Қарыз алушыға арналған жадынама: кредиттік жауапкершілігімізді бірге арттырайық

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне 2021 жылдан бері азаматтардан 17,5 мыңнан аса өтініш келіп түсті, олардың көпшілігі – 80%-на жуығы банк секторына, яғни, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға тиесілі. Көбіне азаматтар реттеушіге кредиттер бойынша туындаған мерзімі өткен төлемдер және берешектерін қайта құрылымдау мәселелері бойынша жүгінген. 

Қарыз қаражаты кредит шартына қол қою кезінде өте мұқият болуды, сондай-ақ оны орындауға деген үлкен жауапкершілік пен нақты тәртіпті талап етеді. Болашақта төлем мерзімін өткізіп алу сияқты қиындықтарға тап болмас үшін бұл жағдайларды Fingramota.kz түсіндіріп, негізгі мәселелерді еске салады. 

Кредиттік -  бұл жауапкершілік

Кредиттік жауапкершілік сіздің қарыз алушы ретінде қаржылық міндеттемелерге қатысты жауапкершілігіңізді білдіреді. Кредитті өтегеннен гөрі алған оңайырақ. Сондықтан да банкке қарызға ақша алуға бармас бұрын, тағы бір ойланыңыз. Алдымен кредиттің сізге не үшін керектігін шешіп алыңыз. Қолданыстағы кредитті өтеу үшін жаңадан, әсіресе, оның талаптары алдыңғы кредиттен жеңілірек болмаса, кредит алудың қажеті жоқ. Мәселені кредитсіз де шеше аласыз ба деген сұраққа шын жауап беріңіз. Бұл, алдымен, қарыз алушы ретінде ұзақ уақыт бойы орындауға тура келетін міндеттеме екенін есте сақтаңыз. Өзіңіздің қаржылық мүмкіндігіңізді нақты бағалаңыз!

Шығыстарыңыз бен кірістеріңізді нақты болжау үшін жан-жақты қаржылық жоспарыңызды жасаңыз. Жалақыңыз, сыйлықақыларыңыз, жәрдемақыларыңыз ғана емес, қосымша кірістеріңіз бен мәселен, ауырып қалып не өзге форс-мажордың кесірінен аяқ астынан жұмыссыз қалған жағдайда керек болады деп жинаған қаражатыңызды да есепке алу қажет. Барлығын бақылауында ұстауға дағдыланған адам үшін ең қолайлысы – жұмыс істеу қабілетінен және жұмыстан айырылып қалудан сақтану.

Бағыт-бағдар беретін қарапайым формулалар бар: кредит бойынша айы сайынғы төлем мөлшері жалақыңыздың жартысынан аспауға тиіс, ал қаржылық қауіпсіздік жастығының мөлшері ресми жалақыңыздың кемінде алты еселенген мөлшерінен кем болмауға тиіс.

Кредит төлеу қабілетіңізге сенімсіз болсаңыз, оны алудың қажет жоқ.

Банктердің маркетингтік қулықтарына сеніп қалмаңыз 

Жарнамаға сеніп, кредит ресімдеуге асықпаңыз. Нарық ұсынысқа толы, екінші деңгейдегі банктердің сайттарына мониторинг жүргізіңіз және олардың кредиттік өнімдеріне талдау жасаңыз. Клиенттердің пікірлерін, банктің көрсеткіштері туралы қаржылық есептерді оқыңыз, оның беделіне қатысты сұрастырып көріңіз. Оңтайлы нұсқаны таңдап болған соң банк менеджеріне кредиттеу талаптары бойынша сұрақтар қоюға қысылмаңыз: қарыз сомасы, төлеу мерзімдері мен мөлшерлері, кредит алу немесе мерзімінен бұрын өтеу кезіндегі комиссиялар, барлық пайызы мен төлемдерін қосқанда кредиттің толық сомасы, артық төлем мөлшері, төлеу мерзімі өткен жағдайдағы салдарлар, тараптардың құқықтары мен міндеттері туралы сұраңыз.

Егер сізде осы банктің жалақылық карточкасы болса немесе сіз зейнеткер, халықтың осал тобына жататын болсаңыз, ол туралы менеджерге айтыңыз, банкте мұндай клиенттер үшін арнайы науқандар мен ерекше ұсыныстар болуы мүмкін.

Өз құқықтарыңызды есте сақтаңыз және алаяқтардан абай болыңыз

Алаяқ кредиторлардан аулақ жүріңіз – кредиттерді немесе микроқарызды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ұйымдардан ғана алыңыз. Сонда ғана сіз қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде құқығыңызды қорғай аласыз, ал реттеуші сіздің мүддеңізді қорғайды. Егер сіз жалған кредиторға тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.

Соңғы уақытта қаржы алаяқтары түрлі алдау тәсілдерін ойлап тауып, түрлі психологиялық амалдарды пайдаланып, ерекше белсенділік пен тапқырлық танытуда. Сондықтан да салған ақша есебінен үлкен пайдаға уәде ететін, күмәнді жобалар мен ұйымдарға инвестициялау үшін кредит алушы болмаңыз. Әйтпесе, ақшаңыздан айырылып, кредиттік ұйым алдында қарызға белшеңізден батуыңыз мүмкін. Банктік карталарыңыздың толық деректемелерін қоса алғанда, конфиденциалды деректеріңізді сақтаңыз. Егер олар қаскүнемдердің қолына түссе, сіздің атыңызға онлайн-кредиттер ресімдеп жіберуі мүмкін. Мұндай фактілерді уақтылы анықтау үшін кредит тарыхыңызды жиі тексеріп тұрыңыз.

Шартқа талаптарын мұқият оқып болғаннан кейін ғана қол қойыңыз

Кредитті берудің және өтеудің барлық талаптарын зерделеңіз. Егер сізге бірдеңе түсініксіз болса, банк қызметкерлерінен сұраңыз, мүмкіндігіңіз болып жатса, заңгердің кеңесін тыңдаңыз. Заңнамада банктердің қарыз талаптарына қатысты ақпаратты толық ашып көрсетуіне қатысты міндеті көзделген. Банктік қарыз шартын жасасқанға дейін банк клиентте туындаған барлық сұрақтар бойынша кеңес беруге міндетті. Банктік қарыз шартына қол қоя отырып, сіз автоматты түрде оның барлық талабымен келісетініңізді есте сақтаңыз.

Тұтынушылардың хабардар болуын арттыру мақсатында Агенттік банктік қарыз шартына титул парағын қоса беруді көздейтін норманы енгізді, оның форматы барлық банктер үшін бірдей. Титул парағында қарыз туралы негізгі ақпарат болады. Шарттың мәтіні титул парағынан кейін жазылады. Осылайша, ресімдеймін деп шешкен кредиттің негізгі талаптары туралы толық ақпаратты қарыз алушы банктік қарыз шартын жасағанға дейін алуға тиіс.

Сонымен бірге шарт жасасқанға дейінгі жұмысты күшейту үшін, банктік шарттар талаптарының ашықтығын арттыру мақсатында жадынаманың жаңа нысаны белгіленді. Ол қарыз алушыға банктік қарыз шарты жасалғанға дейін беріледі. Жадынама өзіңіз таңдаған банктің қарыз беру талаптарымен танысу және оларды басқа банктердің талаптарымен салыстыру үшін қажет.

www.fingramota.kz сайтында «Кредит шарты: қол қояр кезде неге көңіл аудару қажет» деген ақпараттық графика орналастырылған

Кредитті уақтылы өтеңіз 

Кредитті өтеу мерзімін созып жібермеңіз. Төлем кестесін сақтаңыз, телефоныңызға жоспарлы төлем күні туралы еске салу қызметін орнатыңыз. Ақша шотқа түсіп үлгеруі үшін төлеу күніне дейін 5-7 жұмыс күні бұрын салған жөн.

Егер кредитті уақытынан бұрын өтеу мүмкіндігі пайда болып жатса, ондай мүмкіндікті пайдаланыңыз, себебі болашақта түрлі жағдай болуы мүмкін. Егер сіз кредитті мерзімінен бұрын өтеу тәсілімен жапсаңыз, банкте оның болған-болмағанын нақтылаңыз. Жоспарлы ай сайынғы төлемді банк есептен шығармас үшін мерзімінен бұрын өтеуді сіз мобильді банктік қосымшаңызда дұрыс ресімдеуіңіз қажет. Банктен кредитті жапқаныңызды растайтын анықтама қағазын алыңыз.

Егер кредитті жабуға мүмкіндігіңіз болмаса, төлеу мерзімі өтіп кетсе, онда кредитордан қашудың қажеті жоқ.

Кредиттік ұйымға өтініш білдіріңіз

Қазақстанда 2021 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік ұйымдардың қарыз алушы – жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылуда. Банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыға төлеу мерзімінің өтуі туралы ол туындаған сәттен бастап 20 күннің ішінде хабарлауға міндетті. Кредиторлар хабарламада азаматтарды туындаған төлем мерзімінің нақты мөлшерін көрсетіп төлемдерді енгізу қажеттігі туралы хабардар етуге, олардың өздеріне жүгіну құқығының бар екені және кредиттер мен микроқарыздар бойынша міндеттемелерін орындамау салдарлары туралы айтуға тиіс.

Егер сізде кредит бойынша мерзімі өткен берешек болса, төлеу мерзімінің өтуі туындаған күннен бастап 30 күннің ішінде сіз жазбаша өтінішпен немесе кредит шартында жазылған өзге тәсілмен кредитті қайта құрылымдау үшін банкке жүгінуіңіз қажет. Өтініште төлеу мерзімінің өту себебін көрсетіңіз, ықтимал қайта құрылымдау бойынша өз нұсқаларыңызды ұсыныңыз және кірісіңіздің азайып, міндеттемелеріңіз бойынша төлем жүргізуге мүмкіндігіңіздің жоқ екенін растайтын құжаттарды да қоса ұсыныңыз.

Қайта құрылымдау талаптары сыйақы мөлшерлемесін азайту, төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұзарту, борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге түрлері), ипотека нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлікті өз бетінше сату немесе кепіл мүлкін кредиторға беру арқылы өтемақы беру, міндеттемелерін сатып алушыға бере отырып, жылжымайтын мүлікті сату түрінде болуы мүмкін.

Банк сіздің өтінішіңізді қабылдап, тіркеуге және қарауға тиіс, содан соң күнтізбелік 15 күннің ішінде жауап беруге, соның ішінде банктік қарыз шартына сіз ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісімін беруге, шарт талаптарын өзгертуге қатысты өз ұсыныстарын беруге немесе дәлелді себептерін көрсете отырып, бас тартуға тиіс. Шарт талаптарына өзгерістер банк осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күннің ішінде енгізіледі.

Егер кредитормен келісімге келе алмасаңыз, сіздің Агенттікке жүгінуге құқығыңыз бар. Бұл ретте банкке жүгінгеніңізді және өзара тиімді шешімге келе алмағаныңызды растайтын құжаттарды міндетті түрде беру қажет. Агенттік өтініш берушінің өтініші негізінде өз өкілеттіктерінің шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастама жасап, тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін банктің мәселені жан-жақты қарауына және кредитор қабылдаған шешімге қатысты іс-қимылдарға баға береді. Осы кезеңде кредитор халықтың осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге салынған мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы емес.

Агенттікке ресми өтінішпен:

  • Алматы қ., Көктем-3, 21-үй мекенжайы бойынша курьер арқылы жазбаша;
  • egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
  • өңірлік тиістілігіне қарай Өңірлік өкілдер басқармалары арқылы жүгінуге болатынын еске саламыз.

Өтінішті міндетті түрде дұрыс ресімдеңіз – аты-жөніңізді көрсетіп, қолыңызды қойып, жауап қайтаратын мекенжайыңызды және байланыс нөмірлерін көрсетуіңіз қажет.

Азаматтар Агенттіктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сейсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-дейін апта сайынғы негізде аудиоконференция байланысы арқылы өткізетін қабылдауға жазыла алады.

Жазылу үшін 𝗬𝗲𝗿𝗺𝗲𝗸.𝗨𝘁𝗲𝗺𝗶𝘀𝗼𝘃@𝗳𝗶𝗻𝗿𝗲𝗴.𝗸𝘇 электрондық мекенжайына мынадай деректерді жіберу қажет: аты-жөні, ЖСН, байланыс деректері, қаржы ұйымының толық атауы, өтініштің қысқаша мазмұны және «Қабылдауға жазылу» деген тақырыпты көрсету қажет.

Сонымен бірге сіздер +𝟳 𝟳𝟮𝟳 𝟮𝟯𝟳 𝟭𝟬𝟬𝟬 нөмірі бойынша Агенттіктің Call-орталығы арқылы азаматтарды қабылдауға жазылуыңызға немесе консультация алуыңызға болады. Call-орталықтың жұмыс істеу уақыты: жұмыс күндері сағат 10.00-ден 17.00 аралығында, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. «Виртуалды қабылдау бөлмесі» ретіндегі «Fingramota Online» мобильдік қосымшасы арқылы да жүгінуге болады. Қосымшада
14 тақырыптық бөлім бар, онда тиісті сұрақтарды қойып, реттеушінің жауабын алуға болады. Қосымшаны мына сілтемелер бойынша жүктеуге болады: App Store-да: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211,  Play Market-те: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals. Сонымен бірге «Fingramota Online» веб нұсқасы қолжетімді: http://online.fingramota.kz/ru.

Қаржылық сауаттылығыңызды Fingramota.kz-пен бірге арттырыңыз!