Fingramota.kz қаржылық сауаттылық бойынша әлеуметтік жобаны қолдады

time 5.12.2022
aye 9

Алаяқтық пен қаржы пирамидаларын қалай тануға болады, неліктен қаржылық сауаттылықты арттыру қажет және кредиттік жауапкершілік дегеніміз не – Қазақстанның жоғары оқу орындарының 4000-нан астам студенті үшін осы тақырыптар бойынша дәрістер топтамасын ҚР Бас прокуратурасымен және «Rahym» қоғамдық қорымен бірлесіп ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері өткізді.

Дәрістер 2022 жылғы сәуірден бастап желтоқсаны аралығы кезеңінде өткізілді. Іс-шаралар барысында тек дәріскелер ғана емес, сонымен қатар онлайн-алаяқтар мен қаржы пирамидаларынан зардап шеккен студенттердің өздері де сөз сөйледі. Олар өздерінің бастан өткізген оқиғаларымен бөлісті, ақшалай сыйақы, қымбат автокөлік немесе үй-жайда тегін тұруды ұсына отырып, қаржы пирамидаларының белгілері бар компанияларға кіруге шақырылғандары, егер олар достарын, таныстарын өздерімен бірге алып келсе, олар «тез және оңай» байып кетеміз деген үмітпен кредиттер қалай рәсімдегені, алайда аяғында алданып қалғандары жайлы айтып берді

Реттеушінің өкілдері өз кезегінде азаматтардан ақша алудың заманауи тәсілдері туралы айтып берді. Олардың айтуынша, алаяқтар заманауи технологияларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік инженерия әдістерін де қолданады, яғни әртүрлі психологиялық және әлеуметтанушылық әдістер, айла-шарғылар арқылы өз құрбандарына шабуыл жасайды. Жастар көбінесе олардың айлаларына сеніп қалады.  

«Алаяқтарға төлем карталарының деректемелері, электрондық поштаның, әлеуметтік желілердің, мобильді банкингтегі жеке кабинеттің құпиясөздері сияқты толық деректер керек. Ол үшін конфиденциалды ақпаратқа қол жеткізу мақсатында қаскүнемдер алдаудың түрлі схемаларын ойлап шығарады, оның ішінде оларға  интернетте жан-жақты жарнама жасау арқылы табысты инвестициялық жобалар ретінде таныстырып, жалған жобалар құрады, банктердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атын жамылып хабарласады. Гаджеттерге толығымен қашықтан қолжетімділік беретін арнайы қосымшаларды жүктеуді өтінеді», - деп атап өтті сөз сөйлегендер. Олар күмәнді құралдарға салым салу арқылы тез әрі жоғары табысқа жетуге болады деген уәделерге сенбеуге шақырды, өйткені мұндай таңғажайып жобалардың артында қаржы пирамидалары тұруы мүмкін.

Сондай-ақ Агенттіктің өкілдері кредиттеу мәселелерін жауапкершілікпен қарауға шақырды, сонымен бірге өз бюджетіңізді сауатты басқаруға және шығыстарыңызды бақылауға мүмкіндік беретін қаржыны жоспарлау қағидаттары туралы айтып берді.

Егер сіз тыңдаушылар не дәріскерлер ретінде қаржылық сауаттылық жөніндегі оқыту іс-шараларына қатысқыңыз келсе, онда «1459» нөмірі бойынша call-орталық арқылы не «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы Агенттікке жүгіне аласыз.


white-arrow Тізімге