Акцияларға инвестицияла саламыз: IPO туралы не білу қажет

time 9.06.2022

2022 жылы акцияларды бастапқы жария орналастыру, яғни «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компанияларының IPO-ға (Initial Public Offering) шығуы күтілуде. 

IPO (Initial public Offering) - акцияларды биржада орналастыру жолымен акционерлік қоғамның бағалы қағаздарын инвесторлардың шектелмеген тобына бастапқы жария ұсыныс. IPO нәтижесінде компания акциялары биржадан тыс айналатын жеке компанияға қарағанда жария болады, есептілік ашық болады, ал шығарылған бағалы қағаздар инвесторлардың кең ауқымы үшін қолжетімді болады.

«Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіретін мемлекеттік стратегиялық компаниялардың IPO-сы 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары шеңберінде жүргізілетін болады. Бұл компаниялардың акциялары институционалдық инвесторлар үшін де, қатардағы қазақстандықтар үшін де қолжетімді болады.

Атап айтқанда, 2022 жылы қор биржаларында «Эйр Астана» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, 2023 жылы – «KEGOC» АҚ және «QazaqGaz» ҰК АҚ, 2023-2024 жылдары – «Самұрық-Энерго» АҚ акцияларын орналастыру жоспарлануда.

IPO-дан ақша табудың мәні неде?

Мемлекет қатысатын компаниялардың IPO-сын өткізу барлық тараптар үшін тиімді.

Осылайша, қор нарығына жария түрде шығатын компанияның өзі үшін IPO бизнесті дамыту және жаңа жобаларды іске асыру мақсатында қосымша капитал тартуға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін бұл ел экономикасының дамуына «халықтың» ақшасын тартудың тәсілі. Жалпы алғанда, IPO отандық қор нарығының дамуына оң әсер етеді, Қазақстан халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Әдетте, IPO-ға нақты бизнес-модельдері, корпоративтік басқарудың жоғары деңгейі бар тұрақты және перспективалы компаниялар шығарылады, олардың қаржылық есептілігі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және тұтастай алғанда олар бөлшек инвесторлардың кең тобына жарамды.

Инвестор үшін пайда – мүмкіндігінше ұлттық компанияда белгілі бір үлесті, яғни біраз уақыттан кейін дивидендтер мен құн өсімі (сату бағасы мен сатып алу бағасы арасындағы оң айырма) түрінде кіріс бере алатын акцияларды сатып алу. Бұл ретте инвестициялардың негізгі қағидаларын есте сақтау қажет: күтілетін кірістілік неғұрлым жоғары болса, тәуекел соғұрлым жоғары болады. IPO-ға инвестициялар жоғары кірістілікті болып саналатындықтан, олар жоғары тәуекелмен бірге жүреді.

IPO-ға қатысу үшін акциялар орналастырылған биржаның мүшесі болып табылатын лицензияланған брокерді таңдау қажет. Брокер шот ашады және ақша қаражатымен толықтыру үшін инвесторға оның деректемелерін ұсынады. Шотта ақша болған кезде инвестор өзінің брокеріне IPO акцияларын сатып алуға өтінім береді.

Анықтамалар үшін:

Қазақстандық ұлттық компанияның алғашқы IPO-сы 2006 жылы өткізілді. KASE және Лондон қор биржасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бағалы қағаздарының 40%-ы орналастырылды. Жай акцияның бағасы орналастыру кезінде 11163,39 теңгені, жаһандық депозитарлық қолхатты – 14,64 АҚШ долларын құрады. Бір жылдан кейін акциялардың бағасы 18 990 теңгені құрады. Бұдан басқа, компания жыл сайын дивидендтерді төлеп отырды, олардың мөлшері жыл сайын ұлғайып отырды және 2013 жылдың қорытындысы бойынша 1976 теңгені құрады.

Акцияларды бастапқы жария орналастыру процесі қалай жүреді?

Алдын ала кезеңде компания өзінің бизнесі мен активтерін, яғни олардың құнын, есептіліктің ашықтық дәрежесін және басқаларын бағалауы керек. Акционер өз акцияларын жария саудаға шығару жөнінде оң шешім қабылдағаннан кейін, компания андеррайтермен шартқа қол қояды. Андеррайтер ретінде Қазақстанда брокерлік ұйымдар жиі әрекет етеді. Олар эмитенттің акцияларын биржаға орналастыруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы бағалы қағаздарды IPO-ға дейін оларды одан әрі қайта сатудан сатып ала алады.

Әрі қарай дайындық кезеңі – бұл компанияны IPO-ға шығару, онымен андеррайтерлер айналысады. Олар әлеуетті инвесторлар үшін Road Show, яғни «жол шоуын» ұйымдастырады, онда компанияның көрсеткіштері және акцияларды орналастыру бойынша басқа да деректер көрсетіледі. Андеррайтерлер эмитенттің, яғни бағалы қағаздар шығарушы компанияның акцияларын сатып алуға алдын ала өтінімдер жинай бастайды.

Соңғы кезеңде листинг жүреді, яғни бағалы қағаздардың өзін биржаларға орналастыру. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда екі жергілікті алаң жұмыс істейді: Қазақстан қор биржасы (KASE) және Astana International Exchange (AIX). Ұлттық компаниялардың акцияларын тек осы биржаларда ғана емес, халықаралық биржаларда да орналастыру жоспарлануда. 2022 жылдан бастап жоспарланған айырмашылықтардың бірі - бұрын болған «Халықтық IPO» бағдарламасынан IPO өткізу.

«Халықтық IPO» туралы не білеміз? 

«Халықтық IPO» бағдарламасы 2011 жылы қабылданды. Оның мәні Қазақстанның жетекші ұлттық компанияларының акцияларын жеке тұлғалар арасында сату және осылайша қор нарығын дамыту, ірі инвесторларды тарту және ұлттық байлықты ел азаматтары арасында бөлу сияқты міндеттерді шешу болды.

Осы бағдарлама шеңберінде 10 мемлекеттік компанияның отандық биржаға шығуы жоспарланған болатын, алайда жария түрде тек екі компанияның: 2012 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның және 2014 жылы «KEGOC» АҚ-тың бағалы қағаздары орналастырылды. Олардың IPO-ға шығуы сәтті болды. Құбыр операторының бір акциясының бастапқы құны 725 теңгені құрады, орналастыру күні ол 13%-ға 820 теңгеге дейін қымбаттады. Әр жылдары олардың бағасы төмендеді немесе көтерілді (мысалы, 2018 жылдың мамыр айында бір акцияның құны 1600 теңгеге жетті).

Өз кезегінде, «KEGOC» АҚ акциясының құны орналастыру кезінде 505 теңгені құрады, ал 2021 жылы оның биржадағы бағасы 1925 теңгеге жетті.

«Халықтық IPO» бағдарламасына қатысудың арқасында жеке инвесторлар өз жинақтарын инвестициялауға және құнының өсімінен ғана емес, дивидендтер түрінде де кіріс алуға мүмкіндік алды.

IPO-ны өткізу күнінен бастап бүкіл кезең ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ бір акция үшін орналастыру бағасы 725 теңге болғанда бір акция үшін 1106,71 теңге, «KEGOC» АҚ бір акция үшін орналастыру бағасы 505 теңге болғанда бір акция үшін 681,43 теңге мөлшерінде дивидендтер төлеуді жүзеге асырды. Осылайша, бұл компаниялар тек дивидендтермен ғана өз акционерлеріне акциялардың бастапқы құнының 100%-дан астамын қайтарып берді.

Алаяқтар және IPO

Қазіргі уақытта Қазақстанда IPO өткізілмейтінін және IPO «таймингі», яғни өткізу мерзімі бойынша да нақты ақпарат жоқ екенін білу қажет. Сол арада, қаскүнемдер осы бағдарламаны пайдаланып, Желіде, әлеуметтік желілерде фишингтік парақтарды жасап, ақпаратты танымал мессенджерлер арқылы таратуда. Олар Мемлекет басшысының «Халықтық IPO» өткізуді тапсыру туралы дәйексөзін пайдаланып, азаматтарды қазақстандық компаниялардың акцияларына «тиімді» салымдар салуға шақыруда. Бұл ретте алаяқтар күн сайын 65 мың теңгеден табыс табуға уәде береді.

Алаяқтықты болдырмау үшін, біріншіден, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында, яғни қор биржасында, екіншіден, бағалы қағаздар нарығының лицензияланған кәсіби қатысушылары арқылы инвестициялау қажет.

Жалған жарнамаға сенбей, тек ресми дереккөздерге сенген жөн. Брокер туралы ақпаратты және оның лицензиясының бар-жоғын брокерлердің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайттарында (https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/financial-organizations/48?lang=ru ) және KASE-те (https://kase.kz/ru/membership/ ) қайта тексеріңіз.

«Самұрық-Қазына» қоры компанияларының IPO-ға шығуы туралы ақпарат www.fingramota.kz оқыту сайтының парақшасында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. @Fingramota.kz-тің Facebook, Instagram, Telegram-дағы парақшаларына жазылыңыз, сондай-ақ Қазақстанның қаржы әлемінің маңызды жаңалықтарынан хабардар болу үшін күн сайын жаңартылатын жаңалықтар легі бар «Fingramota Online» қосымшасын жүктеңіз!

Қаржылық сауаттылығыңызды бізбен бірге арттырыңыз!

white-arrow Тізімге