Шетелдік нөмірлі көлік: Қазақстанда сақтандыруды рәсімдеуге бола ма

time 26.08.2026
aye 1826
Шетелдік нөмірлі көлік: Қазақстанда сақтандыруды рәсімдеуге бола ма

Автомобиль басқа елде тіркелген, бірақ оның иесі Қазақстан аумағында онымен жүруді жоспарлап отыр. Міндетті автосақтандыруды рәсімдеп, жолға шығуға бола ма?

Болады, бірақ барлық жағдайда шарттары бірдей емес. Сақтандыру полисін рәсімдеу мүмкіндігі автомобильдің мәртебесіне, оны әкелу негіздеріне, иесінің тұрақты тұрғылықты жеріне және көлік құралын кім басқаратынына байланысты. Бұл ретте шетелдік нөмірдің болуы автомобиль автоматты түрде халықаралық қозғалыста жүр дегенді білдірмейді.

Шетелде тіркелген автомобильді қандай жағдайларда сақтандыруға болатынын және оның иесі нені тексеруі қажет екенін Fingramota.kz-пен бірге қарастырамыз. 

Шетелдік нөмір — әлі халықаралық қозғалыс деген сөз емес 

Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңы автомобильдің Қазақстан аумағында халықаралық қозғалыста жүрген болып саналатын жағдайларын айқындайды.

Атап айтқанда, мұндай көлікке Қазақстанда тұруға ықтиярхаты жоқ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам басқаратын, Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын немесе болатын тұлғаға тиесілі, Қазақстанда тіркелмеген және ел аумағына уақытша әкелінген автомобиль жатады.

2025 жылдың соңынан бастап заңда шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарына қатысты да осындай мүмкіндік қарастырылған: автомобиль азаматтың өзіне тиесілі болуы, ҚР тіркелмеуі және елге уақытша әкелінуі тиіс. Мұндай көлік құралы мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап бір жылға дейін Қазақстанда халықаралық қозғалыс режимінде бола алады.

Бұл мәртебе неліктен маңызды? Өйткені ол көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру тәртібіне де әсер етеді. Мұны мысалдармен қарастырайық. 

№1 жағдай. Шетелдік Қазақстанға өз көлігімен келді 

Басқа елдің азаматы Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұрады және мұнда уақытша шетелдік тіркеудегі автокөлікпен келді делік. Егер автомобиль халықаралық қозғалыс шарттарына сәйкес келсе, оның иесі уақытша кіру кезеңінде міндетті сақтандыруды ресімдей алады.

Заң уақытша кірген көлік құралы үшін міндетті сақтандыру шарты уақытша кірудің барлық кезеңіне, бірақ кемінде күнтізбелік бес күнге жасалатынын көздейді.

Мысалы, егер жүргізуші Қазақстанға үш аптаға келген болса, сақтандыру мерзімі елде автомобильді уақытша пайдалану кезеңін ескере отырып анықталады. Егер көлік иесінің шетелдік сақтандыру полисі болса, оны халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстанда қолдануға бола ма, мұны алдын ала анықтау қажет. Шетелдік сақтандырудың болу фактісі онымен жүруге кепілдік бермейді. 

№2 жағдай. Автомобиль кейіннен тіркеу үшін әкелінді

Автомобильді шетелден сатып алып, кейіннен есепке қою үшін Қазақстанға әкелу жағдайы Тағы бір жиі кездесетін жағдай болып отыр.

Міндетті автосақтандыру туралы заң көлік құралын мемлекеттік тіркеудің алдындағы кезеңге, бірақ заңда көзделген жағдайларда кемінде күнтізбелік бес күнге шарт жасасу мүмкіндігін көздейді.

Мысалы, көлік иесі сатып алынған көлікті өз жүрісімен жеткізіп, оны есепке алу үшін қажетті рәсімдерден өтуі керек. Тиісті кезеңге міндетті сақтандыру ресімделеді.

Бұл ретте уақытша полисті автомобильді тіркеусіз тұрақты пайдалану тәсілі ретінде қабылдауға болмайды. Егер көлік құралы Қазақстанда мемлекеттік тіркелуге жататын болса, сақтандыру бұл міндетті өзгертпейді. 

№3 жағдай. Қазақстандық үнемі шетелде тұрады және өз көлігімен келді

Бүгінде елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан азаматы Қазақстанда шетелдік тіркеуі бар өзіне тиесілі автомобильді уақытша пайдалана алады.

Мұндай автомобиль Қазақстанда тіркелмеген азаматтың өзінікі болса және ел аумағына уақытша кірген болса, ол халықаралық қозғалыстағы автомобиль болып танылады. Бұл ретте көлік құралы иесінің жауапкершілігі міндетті сақтандыруға жатады.

Мысалы, Қазақстан азаматы тұрақты түрде Германияда тұрады және Қазақстанға сонда тіркелген автомобильмен келеді. Белгіленген талаптар сақталған кезде ол көлікті Қазақстанда уақытша пайдалана алады және елде болатын уақытқа міндетті сақтандыруды ресімдей алады.

Аталған мүмкіндік ҚР Конституциялық сотының тиісті шешімінен кейін 2024 жылы  заңнамада бекітілді.

Автомобиль иесі тұрақты түрде Қазақстанда тұратын жағдайда

Мұнда жағдай басқаша. Егер адам тұрақты түрде Қазақстанда тұратын болса, шетелдік нөмірлері бар автомобиль шетелдік тіркеу негізінде ғана халықаралық қозғалысқа қатысушы болмайды. Сондықтан «шетелдік нөмірлері бар көлік үшін қазақстандық сақтандыруды сатып алып, айдауға болады» деген тәсіл дұрыс емес.

Егер көлік құралы заңнамаға сәйкес Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтуге тиіс болса, оны тіркеу бойынша белгіленген талаптарды орындау қажет. Міндетті автосақтандыру туралы заң қандай көлік құралдарының сақтандыруға жататынын және уақытша әкелінген көлікке қатысты шарттың қашан жасалатынын бөлек реттейді.

Сақтандыру қандай мерзімге ресімделеді?

Әдетте, көлік құралы иесінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты заңда белгіленген кезеңге жасалады. Бірақ уақытша әкелінген автомобильдер үшін арнайы талаптар көзделген.

Егер автомобиль Қазақстанға уақытша кіретін болса, шарт уақытша кірудің тұтастай кезеңіне, бірақ кемінде күнтізбелік бес күнге жасалады. Бұл ретте сақтандыру сыйлықақысының көлемі автомобильдің елде болу  уақытының ұзақтығына да байланысты болады: заңда 15 күнге дейінгі, 16 күннен бір айға дейінгі, екі ай бастап одан да астам кезеңге арналған жекелеген коэффициенттер белгіленген. Сондықтан полис ресімдеген кезде автомобиль Қазақстанда  болатын болжамды мерзімді дұрыс көрсету маңызды.

Сақтандыруды ресімдемес бұрын нені тексеру керек 

Сапарға шықпас бұрын немесе полисті ресімдемес бұрын бірнеше нәрсеге назар аудару керек:

1. Автомобильдің жай-күйін анықтаңыз. Ол халықаралық қозғалыста ма, кейіннен тіркеу үшін уақытша әкелінген бе әлде басқа заңды негізде қолданылады ма.

2. Тіркеу қажеттілігін нақтылаңыз. Егер автомобиль Қазақстанда есепке қойылуға тиіс болса, тіркеу тәртібі мен мерзімдерін алдын ала анықтаңыз.

3. Шетелдік сақтандыру полисін тексеріңіз. Оның Қазақстан аумағында танылатынын нақтылаңыз. Полис сатушының немесе делдалдың сөздерін ғана басшылыққа алмаңыз.

4. Сақтандырушыға сенімді мәліметтерді хабарлаңыз. Меншік иесі кім, ол қай жерде тұрақты тұрады, автомобильді кім басқарады, қай мерзімге және қандай мақсатта елге көлік әкелінеді.

5. Полистің жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Ол негізге және автомобильді пайдалану мерзіміне сәйкес келуі керек.

6. Құжаттарды сақтаңыз. Автомобиль құжаттарын, оның әкелінгенін растау және қолданыстағы сақтандыру полисі сақтандыру жағдайын тексеру немесе оның туындауы кезінде қажет болуы мүмкін. 


Толығырақ "Сақтандыру" бөлімінде оқыңыз

white-arrow Тізімге