Әр түрлі жағдайларды сақтандыру

time 16.05.2024

Бұл өмірде ешкім кездейсоқ жағдайлардан сақтандырылған жоқ. Сақтандыру құжаты  бұл, ең алдымен, сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда сіздің қаржылық мүдделеріңізді қорғау. Сізге сақтандыру құжатын қалай дұрыс таңдау қажеттілігі  туралы Fingramota.kz. айтып береді.

Сақтандырудың екі түрі бар: міндетті және ерікті. Бірінші жағдайда заң сақтандыру құжатының болуын міндеттейді. Сақтандырудың бұл түріне автомобиль иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігі, қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру және т.б. жатады. Екіншісінде – ерікті сақтандыру, онда сақтандыру ерікті негізде сатып алынады. Мысалы, мүлікті немесе денсаулықты сақтандыру.

Сақтандырушыны қалай таңдауға болады?

Сақтандыру компаниясын таңдаған кезде лицензияның болуына назар аудару қажет. Сақтандыру компаниясы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген лицензия болған жағдайда ғана жұмыс істеуге құқылы. Мұндай құжаттың болуын реттеушінің gov.kz сайтында «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінде тексеруге болады.

Компанияны таңдағанда, тарифтерге назар аударыңыз. Бұл сіздің полисіңіздің құнына әсер ететін негізгі көрсеткіштердің бірі. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша тарифтер заңнамалық деңгейде белгіленеді. Ерікті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру шартында белгіленеді. Бұл жағдайда сіз полистің болжамды құнын сақтандыру  компаниясының сайтында өзіңіз есептей аласыз.

Сақтандыру компаниясының негізгі қаржылық көрсеткіштерін зерделеу қажет. Қажетті статистика Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында (www.nationalbank.kz) орналастырылған.

Сақтандыру компаниясына қатысты қолданылған шаралардың және (немесе) санкциялардың болуына ерекше назар аударыңыз, олар туралы ақпарат реттеушінің ресми интернет-ресурсында (https://www.gov.kz) қолжетімді. 

Сақтандыру компаниясының қызметі туралы толық ақпарат орналастырылатын оның интернет-ресурсымен танысыңыз. Сақтандыру компанияларының ресми интернет-ресурстарына сілтемелер реттеушінің ресми интернет-ресурсында (https://www.gov.kz)  орналастырылған.

Сондай-ақ кез келген акционерлік қоғамы сияқты сақтандыру ұйымы да өзінің қаржылық есептілігін қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында (https://www.dfo.kz) тұрақты түрде жариялайды.

Шартқа қол қоюдан бұрын неге ерекше назар аудару қажет?     

Сақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтандыру төлемін жасау үшін талап етілетін сақтанушы ұсынған құжаттардың тізбесіне ерекше назар аудару қажет. Сақтандыру шартымен мұқият танысыңыз, түсініксіз болған жағдайда, менеджерден ақпаратты міндетті түрде нақтылаңыз.  Шартта міндетті негізде клиенттің жеке деректері: сақтандырушының аты-жөні, атауы, оның байланыс деректері, БСН/ЖСН және басқа да мәліметтер көрсетілуге тиіс.

Сақтандыру жағдайларының тізбесіне назар аудару қажет. Сақтандырушы шартта жазылған жағдайлар бойынша және көрсетілген оқиғалар болған кезде ғана төлемдер жүргізеді. Сақтандырушы сақтандыру төлемін жасамау құқығын өзіне қалдыратын жағдай туындаған кезде сақтандыру жағдайларының ерекшеліктер тізбесімен мұқият танысыңыз. 

Шарттағы маңызды нәрсе – франшизаның болуы және оның мөлшері. Сақтандырудың аталған талабы сақтандырушыға белгілі бір жағдайларда шығынның белгілі бір сомасын өтемеуге мүмкіндік береді. Франшиза  шартты немесе шартсыз болады. Шартты немесе шегерілмейтін франшиза жағдайында сақтандырушы франшизаның белгіленген мөлшерінен аспайтын шығынды өтеуден босатылады. Яғни, егер шығынның сомасы франшизаның белгіленген мөлшерінен төмен болса, сақтанушы компаниядан ештеңе алмайды. Ал шығынның мөлшері франшизаның белгіленген сомасынан артық болса, онда сақтандырушы оны сақтанушыға толық көлемде өтеуге міндетті.

Шартсыз немесе шегерілетін франшиза жағдайында оның мөлшері сақтандыру өтемінің сомасынан шегеріледі. Бұл шығынның франшизаның белгіленген сомасын шегеріп тастау арқылы төленетінін білдіреді.

Сақтандыру компаниясының клиенті үшін негізгі артықшылық – бұл франшизасы бар полисті құны жағынан франшизасы жоқ полиске қарағанда біршама тартымды ететін төмен тариф. Франшизаның мөлшері көп болған сайын полис арзанырақ және керісінше болады. Франшиза болған кезде сақтанушы үшін тиімсіз нәрсе – сақтандыру жағдайы орын алған кезде өтемақы мөлшерінің аз болуы немесе оның болмауы. Кейде өз есебіңнен жөндеу жүргізу франшизасыз толық сақтандыру құнынан қымбатырақ болуы мүмкін. Сондай-ақ, шартқа қол қоюдан бұрын сақтандыру компаниясының өкілінен сақтандыру жағдайы орын алған уақытта сіздің іс-әрекеттеріңіздің тәртібін нақтылап алыңыз. Әсіресе сақтандырушыға хабарлау мерзімдері мен тәртібі маңызды. Өйткені аталған талаптарды бұзу сақтандыру компаниясының сақтандыру төлемін жасаудан бас тартуына негіз болуы мүмкін.   

Fingramota.kz-пен бірге қаржылық тұрғыдан сауатты болыңыз!

white-arrow Тізімге