Заманауи уақыт легіне ілесіп, үнемі барлығына үлгеріп, алға қойған мақсаттарға жетуге ұмтылыс, табысты адамның бейнесіне сай келуге тырысу көп жағдайда адамды қажытып, нәтижесінде оның эмоционалдық тұрғыдан шаршауына әкеледі.
Қаржылық еркіндікке қол жеткізу жолында мұндай сезімнен қалайша арылуға және мәжбүрлейтін «трендтерге» қалайша берілмеуге болатындығы жөнінде психология және коучинг саласындағы қазақстандық сарапшылармен бірге қарастырып көрелік.
«Эмоционалдық қажу» ұғымын 1974 жылы психологияға алғашқы болып америкалық дәрігер Герберт Фрейденбергер енгізді, қарапайым тілмен айтқанда, бұл ағзаның ішкі және сыртқы стресстерге реакциясы болып келеді.
«Қажуды» әрбір адам басынан өткеруі мүмкін, ол оның жынысына, жасына, қызметінің түріне қарамайды, күнделікті үй шаруасынан да қажуға болады. Қажу сезімі біраз тыным тауып, өзіңізге не керіктігін ажыратып, өмір екпініне қажетті түзетулер енгізу қажеттілігін білдіреді.
Психологтар эмоционалдық қажудың екі факторын ажыратады: кәсіби және эмоционалдық.
1-фактор – work-life balance-тың болмауы
Адамның өмірінде оның жұмысы мен жеке өмірі маңызды рөл атқарады. Work-life balance, яғни олардың тепе-теңдігі әрбіреуіміздің жұмысымыздан қанағаттанып, дамуға және белгілі бір жетістіктерге жетуге ұмтылысымызды сақтауға ықпал етеді. Осының барлығының біздің қаржылық әл-ауқатымызға тікелей әсері сөзсіз. Үнемі ширығып жүру, бір мезетте бірнеше мәселелерді шешуге тырысу, жұмыс уақытын ұтымсыз бөлу жүйелік қателіктерге, басшылықтың немесе әріптестердің наразылығына әкелуі мүмкін, нәтижесінде жұмыс қабілеті төмендейді және кәсіби шаршау белгілері пайда болады. Стресс жағдайы ашушаңдыққа немесе өзін-өзі шектетуге, эмоционалдық және физикалық тұрғыдан қажуға, кейде отбасының бұзылуына әкеледі.
«Егер адам үнемі жұмысбасты болып, одан басқа қажеттіліктерден бас тартып, өз қажеттіліктерін ұмытса, онда бұл сөзсіз стресске, кәсіби күйзеліске, жұмыстағы және отбасылық қатынастардағы проблемаларға әкеледі», - дейді бизнес-коуч Артем Мочалов.
Ол жұмыс пен өзіңізге арналуы тиіс уақыт арасында тепе-теңдікті сақтауды ұсынады. Өз ағзаңызды тыңдаңыз және әрқашан жұмыс пен демалыс режимін сақтаңыз, мәселен, 8 сағатты тікелей жұмысқа арнаңыз, 4 сағатты жақын адамдармен араласуға, 4 сағатты өзіңізге, ал қалған 8 сағатты толыққанды ұйқыға арнаңыз.
Тайм-менеджмент туралы естен шығармаңыз, қойылған міндеттерді ескере отырып, жұмыс уақытын маңыздылығы мен жеделдігіне қарай дұрыс бөліңіз, әріптестеріңізбен жақсы қарым-қатынас орнатыңыз, өйткені уақытыңыздың басым бөлігін сіз сол адамдармен өткізесіз. Өзіңіздің дұрыс бағытта келе жатқаныңызды басшылықтан тағы бір рет нақтылап алудан қысылмаңыз және жұмыста бастамашылық танытыңыз.
«Қажудың» алғашқы белгілерінде демалып алыңыз, бос уақытыңызды достарыңызбен, жақындарыңызбен өткізіңіз, спортпен, арт-терапиямен айналысыңыз немесе кешті жақсы фильмді көруге арнаңыз. Әрқашан жағымды, оптимистік көзқарастар мен құндылықтарды сақтау, даму, оқу немесе эмоционалдық тұрғыдан қанағат әкелетін хоббиді табу маңызды.
Егер сіз үнемі ыңғайсыздық сезінсеңіз, онда бұл сіздің кәсіби қызметіңізді қайта қарауға себеп болады. Қытай халқының данасы Конфуций айтқандай: «Өзіңізге ұнайтын жұмысты таңдаңыз, сонда сіз өміріңізде бір күн де жұмыс істемейсіз». Егер сіз әлі де жұмыстан кетуге шешім қабылдаған болсаңыз, онда алдымен жаңа қызмет түрін іздеген кезде қиналмай өмір сүруге көмектесетін «қаржылық қауіпсіздік жастықшасын» жасаңыз. Бұл сіздің кем дегенде 6 айлық жалақыңыз болуы керек.
2-фактор – мақсаттың болмауы
Психологтардың пікірінше, эмоционалдық күйзеліс, негізінен, өмірде нақты мақсаты жоқ адамдарда кездеседі. Мұндай адамдарға басқалардың: қоғамның, туған-туыстардың, маркетологтар немесе блогерлердің пікірлерін мойындату оңай болады.
Интернет кеңістігінде, әсіресе, әлеуметтік желілерде, «белгілі» және «табысты» адамдардың өмірі көпшіліктің назарына шығарылады. Мысалы, жас жігіт белгілі брендтік костюм киіп, шетелдік көліктің соңғы үлгісін мініп, сәнді үйде тұрады. Осының бәрі «әдемі бейнені» көрген кейбір адамдардың өздерін кем сезінуіне, мазасыздық және әлсіздік сезіміне бой алдыруларына себеп болады. Олар осы бейнеге сәйкес келуге тырысып, мойындарына «кредит қомытын» ілуге мәжбүр болады.
«Адам әлеуметтік тіршілік иесі ретінде қоғамдық пікірге тәуелді. Табыстылық елесін жасау үшін азаматтар кредиттер мен бөліп төлеу ресімдеу арқылы кейде қажет емес, бірақ «брендтік» заттарды сатып алады. Кредиттік тәуелділік осылай туындайды», - дейді психолог Алиса Селезнева.
Кейіннен сатып алынған «зат» эмоционалдық қанағаттанушылық тудырмайды, ал борыштық міндеттемелерді өтеудің тұрақты қажеттілігі адамды «қажуға» әкеледі, нәтижесінде уақыт өте келе «кредиттік шаршау» пайда болады. Борыш «қомытынан» құтылу үшін адамдар таныстарынан, достарынан қарыз алады, бұрынғы қарыздарын өтеу үшін жаңа қарыздар алудың нұсқаларын немесе тез ақша тауып, байып кету жолдарын іздейді. Олар сондай-ақ, қара кредиторлардың айла-шарғыларына немесе қаржы пирамидаларына түсуі мүмкін. Қатты күйзеліс жағдайында ұзақ уақыт болу паникалық шабуылдарға ұласып, нәтижесінде ұзақ мерзімді депрессия туындауы мүмкін.
Сондықтан, ең алдымен, кез келген кредитті ресімдемес бұрын, сіз шынымен де бұл затты сатып алғыңыз келе ме, ол сізге қаншалықты қажет, оны алдағы айларда, тіпті жылдарда болашақ табысыңыздан пайызбен бірге төлеуге дайынсыз ба, соны ойлаңыз.
Қаржылық еркіндікке қалай қол жеткізуге болады
1. Нақты мақсаттар қойыңыз. Бұл жетістікке жетудің негізі. Сіздің мақсатыңыз қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болуы мүмкін. Қағазға, гаджеттегі қосымшаға нақты мерзімдерді көрсете отырып, өзіңіздің мақсатыңызды және оған жету жолдарын жазыңыз. Бұл маңызды! Нақты тұжырымдалған мақсат біздің түпсанамызды оған белсенді ұмтылуға мәжбүр етеді, сенімділік береді және әр келесі қадамды мағыналы етеді.
2. Бірден әрекет етіңіз. Бұл сізге күшіңізді босқа жұмсамауға көмектеседі. Мақсатты іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын жасаңыз, оған жету үшін ай сайын үнемдеуге болатын соманы көрсетіңіз. Қарапайым формуланы қолдануға болады: негізгі кірістен міндетті шығындарды алып тастаңыз және қалдықты 50/50 пропорцияда бөліңіз, мұндағы 50 пайыз – ағымдағы шығындар үшін, 50 – мақсатқа жетуге арналған. Бұл сіздің мақсатыңызға ауыртпалықсыз жетуге көмектеседі. Мысалы, егер сіздің негізгі табысыңыз 250 000 теңгені құраса, міндетті шығыстарға 100 000 теңге келеді. Егер қалдықты екіге бөлсек, 75 000 теңге шығады. Демек, сіз 75 000 теңгені ағымдағы шығыстарға жұмсай аласыз, ал қалған 75 000 теңгені мақсатқа жету үшін қалдыра аласыз.
3. Пассивті кіріс көзін құрыңыз. Жалақының артуы немесе қызметтің өсуінен бөлек ақша табудың басқа да тәсілдері бар. Мысалы, егер сіз шет тілін жетік білетін болсаңыз, онда қосымша түрде репетитор болуыңызға не аударма ісімен айналысуыңызға болады. Сондай-ақ, қосымша баспанаңыз болса, оны ресми шарт ресімдеу арқылы жалға бере аласыз. Жинаған қаражатыңыз болатын жағдайда, оларды түрлі қаржы құралдарына инвестиция ретінде салыңыз, бірақ алдымен барлық талаптары мен қыр-сырын зерттеп біліңіз.
4. Күнделікті жеке бюджетіңізді жүргізіңіз. Ақшаны жөнсіз жұмсамас үшін «Шығыстар» бағанына ерекше мән беріңіз. Маркетологтарға алданып қалмаңыз, олар тұтыну үрдісін тоқтатпау үшін жұмыс істейді. Ал сіз өзіңіз үшін, өз мүддеңіз үшін, өміріңіздің сапасын жақсарту және табысыңызды арттыру үшін жұмыс істейсіз.
5. Өз денсаулығыңызды сақтаңыз. Сіздің эмоционалдық және физикалық жағдайыңыз тікелей сіздің қаржылық ахуалыңызға ықпал етеді. Қаражатты өзіңізге және өз денсаулығыңызға зиян келмейтіндей сауатты үнемдеу керек. Әрдайым балансты сақтаңыз және өзіңізбен үйлесімде болыңыз.
Өзіңізді, өз ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз.
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма