Жастар жиі жіберетін 5 қаржылық қателік

time 30.03.2023
aye 3779
Жастар жиі жіберетін 5 қаржылық қателік

Балалық шақтың бейқам әлемінен ересек өмірге көшу жастар үшін әрдайым ауыртпалықсыз бола бермейді, әсіресе қаржы жағынан. Жастарға тән максимализм, барлығына бірден қол жеткізуге деген ұмтылыс көбінесе бірдей қаржылық қателіктерге әкеледі.

1. Бюджетті тиімсіз жоспарлау

Ұрпақ неғұрлым жас болса, соғұрлым олар ақшаны үнемдеу немесе кейінге қалдыру туралы аз ойлайды. Жастар шәкіртақыны немесе жалақысын бірнеше күнде жұмсап тастап, қалған күндер айдың соңына дейін өлместің күнін көруі мүмкін. Бұл көбінесе бюджетті тиімсіз жоспарлаудың салдары. Сондықтан, жас буын өкілдеріне, әсіресе студенттерге ең алдымен өз шығыстарын бақылауды үйрену керек.  

Кеңес: Өз кірісіңізді (шәкіртақы, ата-ана бөлетін қаражат, жалақы және т.б.) міндетті және қосымша шығындарға бөліңіз. Міндетті шығындардан кейін өзіңізде қанша ақша қалатынын есептеңіз, оларға азық-түлік, коммуналдық қызметтер, интернет және мобильдік байланыс, көлік шығыстары жатады. Қалған қаражатты күнделікті шығыстарға бөліңіз. Жеке қаражатыңызды бақылау – тиімді жинақтауға, ұтымды жұмсауға және жақсы өмір сүруге жасалған алғашқы қадам.

2. Табысынан артық жұмсау

 Заманауи  жастар тауарлар мен қызметтерді белсенді тұтынушылар болып табылады. Өктем жарнама, әр түрлі маркетингтік амалдар, әлеуметтік желілердегі әдемі өмір насихаты – осының бәрі жастарды «трендте болуға» және соңғы үлгідегі гаджеттер, бренд заттар сатып алуға, танымал мекемелерде уақыт өткізуге итермелейді. Ақша жетіспегендіктен жастар көбінесе тұтынушылық кредиттер ресімдеу арқылы «қарызға өмір сүреді». 

Алайда, табысты болу немесе табысты болып көріну бір нәрсе емес. Табыс елесі соңында кез келген адамды «кредит шырмауына» түсіреді. 

Кеңес : Қарапайым бір шындықты естен шығармаған жөн : кредит – болашақ есебінен өмір сүру ! Қарыз ресімдемес бұрын сізге бұл шынымен қажет пе, өзіңізге жауапты қаржылық міндеттеме жүктеуге дайынсыз ба, соны ойланыңыз. Жеке бюджетке қосымша ауыртпалық түсірмеуге тырысыңыз. Еліктіретін жарнамаға ермеңіз. Ешбір жағдайда «ескіні» өтеу үшін жаңа кредит алудың қажеті жоқ, оның үстіне талаптары айтарлықтай жақсы болмаса.

3. «Резервтік қордың» болмауы

Жастар бүкіл өмірлері алда деп санайды және қаржылық қауіпсіздік жастықшасы туралы ойлағылары да келмейді. Алайда жеке резервтік қорды қалыптастыруды жастайынан бастаса, онда болашақта өзін күтпеген қаржылық қиындықтардан қорғауға болады. Жеке резервтік қор – бұл белгілі бір ақша қаражатының сомасы, ол кем дегенде 6 айлық шығындардан құралуы тиіс, бір жылдық бюджеттен тұрса тіпті жақсы.

Кеңес: Жинақтаудың ең тиімді әдістерінің бірі – бұл банктік салым ашу. Егер сіз 20 жасыңызда, мысалы, ай сайынғы жалпы кірісіңіздің кемінде 10%-ын жинай бастасаңыз, онда белгілі бір кезеңге дейін қауіпсіздік жастықшасын құра аласыз.

Толығырақ "Кредиттер" бөлімінен оқыңыздар

Егер сіз қаржылық сауаттылық жөніндегі оқыту іс-шараларына тыңдарман ретінде қатысқыңыз келсе, онда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне «1459» нөмірі бойынша call-орталық арқылы немесе «Fingramota Online» мобильді қосымшасы арқылы жүгінуіңізге болады. Агенттіктің оқыту іс-шаралары тегін өткізіледі.

 

white-arrow Тізімге