Ата-аналарға арналған жадынама: не себепті балалармен қаржы мәселесі туралы сөйлесу маңызды

time 1.06.2022

Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында Fingramota.kz қаржылық сауаттылыққа және ақшаға дұрыс қарау бала кезден тәрбиелеудің маңызды екенін айтып береді.

Қазіргі балалар ақша сізге қалаған нәрсені алуға мүмкіндік беретінін ерте түсіне бастайды және оны өз бетінше пайдалануға тырысады. Сондықтан ақшаға дұрыс қарауды неғұрлым ертерек үйретудің маңызы зор. Балаңыздың алғашқы қаржылық мақсаты, мәселен ойыншық болуы мүмкін. Ойыншығын өзі жинаған ақшасына сатып алса, бала үшін ойыншықтың құны артады және мақтаныш сезімі пайда болады. Бұдан былай, өз «арманына» қол жеткізу үшін шығындарын дұрыс жоспарлауды және алғашқы қаржылық шешімдер қабылдауға үйренеді. Балаңызды әрдайым қолдап, дұрыс бағыт-бағдар беріп, күнделікті шығындарына ақша беріп отырыңыз, осылайша берген ақшаны үнемдеп, бала жинақ жасауға үйренеді.

Балаларды қаржылық сауаттылықтың негіздеріне үйрету бойынша ата-аналарға арналған негізгі ережелер

№ 1 ереже. Үлгі болыңыз. 

Ағылшынның мақалы «Балаларды тәрбиелемеңіз – олар бәрібір сізге ұқсайтын болады. Өзіңізді тәрбиелеңіз» дейді. Мұнымен келіспеуге болмайды, себебі балалар көбіне ата-аналарының істегенін қайталайды. Сондықтан да басты кеңес – сіз қаржылық тұрғыдан сауатты болыңыз. Егер өзіңізде бюджетті жоспарлаудың қарапайым дағдылары болмаса, балаларыңыздың ұзақ мерзімді жоспарлаудың не екенін түсінуі қиындау болады. Егер отбасыңызда қаржы мәселесі реттелген болса, балаңыз да есейгенде соған ұмтылады.


№ 2 ереже. Ақша жайында ойын түрінде айтып беріңіз.

 Ойын – бұл уақыт өткізу әрі оқыту. Баланы ойын арқылы барлығына үйрету жеңіл әрі жылдам. Қарапайым ойындардан бастаңыз:

Ақшаның түрі қандай? Балаңызға мынадай ойын ұсыныңыз: екеуіңіз қазына тауып алдыңыздар делік. Мұндағы ақшаның шынайы не жалған екенін қайдан білуге болады? Шынайы және «сувенир» ақшаны пайдалануға болады. Балаңызға купюралардың шынайылық белгілері, оларды ажырата білу, әріптерінің салынуы, сутамғы белгілері және басқа да қорғаныш белгілері жайында айтып беріңіз.

Ақша қайдан алынады? Ақшаның ағашта өспейтінін, «банкоматтан» алына қоймайтынын түсіндіріңіз. Мамандықтар жайында айтып беріңіз. Ақшаның «аспаннан түспейтінін» бала түсінуі қажет. Мамандық таңдау ойыны сияқты ойын ұйымдастыруға болады. Балалар мамандық таңдап, бір біріне көрсеткен қызметтер үшін ұсақ купюраларды не тиынды пайдаланып, ақысын төлейді.

Ақшаға не сатып алуға болады? Қарапайымнан бастаңыз: азық-түлікті, ойыншықты және өмірімізге қажетті заттарды ақшаға сатып аламыз. Дүкен ойынын ойнаңыздар: түрлі тауардың (ойыншықтардың) бағасын жазып қойыңыздар. Біреуіңіз – сатушы, екіншіңіз – сатып алушы болыңыздар. Бастысы – бала заттың оңайлықпен алына қоймайтынын, оның алдымен ақысын төлеу керек екенін түсінуі қажет.


№3 ереже. Балаңызды ақша жинап жүргені үшін көтермелеп қойыңыз. 

Бала таңдау жасай білуі қажет – қажет емес, нақ сол кезде қалаған нәрсесін алған дұрыс па не маңызды әрі бағалы зат алғаны дұрыс па? Мәселен, күнде кәмпит ала бермей, ақшасын жинап, айдың соңында пайдалы зат алу. Балаңыздың армандап жүрген затын алуы үшін ақша жинауға үйретіңіз. Мұндайда сізге ақша қоржын немесе қарапайым шыны банка (монеталар мен купюралардың көбейіп жатқанын көру үшін), жасөспірімдерге – банк депозиті көмектеседі


№4 ереже. Күнделікті шығындарына ақша беріп отырыңыз. 

Балаларға өз қаражатын дұрыс басқаруды үйретудің үздік тәсілі – практика. Күнделікті шығындарына берілетін ақша – қаржылық сауаттылық негіздерін үйретудің керемет тәсілі. Мынадай ережелерді белгілеп алған маңызды: тек қана айтылған соманы беру және белгілі бір кезеңде ғана (аптаның кез келген күнін таңдайсыз). Ақшаны қалай жұмсауға болатынын міндетті түрде айтып беріңіз: оларды апта барысында жұмсау, ірі сауда жасау үшін жинау, банкке салып сол үшін пайыз алу.

Ережелерді бұзуға болмайды. Егер балаңыз алғашқы күні барлық ақшаны жұмсап қойған болса, ақшасыз отыра тұруға тура келеді. Алайда бұл ереже баланың бастапқы қажеттіліктеріне қатысты қолданылмайды (жол жүру шығындары, мектептегі түскі ас). 


№ 5 ереже. Балаларыңызға өз бетімен сауда жасауды сеніп тапсырыңыз. 

Балаңыз белгілі бір соманы, мысалы ойыншық сатып алу үшін жеткілікті соманы жинаған болса, ойыншықты таңдау мен ол үшін төлем жасау еншісін балаңызға қалдырыңыз. Осы кездегі қуанышы есінде қалып, мақсатына өз бетімен жеткенін мақтан тұтатын болады.

Оларға саналы және мұқият болуды, бағаларды салыстыруды және сапаға зиян келтірмей үнемдеуді үйретіңіз. Бастапқыда балаға кез келген сауданы ата-анасының қатысуымен жасатып, кейін өз бетімен жасауға мүмкіндік беру қажет.

 

№ 6 ереже. Өз бюджетін басқаруды үйретіңіз. 

Балаға сіз беретін немесе туыстары туған күніне сыйлайтын ақша – толығымен өзіне тиесілі екенін түсіндіріңіз. Демек, кез келген қабылданатын шешім үшін баланың өзі жауапты болады.

Өзіңіздің мысалыңыз арқылы отбасылық бюджетті қалай жүргізетініңізді, еңбек ақысын қалай үлестіретініңізді айта аласыз. Қанша ақшаңыз міндетті төлемдерге кетеді, қаншасын белгілі бір мақсаттарға жету үшін, мысалы, тұрмыстық техниканы сатып алуға немесе еңбек демалысына сақтап қоясыз.


№ 7 ереже. Баланың қателесу құқығын сыйлаңыз. 

Балаңыздың заттарға, соның ішінде ақша мәселесіне келгенде көзқарасы сіздің көзқарасыңыздан ерекше болуы мүмкін. Баланың пікірін сыйлаңыз. Ешбір жағдайда оның жасаған әрекеттерін сынамаңыз. Оған өз қателіктері арқылы үйренуге рұқсат беріңіз және қажет болған жағдайда ақыл айту арқылы көмектесіңіз.

Мысалы, егер ол қандай да бір маңызды әрі ірі саудаға жинауға жоспарлаған ақшасын бір сәттік қалауына жұмсаған болса, оған ұрыспаңыз. Ол үшін енді ақша жинау мерзімі қаншалықты ұзарғанын бірге санаңыздар да, ақша табудың жаңа мүмкіндіктерін табуға көмектесіңіз.


№ 8 ереже. Қосымша табыс нұсқаларын ұсыныңыз.  

Жұмысты бірден белгілеп, соманы анықтаған дұрыс. Мысалы: міндетті түрде итпен серуендеп келу, үй жануарларын күту, бауырлары мен қарындастарына қарау, апасына бақшада көмектесу және көптеген басқа нәрселер. Ең маңыздысы, сіз «тарифтерді» көңіл-күйіңізге қарай ауыстырмауыңыз керек.

Осы қарапайым, бірақ негізгі ережелерді сақтай отырып, сіз баланың жастайынан ақшаға деген дұрыс көзқарасын қалыптастырасыз және оған сенімді және қаржылық тәуелсіз адам ретінде ересек өмірге қадам басуына көмектесе аласыз.

Қаржылық сауаттылықтарыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз! 

white-arrow Тізімге