының борыш жүктемесін одан әрі көбейтеді.
Қайта құрылымдау дегеніміз не?
Егер қайта қаржыландыру кезінде клиент банкті өз бетінше таңдаса, онда қайта құрылымдау кезінде қолданыстағы кредит талаптарының өзгерістерін қарыз берген кредиттік ұйым өзі шешеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Осы тәртіпке сәйкес кредиттік ұйымдар төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде ол туралы қарыз алушыны хабардар етуге міндетті. Хабарламада банктер мен МҚҰ азаматтарға:
Өз кезегінде, төлем мерзімін кешіктірген қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге құқылы. Өтініште орын алған төлем мерзімін кешіктіру себебін көрсетіп, мүмкін болатын қайта құрылымдау бойынша өз нұсқаңызды көрсетуіңіз қажет, сондай-ақ кірістің төмендеуіне байланысты міндеттемелер бойынша уақтылы төлей алмауын растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Банк пен МҚҰ қарыз алушының өтінішін міндетті түрде қабылдауы, тіркеуі, есепке алуы және қарауы қажет.
Кредитор өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарайды, одан кейін жауап беруге міндетті. Оң жауап болған жағдайда, банк немесе МҚҰ қарыз алушының ұсыныстарымен және қайта құрылымдау шарттарымен келіседі не оған қарыз шартын өзгерту жөнінде өз ұсыныстарын береді. Теріс жауап болған жағдайда, олар бас тартудың себептерін негіздеуі керек.
Қайта құрылымдаудың қайта қаржыландырудан айырмашылығы қандай
Қайта қаржыландыру кезінде клиент өзіне қолайлы жағдайларды қарастырады және жалпы алғанда белгілі бір пайда алады. Яғни, бірнеше қарызды бір қарызға біріктіру өте ыңғайлы, сонымен қатар кредитке қызмет көрсету шығындары азаяды. Бұдан басқа, қарыз алушы банктерді өзі таңдап, олардың ұсыныстарын салыстыруға құқылы.
Өз кезегінде, қарыз алушылар өздерінің қаржылық жағдайы нашарлаған және кредиттік міндеттемелерді уақтылы орындай алмаған кезде қайта құрылымдауға жүгінеді. Кредитор оны клиенттің сот шығасыларын төлемей, кредитті төлеу бойынша тайм-аут алуына мүмкіндік беру үшін ұсынады. Қайта құрылымдаудың әрбір жағдайы жеке қаралады.
Кредиттік жауапкершілік жайлы ұмытпаңыз
Сізге төлем мерзімін кейінге қалдыратындай немесе жаңа кредит қажет болатындай қиын қаржылық жағдайға тап болмас үшін өзіңізге кредиттің қаншалықты керек екеніне талдау жасаңыз. Кез келген кредитті ресімдемес бұрын мәселені онсыз да шешу мүмкіндігіңіз туралы тағы бір рет ойланып көріңіз. Біраз уақыттан соң мәселені кредитсіз шешу мүмкін болмаса, сонда ғана банкке бару керек.
Барлық кіріс және шығыс көздеріңізді қамтитын қаржылық жоспар құруға да кеңес береміз. Оған ықтимал тәуекелдер мен жұмыстан айырылу, сырқаттану, шұғыл көшу және басқа да сияқты форс-мажор жағдайларын қосыңыз. Осылайша, сіз өзіңізді күтпеген қаржылық қиындықтардан сақтандырасыз. Міндетті түрде мынадай формуланы пайдаланыңыз: кредит бойынша төлем мөлшері кірісіңіздің жартысынан аспауға тиіс. Сонымен бірге міндетті түрде қаржылық қауіпсіздік жастықшасын қалыптастырыңыз – қорыңызда кемінде алты ресми ай сайынғы жалақыны сақтауға кеңес беріледі.
Сонымен қатар, егер сіз кредитті мерзімінен бұрын өтей алатын болсаңыз және сіздің банк мұны санкциялар мен айыппұлсыз жасауға мүмкіндік беретін болса, онда осы мүмкіндікті пайдаланыңыз. Бірақ банктен берешекті мерзімінен бұрын өтелгенін нақтылап отырыңыз және кредитті толығымен өтегеніңізді растайтын үзінді-көшірмені де сұрата салыңыз.
Тағы бір мәселе, кредиттік тарихты бұзудың оңай екенін, ал оны қалпына келтіру үшін бірнеше жылдың қажет болатынын ұмытпаңыз. Қомақты әрі шұғыл кредит қажет болған жағдайда, сіз оны ала алмайсыз, бұл жоспарларыңызды бұзады. Осындай жағдайға жол бермес үшін кредитке барынша жауапты қараңыз, бұл жақын уақытта өз нәтижесін береді.
Өзіңізге, ақшаңызға абай болыңыз және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Балалардың цифрлық қауіпсіздігі: киберқылмыскерлерден оларды қалай қорғауға болады
Несие тарихына не әсер етеді және оны қалай жақсартуға болады
Қаржылық инклюзияны дамыту – реттеушінің негізгі басымдықтарының бірі
«Ақшамды жоғалтып аламын ба деп қорқамын »: байланыссыз төлемдер қауіпсіз бе?
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Зейнеткерлерге ескерту: алаяқтардың телефон арқылы ойлап тапқан жаңа схемалары