Ата-аналарға арналған жадынама: не себепті балалармен қаржы мәселесі туралы сөйлесу маңызды

time 1.06.2022
aye 4232
Ата-аналарға арналған жадынама: не себепті балалармен қаржы мәселесі туралы сөйлесу маңызды

Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында Fingramota.kz қаржылық сауаттылыққа және ақшаға дұрыс қарау бала кезден тәрбиелеудің маңызды екенін айтып береді.

Қазіргі балалар ақша сізге қалаған нәрсені алуға мүмкіндік беретінін ерте түсіне бастайды және оны өз бетінше пайдалануға тырысады. Сондықтан ақшаға дұрыс қарауды неғұрлым ертерек үйретудің маңызы зор. Балаңыздың алғашқы қаржылық мақсаты, мәселен ойыншық болуы мүмкін. Ойыншығын өзі жинаған ақшасына сатып алса, бала үшін ойыншықтың құны артады және мақтаныш сезімі пайда болады. Бұдан былай, өз «арманына» қол жеткізу үшін шығындарын дұрыс жоспарлауды және алғашқы қаржылық шешімдер қабылдауға үйренеді. Балаңызды әрдайым қолдап, дұрыс бағыт-бағдар беріп, күнделікті шығындарына ақша беріп отырыңыз, осылайша берген ақшаны үнемдеп,  бала жинақ жасауға үйренеді.

Балаларды қаржылық сауаттылықтың негіздеріне үйрету бойынша ата-аналарға арналған негізгі ережелер:

Үлгі болыңыз. Егер отбасыңызда қаржы мәселесі реттелген болса, балаңыз да есейгенде соған ұмтылады.

Ақша жайында ойын түрінде айтып беріңіз. Ойын – бұл уақыт өткізу әрі оқыту. Баланы ойын арқылы барлығына үйрету жеңіл әрі жылдам. 

Балаңызды ақша жинап жүргені үшін көтермелеп қойыңыз. Бала таңдау жасай білуі қажет – қажет емес, нақ сол кезде қалаған нәрсесін алған дұрыс па не маңызды әрі бағалы зат алғаны дұрыс па? Мәселен, күнде кәмпит ала бермей, ақшасын жинап, айдың соңында пайдалы зат алу.

Күнделікті шығындарына ақша беріп отырыңыз. Балаларға өз қаражатын дұрыс басқаруды үйретудің үздік тәсілі – практика. Күнделікті шығындарына берілетін ақша – қаржылық сауаттылық негіздерін үйретудің керемет тәсілі. Ережелерді бұзуға болмайды. 

Балаларыңызға өз бетімен сауда жасауды сеніп тапсырыңыз.  Балаңыз белгілі бір соманы, мысалы ойыншық сатып алу үшін жеткілікті соманы жинаған болса, ойыншықты таңдау мен ол үшін төлем жасау еншісін балаңызға қалдырыңыз. Осы кездегі қуанышы есінде қалып, мақсатына өз бетімен жеткенін мақтан тұтатын болады. 

Өз бюджетін басқаруды үйретіңіз. Балаға сіз беретін немесе туыстары туған күніне сыйлайтын ақша – толығымен өзіне тиесілі екенін түсіндіріңіз. Демек, кез келген қабылданатын шешім үшін баланың өзі жауапты болады. 

Баланың қателесу құқығын сыйлаңыз. Балаңыздың заттарға, соның ішінде ақша мәселесіне келгенде көзқарасы сіздің көзқарасыңыздан ерекше болуы мүмкін.  Баланың пікірін сыйлаңыз. Ешбір жағдайда оның жасаған әрекеттерін сынамаңыз. Оған өз қателіктері арқылы үйренуге рұқсат беріңіз және қажет болған жағдайда ақыл айту арқылы көмектесіңіз. 

Қосымша табыс нұсқаларын ұсыныңыз.   Жұмысты бірден белгілеп, соманы анықтаған дұрыс. Ең маңыздысы, сіз «тарифтерді» көңіл-күйіңізге қарай ауыстырмауыңыз керек.

 

Толығырақ "Бюджетті жоспарлаймыз" бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге