Екі көлік құралы қатысатын және келтірілген залал 100 АЕК-тен (2024 жылы 369 200 теңге) кем болған ұсақ жол-көлік оқиғасы (ЖКО) жағдайында Еурохаттаманы қолдануға болады. Бұл міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлемін алудың жеңілдетілген тәртібі.
Fingramota.kz толығырақ айтып береді.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жолдардағы ұсақ апаттарға ұшыраған автокөлік иелері сақтандыру жағдайларын реттеудің жеңілдетілген тәртібін – Еурохаттаманы пайдалана алады, ол оқиғаға жол полициясын тартпай-ақ, сақтандыру төлемдерін қашықтан және жедел алуға мүмкіндік береді.
Ол үшін тараптар ЖКО салдарынан кім кінәлі, ал кім жәбірленушілер болып табылатынымен өзара келісімге келіп, келтірілген залалдың сомасы 100 АЕК – белгіленген лимит шегінде екендігімен келісуге тиіс. Ең бастысы, апат кезінде адамдар мен үшінші тұлғалардың мүлкіне зиян келмеуге тиіс. Тағы бір міндетті талап – ЖКО қатысушыларында міндетті автосақтандырудың қолданыстағы полистері болуға тиіс.
Еурохаттаманың ыңғайлығы – автокөлік иелері сақтандыру төлемдерін офиске бармай-ақ қашықтан ала алады.
2024 жылдың басынан бастап қазақстандықтар сақтандыру төлеміне 2812 өтініш берді. 2024 жылғы 10 мамырдағы жағдай бойынша 2329 жүргізуші жалпы 443 млн теңгеге сомаға өтемақы алды, бұл осы сақтандыру сервисінің танымалдылығын көрсетеді.
Өтінімді кім және қалай беруге тиіс?
Жол-көлік оқиғасына қатысушының екеуі де өздерінің ұялы телефондарына «Еурохаттама» қосымшасын немесе сақтандыру ұйымының қосымшасын жүктеп алуға немесе сақтандыру ұйымының сайтына жүгінуге тиіс. Тіркеу рәсімінен өтіп, жол-көлік оқиғасының фотоматериалдарын қоса тіркеу қажет. Маңызды: сақтандырушылар автокөліктердің соқтығысу фактісі мен келтірілген залалдың мөлшерін растайтын қосымша материалдарды сұрамайтындай жіберілген фотосурет сапалы болуға тиіс.
Фотосуретті сәтті жүктеп, декларацияны толтырғаннан кейін бұл құжаттар сақтандыру компаниясына жіберіледі. Зардап шеккендерге сақтандыру жағдайын тіркеу туралы SMS-хабарлама келуі тиіс. Егер SMS келіп түскен болса, бұл сақтандыру ұйымының өтемақы алуға өтініші қабылданғанын білдіреді. Осыдан кейін ғана автокөлік иелері апат орнынан кете алады.
Өтінім беру мүмкін болмаса, не істеу керек?
Егер қосымшаны орнату немесе пайдалану кезінде проблемалар туындаса, онда қазақстандықтар өздерінің сақтандыру ұйымынан кеңес алуына немесе «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ байланыс орталығына
+7 (727) 339 31 88, немесе 2570 нөмірлері бойынша хабарласа алады.
Сақтандыру төлемдері туралы ақпарат қайда сақталады?
Сақтандыру жағдайын реттеу процесінің құжаттар топтамасын қалыптастырудан бастап төлемге дейінгі барлық кезеңі клиенттің жеке кабинетінде сақталады және Бірыңғай сақтандыру дерекқорында (бұдан әрі – БСДҚ) тіркеледі. Әрбір кезеңнің электрондық тіркелуі сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін тиісті қорғауды қамтамасыз етеді.
Сақтандыру ұйымдары мен БСДҚ ақпараттық жүйелері үшін ақпараттық және дербес деректерді қорғаудың ең жоғары деңгейіне қойылатын талаптар, сондай-ақ киберқауіпсіздік бойынша талаптардың болуы белгіленген.
Осы цифрлық өнім туралы тағы не білу керек?
«Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бойынша Еурохаттама бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылғаннан кейін пайда алушы (жәбірленуші) сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі кезінде өтеудің шекті мөлшерінен асатын мөлшерде зиянды өтеу туралы сақтандырушыға қосымша талаптар қоюға құқылы емес.
100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде сақтандыру төлемін жүзеге асырғаннан кейін сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асыру жөніндегі міндеттемесі тиісті түрде орындалған болып есептеледі.
Сақтандыру ұйымымен даулар туындаған жағдайда, жәбірленуші сақтандырудың барлық түрі бойынша азаматтар мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жолданымдарын қарайтын сақтандыру омбудсманына жүгіне алады. Сақтандыру ұйымдарының клиенттері үшін қызметтер өтеусіз көрсетіледі. Омбудсманның шешімі сақтандыру ұйымдарының орындауы үшін міндетті болып табылады. Мұндай шешімді орындамау уәкілетті органның сақтандыру ұйымдары мен олардың басшыларына қатысты қадағалап ден қою шараларын қолдануы үшін негіз болып табылады.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылай сауатты болыңыз!
Zakon.kz порталы Интернет және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша конференцияны ұйымдастырды...
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі сараптамалық кеңес құрылды
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
Франкфурт аукционы: не білу қажет?
Қаржы пирамидаларын қалай тануға болады: негізгі белгілері