Бүгінгі күні жеке бизнес ашу қиынға соқпайды. Дара кәсіпкерді (ДК) не жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (ЖШС) тіркеу жөніндегі қызмет толығымен автоматтандырылған. Ол үшін Egov.kz порталында онлайн өтініш беріп, лицензиарды, яғни болашақта оған бекітілетін салық органын таңдау қажет және тиісті құжаттарды толтыру керек. Алайда, цифрландырудың дамуымен қатар, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді алдайтын алаяқтық схемалар саны да өсіп келеді.
Fingramota.kz алаяқтықтың осы түрі жөнінде айтып береді және азаматтар мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге пайдалы кеңестер береді.
Әлеуметтік желілерде азаматтарға бизнесін «дөңгелетіп» әкетуге немесе ісін жаңадан бастағандарға көмек көрсетуді ұсынатын қызмет түрлері кеңінен тарауда. Қаскүнемдер бизнесті дамыту үшін сіздің банктік шотыңызды басқаруға алу, оның ішінде бухгалтерлік операциялар жүргізуді және салық инспекциясына қажетті есептер беруді ұсынады. ДК мен ЖШС-ны басқаруға үшінші адамдарға карт-бланш беру корпоративтік алаяқтыққа әкеп соғуы мүмкін.
Корпоративтік алаяқтық – бұл алаяқтардың жеке басының пайдасы үшін және/немесе компанияның мүддесіне зиян келтіретін және/немесе алдау, сенімді пайдалану, жаңылыстыру немесе қызметтік жағдайын пайдалана отырып басқа жолмен компанияға материалдық және/немесе материалдық емес зиян келтіру мақсатында жасайтын әрекеттері.
Жеке бизнесті басқаруға алған алаяқтық схемасы
Бизнесті толық басқаруына алғаннан кейін алаяқтар фейк интернет-дүкендер ашады, әлеуметтік желілерде парақшаларын жүргізеді, маркетплейстерде жарнамалар жасайды, онда олар ДК немесе ЖШС иелері ретінде түрлі тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатады. Одан кейін олар мәміле туралы келіседі және әлеуетті құрбандарына төлем жасауға қашықтан шот-фактуралар жібереді, бұл адамдарда ақша қаражатын аудару кезінде ешбір күмән тудырмайды. Мұндайда кәсіпкер өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын, делдал ретінде пайдаланылғанын түсіне бермейді, себебі алаяқтар әрекеттерін «жұмыс істеп тұрған бизнес» ретінде шебер жасырады. ДК, ЖШС және банктік шоттарды басқаруды бөгде адамдарға беру жаппай сипатқа ие болып отырғанын ескерсек, оның салдарынан азаматтарға үлкен материалдық шығын келтірілуде. Жоғарыда көрсетілген әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190 және 28-баптарына сәйкес алаяқтық ретінде жіктеледі және айыппұлмен, түзету жұмыстарымен не бас бостандығынан айырумен жазаланады. Бизнесті басқару қызметіне жүгінгендерге құқық бұзушыларға көмек көрсеткен жағдайда да жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.
Қызметін енді бастаған кәсіпкерлерге жеке деректерге, электрондық кілттерге және ДК/ЖШС-нің басқа құжаттарына бөгде адамдардың қол жеткізуін шектеуге кеңес береміз. Қандай жағдай болмасын бизнесіңізді делдалдарға басқаруға бермеңіз. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды!
ДК немесе ЖШС-ның ресми құжаттарының болуы кепілдік бермейді
Интернет арқылы танымал интернет-дүкендердан белгілі бір заттарды сатып алу көңілге сенім ұялатады. Мұндай сатып алуларды Қазақстанның көптеген ірі банктерінің мобильді қосымшалары арқылы жасауға болады. Алайда, бұл осы сауда алаңдарынан сауда-саттық жасау қауіпсіз, сенімді дегенді білдірмейді, сатушылардың барлығы бірдей өз ісін адал жүргізеді деп сенуге де болмайды.
Алаяқтық жағдайлар қарапайым схема бойынша іске асырылады. Сатып алушы тауарға тапсырыс береді, мысалы, велосипед деп алайық, сатып алушы оның ақысын төлейді, бірақ жеткізуші тауарды уақтылы жібермейді, қоңырауларға жауап беруді қояды, тіпті мүлдем жоқ болып кетеді. Бұл әрекеттер сатып алушының онлайн банкинг шоты болған кезде де орын алуы мүмкін.
Осындай проблемаларды болдырмау үшін сатып алудан бұрын қосымшадан сатушының қандай рейтингте тұрғанын, пікірлердің бар-жоғына көңіл аударған жөн. Осы мәліметтер негізінде кейбір тұжырымдар жасауға болады. Мысалы, егер сатушыда қысқа уақыт ішінде 5-10 пікір ғана жазылған болса, бұл сіздің көңіліңізге күдік тудыруы қажет. Іздеу жүйелерінен сатушының атын іздеңіз, мүмкін сіз олар туралы қызықты деректер табарсыз, бұл келешекте сіздің қиындыққа тап болмауыңыз үшін қажет.
Егер жалған сатушыға жолыққан жағдайда, не істеуге болады?
Жеке хабарландырулар - тәуекелдердің жоғарылауы
Жеке хабарландырулар сайттары арқылы сауда жасау кезінде адамның жосықсыз саудагерлерге тап болу тәуекелі әбден ықтимал. Әдемі суреттің арғы жағында нағыз алаяқ жасырынып отыруы мүмкін. Алаяқтардың «жұмысының» әдеттегі үлгісі мынадай: сатып алушы өзіне қажетті тауарды тапқаннан кейін «сатушы» өзінің басқа қалада екенін сылтауратып, тауарды пошта арқылы жібере алатынын мәлімдейді. Осы ретте, сатып алушыны поштаның немесе танымал курьерлік қызметтің үйден шықпай-ақ, батырманы 2 рет басу арқылы ақы төлеуге және бірер күннен кейін тауарды үйге дейін курьер арқылы алуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ бұл үшін комиссия алмайтын жаңа қызметінің пайда болғанын сендіреді. Бұл үшін сатушы порталда өзі сәлемдеме «құрып», сатып алушыға сілтеме жібереді, ол сілтемені ашқаннан кейін сатып алушы өз картасының деректерін енгізуі қажет. Деректерді енгізгеннен кейін сатып алушының картасынан тауар құнының сомасын ғана емес, оның бүкіл ақшасын шешіп алатынын айтпаса да түсінікті. «Сатушы» із-түссіз жоғалады, оған қоңырау шалу мүмкін болмайды.
«Сатушыдан» келген сілтеме апаратын порталдың дизайны логотиптері бар шынайы пошта қызметтері сияқты жасалатынын атап өту қажет. Бұл фишингтік сайт екенін браузердің мәтін енгізетін жолынан ғана аңғаруға болады. Мұндай қызметтің бар-жоғын анықтау үшін сайттың қандай компанияның атынан жұмыс істеп тұрғанын біліп, ашылатын фишингтік парақшада көрсетілген телефонға емес, сол компанияның өзіне ресми телефондар бойынша хабарласқан дұрыс болады.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыздар және қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!
Фишингтік сайттарды қалайша тануға болады: негізгі проблемалары және пайдалы ұсынымдар
Жылдам, ыңғайлы және пайдалы: неліктен автокөлік иелері Еурохаттамаға назар аударуы керек
Жеке сот орындаушылары "қол сұғылмайтын" банк шотын бұғаттауға құқылы ма?
Жаңадан бастағандарға арналған инвестициялық қосымша қалай жұмыс істейді?
«Қол сұғылмайтын» шот туралы алты факт
«Стоп-кредит»: ол қалай жұмыс істейді және алаяқтардан қорғай алады ма