Қазіргі кездегі қаржы пирамидалары: олардың ұйымдастырушылары не ойлап табуда

time 23.01.2024

Қаржы пирамидаларын құрушылар қысқа уақыт аралығында кепілдік берілген,  аса жоғары табысқа қол жеткізетіндерін уәде етіп, азаматтарды өздеріне тартады. Алайда, белгілі бір мөлшерде қатысушылар мен тиісінше салымдар жинала салысымен ұйымдастырушылар барлық ақшамен бірге жоқ болып кетеді.

Fingramota.kz қаржы пирамидаларының негізгі түрлері, белгілері мен сатылары туралы еске салады. 

Қаржы пирамидаларының классикалық схемалары

Қазіргі уақыттағы қаржы пирамидалары (инвестициялық пирамидалар) қатысушылардың табыс табуының жалғыз әдісін пайдаланып келеді, ол – пирамиданың жаңа мүшелерінің ақшалай қаражатын тарту. Табысқа қол жеткізудің мұндай қағидаты қаржы пирамидасы мен нақты қаржы жобасының арасындағы түбегейлі ерекшелікті көрсетеді. Пирамиданың алғашқы қатысушыларына дивидендтер кейінгі қатысушылардың салымдары есебінен төленеді.  Әдетте барынша сендіру үшін пирамидалар жалған құжаттарды, күмәнді цифрлық есептер, диаграммалар мен схемаларды пайдаланады, сондай-ақ алдау немесе қомақты табыс табатыны туралы уәде беру арқылы жарнама ретінде қоғамда белгілі адамды тартады.

Қазіргі уақытта алаяқтар мен қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың жетік білімі бар, олар ІТ-технологиялар бойынша білікті мамандар, адамдардың эмоцияларымен айла-шарғы жасай алатын жақсы психологтар мен сөзге шешен адамдар болып табылады. Бүгінгі күні қаржы пирамидаларын құруда әлеуметтік желілер мен мессенджерлер маңызды рөл атқарады.

Бірақ аталған компаниялардың қызметін желілік маркетингпен шатастырмау керек. Желілік маркетингте де тартылған адамдар үшін белгілі бір пайыздар төлейді, бірақ оның негізінде өнім болады, соны сатқаны үшін дистрибьютерлік желінің қатысушылары нақты табыс табады, ал қаржы пирамидасының негізін салымшылардың ақшасы құрайды.  

Қазақстандағы қаржы пирамидаларының кеңінен тараған схемалары 

Букмекерлік кеңселер арқылы қойылатын ставкалар: бұл белгілі бір оқиғалардың, көбінесе спорттық ойындардың нәтижелеріне, оның ішінде онлайн режимінде қойылатын ставкаларды қабылдайтын ұйымдар. Олар ойындардың аяқталу ықтималдығын бағалайды және әрбір  ықтимал нәтижеге өз коэффициенттерін қояды. Бұл ұйымдардың қызметі «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңымен реттеледі.

Заманауи қаржы пирамидалары букмекерлік кеңселердің атын бүркемеленулері мүмкін, олар клиенттерді «міндетті түрде» жеңіске жеткізетін ставкалар қоюға шақырады. Егер ресми букмекерде өз қызметін жүзеге асыруға үнемі лицензиясы болып, ставкаларды жүзеге асыру кезінде ставкаларды растау туралы кассалық немесе электрондық чек және купон беретін болса, алаяқ ұйымдардың ресми лицензиясы болмайды және олар көп жағдайда мессенджерлер арқылы «жалған» чектер жібереді.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сонымен қатар әртүрлі «серіктестік бағдарламаларды» пайдаланады, олар бағдарламаға  қатысушыларға спорттық іс-шаралардың нәтижелерінен емес, нақты сіз ертіп әкеліп, ставка жасаған адамдардың санына байланысты жоғары кіріс көзін  ұсынады. Мәселен, сіз белгілі бір соманы салуыңыз және олар үшін белгілі бір дивидендтер алатын кем дегенде екі белсенді клиентті қосымша тартуыңыз қажет. Нәтижесінде пирамида жаңа «инвесторлардың» ақшасы есебінен белсенді дами түседі. 

Инвестициялар және күмәнді жобалар: бұл 2024 жылдағы  пирамиданың өзекті түрі. Оның схемасы мынадай – Желіде олар сізге жоғары кірісті онлайн-жобаға инвестиция салуды ұсынады. Оның жай схемадан айырмашылығы – сізге жаңа қатысушыларды тарту міндет емес.

Сізге тек белгілі бір соманы салуды сұрайды  және жоба іске қосылғаннан кейін аса жоғары кіріске кенелуге уәде береді. Алайда, мұндай пирамиданы ұйымдастырушылар қомақты сома жинағаннан кейін жобаларын жабады да жоғалып кетеді. Біраз уақыт өткеннен кейін көпшілікке жаңа жобаны  жарнамалауды бастайды және аталған схема қайталана береді.

Қаржы пирамидалары жұмыс істеуінің бес сатысы

I-кезең – пайда болу (құру) сатысы. Мынадай белгілерін атап өтеміз:

  • жоғары кірістілікке және салынған қаражаттың жылдам қайтуына (бірнеше айда), ең төмен тәуекелдерді жария етуге уәде бере отырып, қатысушыларды белсенді түрде тарту. Мұндай схемаларда пирамидаға кіру үшін ашық немесе жасырын нысандағы ақы төлеу және нарықтық деңгейден жоғары кепілдік берілген төлемдерге уәде бере отырып белсенді жарнамалық науқан жүргізу. Компания ресми түрде тіркелмеген және қызметі нақты айқындалмаған. Ақша төлемдерін қабылдау қаржылық іздің тіркелуінсіз жүзеге асырылады, қасақана мақсаттармен қаржылық тізбектің үзілуі орын алады, қаржылай қаражатты алушы шарт жасалған адамнан өзгеше болады;
  • нақтылайтын және растайтын ақпаратсыз жобаның бірегейлігі туралы мәлімдеу;
  • түрлі инвесторларды жаппай тарту;
  • «фьючерстер», «P2P», «трейдинг», «опциондар» сияқты арнайы қаржылық терминологияны түсініктеме бермей және қажеттіліксіз пайдалану, оны кәсіби емес инвесторлар түсіне алмайды және түсінгісі де келмейді;
  • желілік маркетинг қағидаттарын пайдалана отырып схемалар құру;
  • инвестицияларды сақтандыру туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәлімдеме;
  • компанияда қолжетімді офистің, жарғының, құрылтай құжаттарының, компания сайтының болмауы, шетелдік юрисдикциядағы хостингте сайтты орналастыру.

II-кезең – өркендеу сатысыПирамида үшін мыналар тән:

  • түрлі бонустық бағдарламалар мен корпоративтік іс-шаралар арқылы ойластырылған және негізді болып көрінетін қызмет негізінде жаңа қатысушыларды барынша көп және жылдам тарту. Оған заңды бизнесте де пайдаланылатын желілік маркетинг тәсілдері ықпал етеді.
  • қатысушыларға пайыздық төлемдер жаңа салымшылардың ақшасы есебінен жүзеге асырылады және ол сату көлеміне немесе кәсіпкерліктің өзге де нәтижелеріне байланысты емес.
  • акциялардың өзіндік баға белгілеуі (акциялардың бағасын ұйым нарықтық құнға байланыстырмай белгілейді) және сату мен сатып алуға тұрақты өсіп отыратын екі жақты баға белгілеу;
  • салымшылар қаражатының қамтамасыз етілмеуі және қайтаруға кепілдік беру сенімін еш жерде тіркелмеген құжатпен қалыптастыру. Шарт көбінесе болмайды немесе азаматтық құқық нормала бұзылады, ақша қаражаты түбіртектерсіз немесе басқа растайтын құжаттарсыз қабылданады;  
  • салымшылардың ақшалай қаражаты инвестицияланған жобалар туралы ақпараттың болмауы.

III кезең – маңызды кезең. Мұнда:

  • ақша қаражатын қайтармау тәуекелін арттыру. Уәде берілмеген кірістерді төлеу мүмкіндігі төмендейді, ал қаржылық міндеттемелер арта түседі, салымшыларда тәуекелді күту арта түседі. Ұйымдастырушылар тәуекелдер мен жағымсыз жаңалықтарды елемейді немесе оларды жақсы деп қабылдайды, қауіпті сигналдарды елемейді, төленген кірістерді қайта инвестициялауды ұсынады;
  • әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, сайттардағы жеке кабинеттерде технологияларды пайдалана отырып, қаржы компаниясының қызметін белсенді жарнамалау, оқыту семинарларын өткізу;
  • компанияның қаржылық жағдайы түсініксіз (сайтта құжаттар жоқ, инвесторлар үшін ақпаратты ашатын бөлім жоқ). Бұл белгілер қаржы пирамидасының болуы мүмкін екенін көрсетуі мүмкін, бірақ қызмет тарихы жоқ көптеген жаңа ұйымдар ұқсас жағдайда болуы мүмкін.

 IV кезең – қаржы пирамидасын бұзу. 

  • жағымсыз ақпарат түсуінің өсуі және салымшылар арасында дүрбелеңнің туындауы, салынған қаражатты қайтаруға жаппай талап қою, ұйымның банкроттығы. Бұл күйзеліс жағдайындағы кез келген қаржы ұйымына тән;
  • меншікті активтері, компаниядан және қашып кеткен ұйымдастырушылардан ресми ақпарат болмаған жағдайда, салынған қаражаттың кем дегенде бір бөлігін қайтарып алуға мүмкіндік болмайды, қылмыстық істер мен сот талаптары қозғалады;

кезең – қаржы пирамидасының жандануы (ребрендингі). 

  • салымшылардың бұрынғы ортақтығын, бұрынғы аңызды қолдану; 
  • пирамиданы жандандыру, жаңа салымды көбейте түсу және салынған қкаражатты қайтару үмітін ынталандыру;
  • бұрынғы міндеттемелерді қабылдау.

Аталған белгілердің кәсіпкерлік қызмет үшін де тән болуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты қаржы пирамидасының барлық белгілері  негізгі және қосымша болып жіктеледі. Негізгі белгілері ретінде қаржы пирамидасын айқындайтын маңызды сипаттарды түсінеміз, оларсыз схеманы осы ұйым түріне жатқызу күмән тудырады. Қосымша белгілері ретінде қаржы пирамидасына және кәсіпкерлік қызметке, оның ішінде қаржы нарығында тән болатын сипаттарды түсінеміз. Бұл сипаттары қаржы пирамидасының белгілерінің бар екендігі туралы белгі беруі мүмкін, бірақ бір жақты қаржы пирамидасы ретінде түсіндіріле алмайды.

 Қаржы пирамидасын құрғаны үшін ҚР ҚК 217-бабы бойынша мүлікті тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ белгілі бір лауазымдар бойынша қызмет ету немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске саламыз.

Сізді қаржы пирамидасына тартқан жағдайда, абай болыңыз. Оны мына белгілері арқылы танып-білуге болады: 

  • Кіріс жарнасын енгізуді ұсынады;
  • Нарықтық деңгейден бірнеше есе артық жоғары пайда табатыныңызға кепілдік береді;
  • Интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жарнама кампаниясы арқылы салымшыларды белсенді түрде тартады;
  • Басқа клиенттерді тартқаны үшін сыйақы беруді уәде етеді;
  • Компанияның қаржылық жағдайы туралы нақты ақпарат болмайды;
  • ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген халықтың ақшалай салымдарын тартуға арналған лицензия немесе бағалы қағаздар нарығында қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болмайды.

 Өзіңізді, өз ақшаңызды сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!

white-arrow Тізімге