Нақты оқиғаларға негізделген: алаяқтар жастардың аңғалдығын қалай пайдаланады?

time 20.06.2022
aye 5345
Нақты оқиғаларға негізделген: алаяқтар жастардың аңғалдығын қалай пайдаланады?

ІІМ мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда (1179 қылмыстық құқық бұзушылық) өткен айда интернет-алаяқтықтар саны 8 есеге өскен (8240 қылмыстық құқық бұзушылық). Алаяқтар интернеттен қосымша қаражат табу мүмкіндігін жиі іздейтін жастарды белсенді түрде тартады.

Алаяқтар әлеуметтік желілер немесе мессенджерлерде (Telegram немесе  WhatsApp) арнайы аккаунттар құрып, жастарға, жиі жағдайда студенттерге әртүрлі сылтаумен аз уақыт ішінде оңай олжа табуды ұсынады. Мысалы, геосаяси жағдайға байланысты олар банкте өз қаражаттарын тікелей шығара алмайды, туыстарынан немесе шетелдегі достары жіберген ақша аударымдарына байланысты уақытша қиындықтарға тап болған және т.б. Бір сөзбен айтқанда, оларға ақшаны шығару үшін көмек қажет, есесіне сыйақы беруге уәде етеді. Олардың мессенджердегі тобына кіргеннен кейін жастар әрі қарай не істеу керектігі туралы нұсқау алады. Әдетте қаскүнемдер банктерден бір не бірнеше шот ашуды өтінеді, оларға алаяқтар белсенді түрде ақша аударады. Әрі қарай осындай әрекеттің құрбаны болған адамға шоттардан барлық қаражатты шығарып алып, оны бір ортақ шотқа аудару, ал өзіне сол ақшадан біраз пайыз, мысалы 100-150 мың теңге алып қалу туралы нұсқау беріледі.

Қылмыскерлер өздерінің пайдакүнемдік мақсаттары үшін жастарды пайдаланады, себебі жастар ақша табу үшін бәріне дайын, тәжірибелері аз болады әрі көп жағдайда ақпаратты тексермейді. Түбінде құқық қорғау органдары тергеуді бастап, қаржы алаяқтары іс-әрекеттерінің тұтастай тізбесін анықтайтын уақытта «байғұс» студенттерге шығады, ал оларға алаяқтарға көмектескендері үшін айып тағылады. Осы әрекеттері үшін жастарға нақты мерзім берілуі мүмкін. Әрине, студенттердің орнында желіде ақша тапқысы келетін кез келген адам болуы мүмкін. Алаяқтық үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында жазаның көзделетінін атап өткен жөн.

Жазда көптеген студенттер қосымша жұмыс іздейді. Алаяқтар осыны пайдаланады. Қаскүнемдер студенттерге жұмыс тәжірибесін немесе белгілі бір дағдыларды талап етпестен жақсы жалақы төленетін, «үйде істеуге болатын»  жұмыс ұсынады. Алайда жұмысқа орналасу үшін жастар банкте шот ашып, қашықтан қызмет көрсетуді қосып, жалақы аудару үшін жұмыс берушілерге жеке және төлем деректерін беруі керек. Нәтижесінде жастар жұмыссыз және жаңа кредиттермен қалады, оларды жалған жұмыс берушілер ресімдейді.

Немесе тағы бір нұсқа – алаяқтар студенттерді жұмысқа қабылдайды және сенімді қарым-қатынас орнатып, ортақ бизнес ашуды немесе жоғары табысты инвестициялық жобаға қатысуды ұсынады. Бұл үшін жастарға аз ғана ақшалай жарна салу керек. Алаяқтардың айтуынша, салынған барлық қаражат жүз есе қайтарылады. Бірақ көптеген «инвесторлардың» жинақтары да жоқ, олар ақшаны ата-анасынан, туыстарынан алады. Не олар банктерде немесе МҚҰ-да кредит ресімдейді және өз «серіктестеріне» қаражат береді. Алаяқтар қалаған нәрсесін алып, барлық ақшамен жоқ болып кетеді. 

Толығырақ « Абайлаңыз, алаяқтар» бөлімінен оқыңыздар

white-arrow Тізімге